РИДДЕРДЕГІ ҚАНДАСЫҢ ҚАЛТАРЫСТА ҚАЛМАСЫН…
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Жастайынан спортпен айналысып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген жерлес азаматтар арамызда баршылық. Спорттың қай түрімен болмасын айналыса жүріп жиған-терген тәжірибесі мен көрген-білгенін өсіп келе жатқан жас буынмен бөлісіп, «Солар өссе екен, осылар еліміздің даңқын асқақтатса екен!» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін жігіттер де жоқ емес. Бірақ ондайлар саусақпен санарлықтай ғана.
Сондай бірегей азаматтардың бірі – өзіміздің Күршім ауданына қарасты Қойтас ауылынан шыққан Қуаныш Баяндин деген ұлтжанды азамат.
Қуаныштың бала күнінен көкірегіне ұя салған: «Қазақтың қара домалақ балаларынан жасақталған футбол командасын құрып, болашақта солар жеңіс тұғырынан көрініп, ұлтымыздың мерейін үстем етсе!» деген арманы бар болатын. Ол сол арманының жолында аянбай тер төкті. Сол жолда жолыққан сан түрлі кедергілер мен тосқауылдарды бұзып-жарып дегеніне қол жеткізді.
Оның ендігі мақсат-мүдделерінің бірі – Риддердегі қазақ балаларын спорттың футболдан да басқа түрлеріне баулып, бапкер жемісін көру.
Жыртық доппен басталған жаттығулар
Таяуда Риддерде болған сапарымызда Қуаныштың өзімен жолығып ел жайлы, ел спортының кешегі-бүгінгі ахуалы мен болашағы жайлы әңгімелескен едік.
– Қуаныш, өзің Күршім өңірінің перзенті екенсің, Риддерге қашан, қалай кеп қалғансың?
– Рас айтасыз, мен Күршімнің Қойтас ауылынанмын. Сонда туып, сол жерде балалығымыз өтті. Біз ол жақта салыстырмалы түрде алғанда әжептәуір ауқатты тұрдық.
Жанұялық шаруа қожалығымыз, біраз ірі қара, жылқы, қой дегендей малымыз болған. Содан жанұямызбен ақылдаса келе иелігіміздегі шаруашылықты, оған тиесілі жерлер мен азын-аулақ техниканы, малымыз бен тұрып жатқан үйіміздің барлығын сатып 2008 жылы Өскеменге көштік. Ол кезде әкем жарықтық тірі. Бүкіл жиған-тергеніміз Ахмер ауылынан қора- жайымен жеті-сегіз бөлмелі үлкен үй салуға жетті. Үйді салуын салғанмен, қолайлы жұмыстың ыңғайы келе қоймады.
– Негізгі мамандығың кім еді?
– Мен Өскемен педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетін тәмамдағам. Спорт пәнінің мұғалімімін. Сол кезде «Риддерде спорт саласының мамандары жетіспейді екен» дегенді естіген едім. Сол жерде Сәуле Шаяхметова деген ұлтжанды замандасымыз басқарып отырған «Шаңырақ» деп аталатын жалғыз қазақ мектебі бар екен. Әуелі сол кісіге хабарласып, Өскеменге келгенінде жолығып әңгімелесуге уағдаластық. «Риддердегі қазақ спортын дамытсақ» деген екі жақты ойымыз бір межеден шығып, ол кісі жұмысқа қабылдайтын болды. Осылайша Риддерге кеп қалған жайым бар.
– Бұл қай кезең еді?
– 2011 жылдың соңы болатын. Мен 2012 жылдың қаңтарынан бастап қызметке кірістім. Бастапқыда бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүрдім. Ал қосымша спорттық секцияларға ешқандай еңбекақы төленбеді. Өйткені ол бір сондай қиындау, өліара кезең болатын. Мақсат-мүддеміз бір болғасын оған екі жақ та түсіністікпен қарай білдік.
Алғаш келгенде ешқандай спорттық құрал-жабдықтар болмады. Спортзалға кірсем, бір бұрышта жартылай желі шыққан, жалғыз баскетбол добы жатыр екен. Оның өзі әбден тозған, жыртық-жыртық. Ал директормен әңгімелескенде: «Не керектің бәрі бар!» деген ғой.
