Қоғам

РИДДЕРЛІКТЕР ТУРИЗМДІ ҚОЛҒА АЛЫП ЖАТЫР

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткізілген брифингте Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой қала маңындағы «Проходной белок» деп аталатын алқапта  жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін туризм және Орта Азияда кәсіби спорт саналатын шаңғы спорты орталығының ашылатындығын мәлім етті. Бұл жобаның сметалық құжаттарын зерттеп, жүзеге асыру жұмыстары келер жылдан бастап қолға алынатын көрінеді.

– Аталмыш кешен Анатау аңғарының етегіне орналасқан. Сол арада шаңғы тебушілерді жоғарыға шығаратын арқан жолдарының төменгі станциялары, қонақүй кешендері мен инженерлік-техникалық құрылғылар орнатылатын болады. Бұл жер теңіз деңгейінен 850 метр биікте, Риддер қаласының негізгі коммуникациясы мен темір жолдан бар болғаны төрт шақырымдай ғана қашықта тұр, – дейді қала басшысы.

Сондай-ақ төменде орналасатын қонақүйлер кешенінде шаңғы курортының төртінші буынына жататын SKI-IN SKI-AUT-қа қойылатын талаптарды жеңіл түрде өткізуге болады екен.

Жаз мезгілінде бұл жерде жаяу және атты туризм, mountine bike, парапланеризм түрлерін белсенді дамытуға болады. Қаланың тап іргесіне орналасқандықтан бұл жерге жұмыскерлерді тарту да және оларға өз міндеттерін мінсіз атқаруы үшін қажетті дүниелерді жеткізіп беру де жеңіл. Сонымен қатар моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табатын болады.

–  Бұл жоба бойынша біздің кез келген деңгейдегі спортшылар жаттыға алатын қысқы спорт түрлерінің жаттығу базасын ашуға, халықаралық деңгейдегі спорт сайыстарын өткізетін айлақтар салуға және өз тұрғындарымыз бен қала қонақтарының туризм және демалыстың белсенді түрлерімен айналысуына арналған орындар ашуға мүмкіндігіміз мол.

Риддер аймағының табиғаты өзінің әсемдігімен, саф ауасымен ерекшеленеді. Мұнда туризм саласын дамытудың әрі жылдан-жылға кеңейте берудің барлық алғышарттары бар, – дейді Дмитрий Горьковой.

Осы айдарда

Back to top button