Риддерге оңтүстіктен келіп, қоныстанып жатыр

Кеншілер қаласы Риддер 229 жасқа толды. 31 мамыр күні қала халқының қуанышына арналып мерекелік, спорттық іс-шаралар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, шаһардың кішкентай тұрғындарына бөбекжай-балабақша есігін айқара ашты.
Бөбекжай есігін айқара ашты
Қаланың төртінші ауданында ашылған жекеменшік балабақшаның ерекшелігі сол – мұнда сәбилер бір жастан бастап алынады. 150 орындық бөбекжай-балабақша бұрынғы балабақшаны қайта жаңартып, күрделі жөндеу жүргізген ғимараттан ашылып отыр.
Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов өткен жылы Риддер, Өскемен, Астана қаласының бизнесмендеріне мемлекет-жекеменшік серіктестік негізінде балабақша салу жөнінде ұсыныс тастап, қала үшін күрделі мәселе күйінде қалып келе жатқан бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін осылай шешуді қолға алған екен. Жергілікті жерден ынта білдірушілер табыла қоймағанымен, өскемендік жас кәсіпкер Расул Курбанов балабақша ашу туралы бизнес жоспарын алып келіп, өткен жылдың күзінен бастап ескі ғимаратты жөндеуге кірісіп кетіпті.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша кәсіпкерге балабақша ғимаратын жаңартуға «Даму» қоры арқылы жеңілдікпен төрт пайыздық несие берілген.
Қала әкімі Жомарт Мұратов бөбекжай-балабақшаның ашылу салтанатында шаһарда жүзеге асырылып жатқан мемлекет-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында жекеменшік балабақшалар алдағы уақытта да салынатынын, соның ең алғашқысы осы – «Детская планета» мектепке дейінгі балалар мекемесі екенін атап айтып, моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген қаланың көркеюіне кәсіпкерлер де атсалысып отырғанын баяндады.
Балабақшаны ашу лентасын қиған «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Надежда Климова мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Клавдия Шушакова жыл сайын жаңарып, өркендеп келе жатқан риддерліктердің әр ісіне табыс тіледі.
– Бұдан ондаған жылдар бұрын қала әкімінің орынбасары болған кезімде балабақшаларды оңтайландырудың желеуімен балабақша біткенді түгелдей жабуымызға тура келген болатын. Сондықтан бүгін мен үшін сол балабақшаларды қайтадан ашып жатқанымыздың куәсі болу – ерекше қуаныш,- деді Клавдия Шушакова.
– Ай сайынғы төлемақы – 12 мың теңге. Балабақша қызметкерлеріне еңбекақы бюджеттен төленеді. Қалалықтардың біраз бөлігі Тишин кенішінде күні- түні, ауысыммен жұмыс істейді, соған орай, егер қажеттілік болып жатса, тәулік бойы жұмыс істейтін топ ашамыз,- дейді кәсіпкер Расул Курбанов.
Жайлауда тұрып жатқандаймыз

Риддерге барған сапарымызда оңтүстік облыстардан көшіп келіп, осындағы жаңа баспаналарға қоныстанған отбасылардың шаңырақтарында болып, олармен әңгімелесудің де сәті түсті.
Риддер – халықты жұмыс орындары жетпей жатқан оңтүстік облыстардан солтүстік облыстарға қарай қоныстандыруға орай құрылған мемлекеттік бағдарламаның қанатқақты жобасы жүзеге асырылып жатқан алғашқы моноқала. Өткен жылдың қараша айынан бері оңтүстіктегі өңірлерден кеншілер қаласына 94 жаннан тұратын 29 отбасы көшіп келіпті. Қазір олар қаланың Островский көшесіндегі жаңадан салынған көппәтерлі тұрғын үйде тұрып, еңбек етіп жатыр. Көпқабатты, көрікті жаңа үйдің алдында асыр салып ойнап жүрген мектеп жасындағы кішкентай ұл-қыздарға қойған: «Қай жақтан көшіп келдіңдер, балақайлар?» деген сауалымызға «біз – Шардарадан, біз – Қордай жақтан, мен -Жаңақорғаннан» деп жатты олар тұс-тұстан жамырай.
