«Риддер, біз біргеміз!» акциясы басталды

Облыста өрттен зардап шеккен Риддер қаласы, Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсету үшін қайырымдылық акциясы басталды.
«Риддер, біз біргеміз!» акциясы 10 мамырда болған өрттен кейін баспанасыз қалған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған.
Бұл ретте айта кету керек, облыстың барлық деңгейдегі әкімдіктерінің, басқармалары мен мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері біркүндік жалақысын Риддер қаласының «Бірлік» қорына аударуда.
Қазіргі уақытта облыс бойынша өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау науқаны ұйымдастырылды. Nur Otan партиясының облыстық филиалы #Birgemiz акциясын жариялады, акция шеңберінде бірінші қажеттіліктегі заттар, құрылыс материалдарын жинақтауда. Сонымен қатар өңірлік кәсіпкерлер палатасы қиын уақытта ешқашан шетте қалмаған Шығыс кәсіпкерлерін тағы бір мәрте өздерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін көрсетуге және риддерліктерге қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырады.
Облыс дінбасылары «Қайырымды болсаң, қайырымын өзің көресің» акциясын ұйымдастырды. Азық-түлік, ақшалай қаражат, киім және тағы басқа заттар «Халифа Алтай» мешітінде, сондай-ақ облыс қалалары мен аудандарының мешіттерінде қабылданады.
Айта кету керек, ШҚО ҚХА, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ «Жақсылықты бірге жасаймыз» еріктілер қозғалысы қалаға гуманитарлық көмек жіберді.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде облыс әкімдігінің атына өңірдің бұл жағдайға бейжай қарамайтын азаматтарынан да хаттар келіп түсуде. Мәселен, өскемендік кәсіпкер Исатай Ансат әкімшілік ғимарат пен учаскесінің қажетті бөлігін тұрғын үй ретінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, одан кейін зардап шеккен отбасыларының меншігіне беру үшін тегін беретіндігі туралы ниетін білдірген хат жариялады. Хабарламада айтылғандай, бұл – шамамен 3800 шаршы метр әкімшілік ғимараттан тұратын бұрынғы әскери бөлімнің ғимараты.
Сонымен қатар «Казцинк» компаниясы үйлері өртеніп кеткен барлық отбасыларға 1 миллион теңгеден бөлінетінін хабарлады.
Айта кетейік, оқиға орнына шұғыл жеткен облыс әкімі Даниал Ахметов жағдайды өз бақылауына алып, ешбір отбасы баспанасыз қалмайтынын жариялаған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта зардап шеккендерге материалдық қаражат жинау үшін «Бірлік» қорының шоты ашылған.
KZ094809KZT22031440
ЖСН (БСН) 141140013670