Қоғам

Риддерліктер аймақ басшысына алғыстарын білдірді

Риддерліктер аймақ басшысына алғыстарын білдірді

Жуырда облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ атына риддерлік «Драйв-2» клубының мүшелерінен хат келіп түсті. Хатта клуб мүшелері автоәуесқойлар мен қарапайым риддерліктер атынан облыс әкімдігіне және тікелей аймақ басшысына деген өз ризашылықтарын білдірген.
– Осы жылы жүргізілген жөндеуден кейін Риддер – Өскемен жолы анағұрлым жақсарыпты. Біздің қала тұрғындары «көктемде осы трассада қармен бірге асфальт та еріп кетеді» дейді. Бұрындары жолдың кейбір жерлерінде жиекпен жүруге тура келетін, салдарынан шаң көтеріліп, жолды көру қиындайтын. Секисовка кенті маңындағы учаскеде жұмадан жексенбіге дейін көлік кептелістері пайда болатын. Келер жылдың көктемінде асфальт қармен бірге еріп кетпес деп үміттенеміз. Өйткені, бұл республикалық дәрежедегі жол, сондықтан оның жөнделуі де тиісті деңгейде болуы керек. Облыс әкімдігіне және Даниал Кенжетайұлының өзіне үлкен рахмет, себебі оның тікелей араласуы арқасында автотрассаға көптен күткен жөндеу жүргізілді, – делінген хатта.
Сонымен қатар, жуықта өткен облыстық мәслихаттың сессиясында облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазцинкмаш» ЖШС-нің директоры Александр Анчугин сөз алып, аталмыш жолдың жөнделуіне қатысты облыс басшысы Даниал АХМЕТОВКЕ ризашылығын жеткізген еді.
– Сізге автокөліктердің қозғалысын айтарлықтай жақсарта түскен жол жөндеу жұмыстары үшін тұрғындар атынан шексіз алғысымды білдіргім келеді. Жолдың жөнделуі туралы жақсы жаңалық автокөлік иелерін бір қуантып тастады, – деген болатын депутат.
Ерекше маңызға ие Өскемен – Риддер жолының аса қауіпті учаскелеріндегі орташа және күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталған. 105 шықырымдық жолды қалыпқа келтіру ісіне бес мердігер компания тартылды. Трасса заманауи технологиялардың көмегімен қысқа мерзім ішінде жөнделіп бітіп, оның бойында жаңа жол белгілері орнатылды. Жол жабындысы мемлекеттік стандарттарға сай келеді. Осындай жұмыстардың арқасында облыс орталығымен көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды. Енді жолшылар мен өзге де жауапты тұлғалар жол сапасын ұдайы тексеріп тұрады.
Риддер – Өскемен тасжолының жөнделуі инвестицияның өсуіне және туристік кластердің дамуына серпін бермек. Аталмыш дәліз Риддер арқылы Ресеймен халықаралық маршрутты жандандыруға, шағын және орта бизнестің дамуына да оң әсер етеді.
Атап өтерлік жайт, биыл Шығыс Қазақстанда 362 шақырым жолға түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 303 шақырымға орташа жөндеу жасалған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button