– Сәуле Мәдиқызы, сіз «Спорттық құрал-жабдықтар сақадай-сай!» деп едіңіз, – десем.
– Ой, Қуаныш Сіләмханович, ең бастысы, өзіңіздей маманымыз бар. Ал құрал-жабдықтың жарасы жеңіл, ертең-ақ сатып ала саламыз. Аталарымыз «Көш жүре түзеледі» деп бекер айтты ғой дейсіз бе?» деп күледі.
– Сонымен қызметке кірістің?
– Иә, ең әуелі біріншіден төртінші сыныпқа дейінгі спортқа бейімі бар-ау деген балалардың барлығын жинап, сынақтан өткізе бастадық.
– Ол қандай сынақ?
– Енді, балалардың төзімділігін, шапшаңдығы мен күш-қуатын, спортқа бейімділігін, т.б. қырларын тексеретін жаттығулар мен норматив түрлері көп қой. Ол сынақтарға балалардың шыдағаны шыдап, шыдамағандары біртіндеп қаша бастады. Ақыры, екінші сыныптан он шақты ғана бала қалды. Олар сол 2003 жылы туған, 9 жасар балалар екен. Риддердегі алғашқы жаттықтырушылық еңбегімді солармен бастадым.
– Айлық жалақыларың қанша еді сол кезде?
– Ең алғашқы жалақыма 45 мың теңге алдым. Сол ақшамның 30 мыңына Өскеменге барып әрқайсысы 3 мың теңге тұратын, сапасы жақсы 10 доп сатып әкелгенім әлі есімде. Осы уақытқа дейін көзімнің жеткені спортқа бейім балалардың барлығы дерлік, жағдайы төмен, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, кедей отбасыларынан шығады екен.
– Солай ма?
– Иә, байыптап байқап қарасаңыз, бұл өзі бір қағида секілді. Өзіңіз «Байлықта, тоқтықта өскен басшы-қосшылардың, бай-бағландардың балаларынан чемпион шығыпты» дегенді естіп көрдіңіз бе?
Қазақтың аяғы да, қолы да ұзын
Алғашқы уақытта көп кедергілерге тап болдық. Спорттық құрал-жабдықтарымыз жеткіліксіз, балалардың бірыңғай формалары жоқ. Жарыстарға бару үшін әжептәуір қаражат керек. Сондай қиын кезеңде, осындай қиындықтарға қарамастан, өздері жоқ боп жүрсе де тыраштанып, қарызданып-қауғаланса да біздерге жаңағы жағдайы төмен отбасылары көмектесті. Оның үстіне халқының 90 пайызы өзге ұлттардан тұратын Риддер қаласында кілең қазақ балаларынан жасақталған футбол командасы құрылыпты дегенді естігендер қарадай жынданды ғой.
Алғашында бұған ешкім нанбай, «Қазақтар қайтып доп теппекші, олардың бойлары да, аяқтары да қысқа емес пе?» деп мысқылдап, мазақтап сөйлегендер де болды.
Ал футболда серейген ұзын бой тіптен рөл ойнамайды. Мысалы, атақты Мессидің бойы бар болғаны 165 см ғана. Марадонаның бойы да сол шамада болған. Футболда керегі ең алдымен ақыл, сосын шапшаңдық пен төзімділік, елге деген патриотизм, болды.
Құдайға шүкір деп сөйлейін. Біз сол қиындықтардың, мазақ-келекелердің барлығын талмай жасаған жаттығуларымыз бен табандылығымыздың, жұдырықтай жұмылған намысымыздың, төгілген тердің арқасында жеңіп, қазақ балаларының аяғы да, қолы да ұзын екендігін дәлелдей білдік.
2014 жылдан бастап біздің балалар облыс көлемінде жеңімпаз бола бастады. 2004-2005 жылдары туған төрт-бес шәкіртім облыс құрамасы «Алтай» командасының сапында ойнап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. 2003 жылғы бір балам қазір сол «Алтайдың» қақпашысы.
– Қазіргі күні Риддердегі спорт мектебінің директорысың ғой. Мектепте жүріп бұл жаққа ауысып кетуіңе не себеп болды?