Үш баланың әкесі Бауыржан Көшеков (төменгі суретте) Риддерге Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Шиелі ауылынан көшіп келіпті. Мамандығы – мұнайшы – технолог. Өзі қазір Тарбағатай ауданындағы «Тарбағатай мұнай» ЖШС-де вахталық әдіспен барып-келіп жұмыс істеп жүрсе, жары Сәулеш Изықұлова қаладағы «Шаңырақ» мектебінде ағылшын пәнінен сабақ беріп жүр. Мектепте оқитын Айшолпан, Қайырлыжан, Қыдырәлі есімді ұл-қыздары соңғы қоңыраудан соң демалысқа шығып, жуықта үйдің кішкентайы қонаққа келген апаларына еріп, туған жері Шиеліге кетіпті.
Сәулеш Шиеліде тұрғанда көршілес ауылдың мектебіне қатынап жүріп жұмыс істеп келген көрінеді. Уран кеніші маңында орналасқан ауылдың экологиялық ахуалы да оңып тұрмағандықтан, «шығыстағы Риддерде баспана, жұмыс бар» дегенді естіген соң, өтініш жазып, осы жаққа көшуге біржолата қамданады.
Кеншілер қаласы жас отбасын жатырқаған жоқ. Қыста пәтерлері жылы болыпты. Жалға берілген 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерге ай сайын бес мың теңгеден төлемақы төлеп отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласынан келген Гүлдар Қойжігітова мен Марат Наганаевтардың (жоғарыдағы суретте) кішкентай қызы Әминамен бірге Риддерде тұрып, жұмыс істеп жатқандарына да жарты жыл өткен. Қаладағы ауруханада электрик болып істейтін Марат әйелімен бірге көкөніс сататын дүңгіршек ашып, қосымша табыс көзі боларлық кәсіппен де айналысуда.
– Қашаған кенішінде жұмыс істеп жүріп, жұмыссыз қалған соң, отбасыммен бірге Риддерге қоныс аудардым. Риддер бізге өзгеше әсер қалдырды. Қалаға келе жатып, жол бойы осы өңірдің табиғатына тамсанып, таңданумен болдық. Биік шыңды қиялаған қарағайын да, аршасын, шыршасын да көріп, әлі күнге дейін баламызбен бірге қызықтаумен келеміз. Қазақстанымыздың осындай таңғажайып табиғат аясында орын тепкен Риддер қаласы мен үшін қазақтың кең жайлауындай, қалада емес, жайлауда тұрып жатқандаймыз. Еңбек етіп, отбасымды жеткізіп, Отанымыздың өркендей беруіне титтей де үлесімізді қоса алсақ деген арман- тілегіміз бар, – дейді риддерлік Марат.
Жұмыс орнын ұсынып, баспана беріп, мамандығы жоқтарды қайта оқытып даярлап жатқан мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша оңтүстік облыстардан Риддер қаласына көшіп келуге ниет етіп отырғандардың саны бүгінде 418 отбасына жетіпті. Бірақ биылша Риддер 52 отбасын ғана қабылдай алады.
-Қазіргі уақытта Риддерде тағы да төрт көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Күзде 60 пәтерлік бір тұрғын үй толығымен бағдарламаға қатысушыларға – өзге облыстардан көшіп келетін жұмыссыз жастар отбасына беріледі. Біздің қалаға әсіресе, математика, тарих пәндерінің мұғалімдері, дәрігерлер өте қажет болып отыр. Бір отбасының екінші мүшесіне жұмыс табылмай жатса, қайта даярлықтан өткізіп, жаңа мамандықтарды оқытып жатырмыз. Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы жұмыспен қамту орталықтары арқылы ондағы жұмыссыз отбасылармен арнайы бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің алдын ала келісіп, тілдесуіне мүмкіндік туғызып, бағдарламаның талаптарын, мұндағы жағдайларды түсіндіріп жатырмыз, – дейді Риддер қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Анастасия Абрашитова.
Бүгінде қазақтар Риддер тұрғындарының 12,7 пайыз үлесін құрап отыр. Оңтүстіктен келіп жатқан көш алдағы уақытта олардың санын әжептәуір арттырары да анық.
Күріш қосылған нан жеп көрдіңіз бе?
Риддердегі «Прогресс» дүкенінде сатылып жатқан нанды алу үшін қалалықтар кәдімгідей кезекке тұрады екен. Өйткені, мұнда аузыңа салсаң ери жөнелетін ерекше нан-күріш ұлпасы қосылып пісірілген нан сатылады. Ол қаладағы кәсіпкер Сергей Антроповтікі.
