Риддерліктер спорт модулінің игілігін көреді
Риддер қаласында олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың жаңа мүмкіндігі пайда болды. Тұрғындарға мұндай керемет сыйды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне қала билігі тарту етті. Спорт модулінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев қатысты.
Риддердегі бұл жаңа нысан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей қолдауының арқасында бой көтерді. Аймақ басшысы «Қазцинк» ЖШС-мен ғимараттын қайта жаңғырту туралы меморандумға қол қойған болатын. Алғашында хоккей модулі ретінде салынғанымен, кейін құрылыс барысында жоспар өзгерді.
– Хоккей модулін салған соң, оны ұстап тұру өте қымбатқа түседі екен. Жылына шамамен 120-140 миллион теңге қаражат қажет. Ал бұл қала бюджеті үшін өте тиімсіз. Ал спорт модулі оған қарағанда бірнеше есеге арзан. Енді біз жеңіл атлетиканы, баскетбол, волейбол, футбол секілді спорт түрлерін дамытуға күш саламыз. Сонымен қатар, тренажер залы бар. Бокс, каратэ және күрестен жаттығулар өткізіледі. Көркем гимнастика секциясын ашуды да жоспарлап отырмыз. Әзірге Риддерде спорттың бұл түрі өте кенже қалуда. Қазіргі таңда тренерлермен сөйлесіп жатырмыз. Модульде күніне 200-ге дейін адам спортпен шұғылдана алады. Көрермен залы 234 адамға есептелген, – дейді Риддер қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиев.
Ашылуы Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген құны 180 миллион теңгені құраған жаңа нысанның лентасын қию құрметіне облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ольга Смольникова ие болды.
Кешеннің ашылу салтанаты 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасындағы шағын футболдан облыстық чемпионатқа ұласып, аймақтың түкпір-түкпірінен келген командалар бақ сынасты.
Гүлмира Асипова
Риддер.