– 2014 жылы қалалық әкімшіліктен хабарласып, спорт бөліміне бас маман керектігін айтты. Оған қабылдану үшін арнайы тест тапсыру керек екен. Ондағыларға менің кандидатурамды ұсынған менің бір оқушымның сол әкімдікте қызмет ететін әкесі екен. Содан «Бір ғана мектептің аясында жүріп футболды ғана дамытқанша неге Риддердегі қазақ спортын дамытуға үлес қоспасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, бір аптадай тестке дайындалып, жолым боп сүрінбей өтіп кеттім. Осылайша қалалық әкімдіктің спорт бөлімінде біраз жыл тәжірибе жинадым десем де болады.
Қуаныш Сіләмханұлы басшылық етіп отырған Риддер спорт мектебінің құрамында төрт спорттық нысан бар екен. Ол жерде спортқа бейім қала балалары спорттың 22 түрімен жаттығуларына барлық мүмкіндік жасалған. Аталған спорт түрінің бар болғаны бесеуі ғана Олимпиадалық спорт түріне жатпайды екен. Мектептің қазіргі штат кестесінде 100-дің үстінде адам еңбек етіп жатса, солардың 46-сы арнайы сертификаттары бар маман-жаттықтырушылар.
Қазір нарық заманы болғандықтан спорттық секциялар да, музыкалық үйірмелер де, қыл аяғы оқушылардың қосымша сабақтарына дейін ақылы екендігі баршамызға белгілі.
Ал енді спорт мектебі директорының айтуына қарағанда, Риддердегі төрт спорт ғимаратындағы 22 спорт түрінің қай-қайсысы болмасын еш ақы-пұлсыз, тегін. Шынымды айтсам, естіп отырып өз құлағыма өзім сенбедім.
Жемқорлық – дендеп алған дертпенен тең
– Кәке, өзің футболға бала күніңнен құштар екенсің. Әлем демей-ақ қояйық, осы біздің қазақ футболы неге дамымай қойды? Мемлекет қаражат жағынан қолдаудай-ақ қолдап жатыр. Ал ойындарын көрсең, ләззат алудың орнына, қарадай жүйкең тозады.
– Бұл жерде жауырды жаба тоқудың қажеті жоқ. «Барды бар, жоқты жоқ» деп шындықты айтуымыз керек. Қазақ футболы дамымай жатқан жоқ, дамытпай отыр.
– Қалайша, кімдер сонда дамытпай отырған?
– Егер мұны бір-ақ ауыз сөзбен айтар болсақ, қазақ футболын дамытпай отырған – жемқорлық. Мұны мен айтпасам да, жұрттың бәрі біліп отыр. Біріншіден, еліміздегі футбол клубтарын қаржыландырып, ұстап отыру жергілікті биліктің бюджетінен қарастырылған. Айталық, облыс футболына деп бюджеттен бөлінетін қаражат болашақ футболшыларға жетпей қалады.
– Неге?
– Себебі футболға деп бөлінетін қаражаттың қызығын тек қазіргі футбол ойнап жүрген клубтар ғана көреді. Оның өзін толықтай бөлмей, түрлі-түрлі «операцияларға» салады.
– Ол қандай операция?
– Біздің елдегі футболға қатысты шыққан соңғы заңға сәйкес бұрынғы КСРО құрамындағы ТМД елдерінің ойыншылары легионер боп саналмайды. Ал легионерлермен жасалатын келісімшарттардың тәртібі мен талап-тілектері мүлдемге бөлек. Олай дейтінім кез келген легионер келісімге қол қоярда «Мен осы клубта осыншама уақыт өнер көрсетіп, келісім соңына дейін осынша ойын өткізем және осы ойындар барысында қарсы команда қақпасына шамамен осынша гол соғамын» деген секілді мойнына міндеттеме алады. Сосын сол міндеттемесін орындау үшін барын салып ойнайды.