Наубайхана іші тап-таза. Иісі мұрынды жарған ып- ыстық домалақ нанды үзіп аузымызға салғанымызда-ақ үлбіреген нанның айрықша дәмін бірден аңғардық. Наубайхана технологтары күріш ұлпасы қосылып жасалған бұл нанның дәмі ғана емес, қасиеті де керемет адам ағзасына қажетті көптеген дәрумендер мен белоктарға бай екендігін айтып берді.
Еліміздегі моноқалаларды дамыту бағдарламасының шапағатын көріп отырғандардың бірі – осы Сергей Антропов. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында төрт пайыздық өсіммен несие алған кәсіпкер 35 миллион теңге қаражат қаржыға наубайхана, кондитерлік цех және дәмхана құрал-жабдықтарын толығымен жаңалап, өндіріс көлемін, өнім түрін ұлғайтқан.
Наубайханада күніне 800 келі нан өндіріледі. Бірақ мұның өзі риддерліктердің қажеттілігін жабуға жетпей отыр. Қалада наубайхана жоқ емес, көп. Сөйтсе де, «Волнаның» тіл үйірген нан, тоқаш өнімдері бірден өтіп кетеді. Жұрттың орталықтағы дүкенге «Волнаның» наны келген беті кезекке тұратыны сондықтан екен.
Кен қорының молдығы – қаланың келешегі
60 мыңға жуық тұрғыны бар Риддер шаһарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы «Қазцинк» ЖШС-не қарасты осындағы Риддер металлургия кешенінің жұмысымен тікелей байланысты. Риддердің маңында компанияның он құрылымдық бөлімшесі, оның ішінде үш бірдей үлкен кеніші жұмыс істеп тұр. Қала, облыс экономикасының, халқының өркендеуі осы өндірістердің келешегімен ертеңімен екшеленіп, есептеледі.
Ал қорғасын, мырыш, кадмий, күкірт қышқылын өндіріп, экспорттайтын Риддер металлургия кешенінің, жалпы «Қазцинк» компаниясының өзінің болашағы осы өнімдерді алып отырған кен қорына, минералды шикізат базасына тікелей тәуелді.
Металлургия зауытына қажетті қазба орындарына, ондағы кен қорына геологиялық барлау жүргізіп, зерттеп, «Казцинк» ЖШС тапсырыстарын орындап жатқан Риддердегі мердігер кәсіпорын – «Геолен» ЖШС бас геологы Юрий Олейник осы аймақтағы жаңа қазба орындарының болашағы туралы айтып берді. Байырғы геологтың айтуынша, Риддердің маңында полиметалл қазба орындары жеткілікті. Қазір алты қазба орнының кен қоры зерттеліп, бекітіліп отыр. Болашақта жаңа кеніш ашуға мүмкіндік беретін олардың бәрі Риддердің маңында орналасқан. Чекмарь, Новолениногорск, Обручев, Бахрушинск, Стрижанское, Долинное қазба орындарындағы полиметалл кені аса тереңде жатпағандығымен де ерекешеленеді.
Старков, Шығыс Старков қазба орындарын да әрі қарай зерттеп, ондағы кен қорын анықтап, бекітудің маңызы зор десті риддерлік геологтар. «Геолен» ЖШС геологтары енді Габриэлев қазба орнына барлау жұмыстарын жүргізуде. Аталған қазба орны аса үлкен емес болғанымен, онда мыс пен қорғасынның, мырыштың көлемі мол екені болжаныпты.
«Геолен» ЖШС мамандары кен орындарын іздеуде көбінесе геохимиялық зерттеу тәсілдерін қолдануда. Ежелден келе жатқан бұрғылау әдістері де қолданылып жүр. Обручев, Долинное, Новолениногорское қазба орындары геохимиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған. Қазба орындарының құпиясын осы тәсілмен табуға үлкен үлес қосып келе жатқан тәжірибесі мол геолог-геохимик Светлана Махонина, өкінішке қарай, өздерінің артынан ерер шәкірттерінің жоқтығына қынжылды. Геолог мамандар болғанымен, оларды жұмысқа орналастырып, кәсіпорындағы маман санын көбейтуге қаржы жетпейді, тапсырыс азайып барады. Бір кездері бірнеше топтан құралған Лениногор геологиялық барлау экспедициясының орнын басып, атқарған жұмысын жалғастырып отырған «Геоленде» қазір бар- жоғы он шақты ғана геолог бар. Соған қарамастан қарт геологтар кенді Алтайдың шың, құзын кезіп, шарлаудан, қазына іздеп, барлаудан шаршаған емес.
Жанаргүл Мұқатай