Риддерлік шенеунік көлігімен кісі қағып өлтірді
Өткен жексенбі, 15 сәуір күні Риддер қаласында адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл күні сағат кешкі тоғыздар шамасында шетелдік көлікті тізгіндеген жүргізуші 1999 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Бұл туралы ресми ақпаратты кеше Риддер қалалық әкімдігінде журналистерге арнап шұғыл брифинг өткізген облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев және облыс әкімі аппаратының жетекшісі Ринат Омаров мәлімдеді.
Облыстың бас полицейінің айтуынша, «BMW Х5» маркалы автокөлігі қаладағы Айдарханов көшесімен оң жақ ілеспе бағытта жолдың жиегінде кетіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан риддерлік жаяу жүргінші жедел жәрдем көлігі келмей тұрып, оқиға орнында мерт болған.
Оқиғаны жан-жақты тексеру барысында «BMW Х5» жеңіл көлігінің 45 жастағы жүргізушісі Бауыржан Құрманбаев мас күйде болғаны және Риддер қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істейтіні, көлігі қызметтік емес, өзінің жеке автокөлігі екені анықталды. Ол қазір Риддердегі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
– Бүгін таңертең біз қайтыс болған жігіттің үйінде болып, ата-анасына және жақындарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастық. Қолымыздан келгенше қолдау көрсетеміз. Қылмыстық іс облыс әкімі Даниал Ахметовтің ерекше бақылауына алынды. Тергеу, тексеру жұмыстары толық жүргізіліп біткен соң, соттың шешіміне сәйкес кінәлі адам заң аясында нақты жазасын алатын болады. Ешқандай жалтарып кету мүмкіндігі болмайды, – деді облыс әкімі аппаратының жетекшісі Ринат Омаров.
– Орын алған оқиғаға байланысты Риддер қалалық ішкі істер басқармасы Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3 бөлігі (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің берген тапсырмасына сәйкес аталған жол-көлік оқиғасын тергеу бастан-аяқ менің тікелей бақылауымда болады. Кінәлі адам міндетті түрде бас бостандығынан айырылады. Аталмыш іске қатысты барлық сұрақтар сот арқылы шешіледі. 48 сағаттың ішінде материал санкциялауға тергеу сотына жіберілетін болады, – деді Жанарбек Бақтыбаев.
Брифингте орынбасарының қоғамды дүрліктірген бұл ісі үшін «қала әкімі қызметінен кете ме, әлде қандай да бір жауапкершілік арқалай ма, риддерлік шенеуніктерге демалыс күндері өзін-өзі ұстауға, әдеп сақтауға байланысты түсінік жұмыстары жүргізіле ме, адам қағып кеткен шенеунік кейін босап шыққан соң, мемлекеттік қызметке қайта орала ма?» деген сауалдар да қойылды.
– Бұл қала бойынша үлкен қайғылы оқиға болды. Жәбірленуші тарапқа барлық қажетті қөмекті көрсетеміз. Ал заң бойынша соттың шешімін күтеміз. Одан соң заң аясында тиісті шешім қабылданатын болады. Мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл – жасы қырықтан асқан, ақыл тоқтатқан үлкен адам. Оның демалыс күнгі барлық тірлігін бақылап отыру мүмкін емес қой, – деп жауап берді бұл сұраққа брифингке қатысқан Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов.
Ақпарат ретінде айтар болсақ, марқұмның артында мектеп жасына дейінгі кішкене қарындасы қалған. Ал жерлеу рәсімінің шығындарын Риддер қалалық әкімдігі толықтай өздері көтеріп алып отыр. Жерлеу рәсімі бүгін өтеді.
Дәурен Аллабергенұлы