Ал ТМД мемлекеттерінен жалға алынатын ойыншылардың мойнында ондай міндеттемелер жоқ. Сосын ТМД елдері де жақсы ойыншысын беріп қоятын ақымақ емес. Жақсы ойыншы өздеріне де керек. Қолдарына қаржы тиген біздің «пысықай» делдалдар қайтеді дейсіз ғой? Олар белгілі бір елдің жасы 30-дан асып кеткен, қазіргі күні өз елінде сұранысы жоқ, ертеректе доп тепкенімен, тізімнен тыс ойыншыларды тауып алады да белгілі бір уақытқа, белгілі бір соманы 50х50 деп ұсынады. Ешкімге керексіз боп қалған бұрынғы футболшыға мұнан артық қандай ұсыныс керек? Оның үстіне мойнына алып жатқан міндеттемесі болмаса, ойын барысындағы 90 минутта қатты жүгіріп жан қинамай-ақ матчты өткізіп берсе болды. Өз есебі өзінде. Нәтижесінде, ол да разы, бұл жақтағы «пысықайлардың» да есептері түгел. Ал қазақ футболы гүл болмаса, күл болсын!
Міне, бұл тәсілді кез келген облыстық футбол клубтары қолданып, сыбайластықпен күн көріп келеді. Ең өкініштісі, бұл жемқорлық тек қазақ футболының ғана емес, тұтас қазақ спортын дендеп алған дерт. Мұнымен күресу де оңай шаруа емес. Дегенмен, «Жаңа Қазақстанның» болашағына сенгіміз келеді.
– Сонда, бөлінген қаржы жер-жерлерде жаттығып жатқан «болашақ футбол жұлдыздарына» жетпей қалады дейсіз ғой?
– Дәл солай. «Болашақ футбол жұлдыздары» демекші, осыдан біраз жыл бұрын «Ойбай, қазақ футболын өркендетеміз!» деп 20-30 қазақ балаларын футболы дамыған Бразилияға аттандырған болатынбыз. Өтірік айтпасам, екі толқын жіберілді. Мемлекет олардың жолына, жатар орны мен ас-ауқатына және т.б. шығындарына қыруар қаржы төледі. Оны газеттер де, әлеуметтік желілер де жерден жеті қоян тапқандай «сүйіншілеп» тұрып жазған болатын.
Қазақ футболын өркендететін сол балалар қайда қазір? Сіз Бразилияда оқып кеп, белгілі бір отандық клубта өнер көрсетіп жүрген бір баланың атын атап беріңізші. Атап бере алмайсыз. Себебі сол оқуға кетті деген балалардың өзі сау сиырдың боғы емес. Кілең таныс-тамыр, құда-жегжаттықпен тізімге ілінгендер.
Не олардың ол жақта оқыған-оқымағандығын, оқыса, оқудан соң елге оралып, алған тәжірибесі мен білім-білігін отандық футболға қосқан-қоспағандығын қадағалайтын тірі жан болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, сайда саны, құмда іздері қалмады. Құмға сіңген су секілді, далаға кеткен қайран ақша!
Мен айтар едім, біріншіден, өйтіп шығынданып, 20-30 баланы ол жаққа апарғанша, сол Бразилия мен Голландиядан, Франция мен Испаниядан он облысқа 10 бапкер алдырса, әлдеқайда тиімді әрі нәтижелі болар еді. Екіншіден, біздің жіберген балаларымыздың жас шамасы 14-15-те. Бұл дегеніңіз кез келген спортқа үлкен жас болып есептеледі. Бұл жаста балалардың икемі мен қайсыбір шапшаң қимылдары 7-8 жастағы жеткіншектерден әлдеқайда шабандау болады, буындары да қатып кетеді.
– Риддер қаласында ертеректе спорттың қысқы түрлері көп-көрім нәтиже көрсетіп, жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдап-қолпаштау да әжептәуір болатын. Қазір ол көрсеткіш жоқ, – дейді кейіпкеріміз.
Қазір Риддерде командалық спортпен қатар жекелеген спорт түрлері де, атап айтар болсақ, күрестің самбо, дзюдо түрлері, жүгіру, көркем гимнастика, қол күресі жақсы дамып келе жатқан көрінеді.
– Біздің мақсатымыз осы жеткіншектердің талабын ұштап, болашақта солардан чемпион шығару, – дейді Қойтастан шыққан ақкөңіл азамат.
Қоштасып тұрып Қуанышқа:
– Мақсат-мұраттарыңа жете беріңдер! – деген тілек білдірдік.