Қоғам

Риддердегі доданың мән-мағынасы артып отыр

Риддердегі доданың мән-мағынасы артып отыр


Риддерде шаңғы жарысынан Владимир Бухмейерді еске алуға арналған дәстүрлі дода мәресіне жетті. Осымен алтыншы рет ұйымдастырылған бәсекеге 207 спортшы мен 25 әуесқой шаңғышы қатысты.

Дәстүрлі жарыс өмірінің 33 жылын (1945-1978 жылдар) Лениногор полиметалл комбинатының (қазіргі «Казцинкмаш» өндіріс кешені) механикалық жөндеу базасын басқаруға арнаған Владимир Васильевич Бухмейерді еске алу мақсатында ұйымдастырылады. Мұны өндіріс орнының қазіргі басшысы Александр Анчугин айтты.

– «Казцинк» компаниясы облыс тұрғындары арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттауға қашан да зор мән беруде. Мәселен, Риддер қаласында шаңғымен жүгіретіндер көп. Сондықтан біз шаңғы жарысы мен биатлонға басымдық бердік. Кәсіпорнымыздың жұмысшылары арасында да шаңғымен жүгіретіндер аз емес. Арасында бұрындары аталмыш спорт түрімен кәсіби түрде айналысқандар да бар. Ал кей қатысушыларымыз шаңғыны аяғына алғаш рет 30-дан асқанда ғана байлапты. Жарысқа қатысуға ниет білдіргендерді бөліп жармаймыз, біз үшін олардың бәрі бірдей, – деген ол биылғы жарысқа «Казцинк» компаниясының 20-дан астам қызметкері қатысқанын мәлім етті.

Ал енді жарыстың өзіне келсек, осымен бірнеше жыл бойы В.Бухмейер мемориалындағы әйелдер сайысында «Казцинкмаш» өндіріс кешенінің инженер-сметашысы Галина Костромыкина жеңіске жетуде. Галина компанияішілік спартакиадаларда да үнемі үздіктер қатарында.

– Мені шаңғы спортына күйеуім әкелді деуге болады. Шаңғыға әуестігім бертін оянса да, қазір бұл спорттың қыр-сырын әбден меңгерген сияқтымын. Бухмейердің жарысына жыл сайын қатысамын. Мұнда әйелдер екі шақырым жүгіреді. Шынымды айтсам, өзімнің ең үздік нәтижем қандай екенін де білмеймін. Маған ол жағы маңызды емес. Таза ауада шаңғы тепкенге не жетсін?! – дейді Галина.

Оның сөзіне өндіріс кешенінің тағы бір қызметкері, бюджеттік бөлім экономисі Евгений Евдокин де қосылды. «Ең бастысы жеңіс емес», – дейді Евгений.

– Шаңғыға алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын тұрдым. Алғашында шаңғы жүрісінің классикалық түрін ғана білетінмін. Уақыт өте келе, коньки жүрісті де меңгердім. Ал негізі велоспортпен, оның ішінде кросс-кантримен шұғылданамын. Бірақ қыс айларында велосипедті қоя тұруға тура келеді. Сол кездері мен үшін шаңғы таптырмас ермек болады. Бүгінгідей жарыстардың бірнешеуіне қатыссам да, әлі жүлдеге іліккен жоқпын. Алайда мен үшін ең бастысы – өзімнің көрсеткіштерімді жақсарту, – дейді Евгений Евдокин.

Биылғы жарыс әдеттегідей «Сокол» стадионының іргесіндегі Александр Афанасьев атындағы шаңғы трассасында өтті.

– Кезінде осы бір жарыстың ұйымдастырылуына Александр Афанасьев екеуіміз мұрындық болғанбыз. Риддерде өзіне тән дәстүрлі шаңғы жарысы болуы керек деп көп жүгірдік. Міне, бүгінде сол еңбегіміз ақталып отыр. В.Бухмейерді еске алуға арналған жарысқа қатысушылар саны жыл өткен сайын артып келеді, – дейді жарыстың бас төрешісі Любовь Черепанова.

Оның айтуынша, додаға қатысушылар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, спорттық разрядтарды орындауға да мүмкіндік алады. Жалпы, кеншілер шаһарындағы жарыс үш трассада өткенін айта кеткен жөн. Оның біріншісі, яғни бес шақырымдық шаңғы жолы 2001-2004 жылғы жастарға арналған. Ал 2011 жылдан бері туған балғын спортшылар 800 метрлік қашықтықта өзара мықтыны анықтады.

– Менің жасым жетіде. Мұндай сайысқа алғаш рет қатысудамын. Жарыс алдында қобалжығаным рас, алайда бәрі ойдағыдай өтті. Өзімнің нәтижеме көңілім толады. Болашақта бұдан да жоғары көрсеткіштер көрсетіп, танымал шаңғышыға айналғым келеді, – дейді шаңғы спортымен былтырдан ғана шұғылдана бастаған талапты жас Элина Мусабирова.

Осы ретте ірі жарыстарға бірінші рет қатысып тұрған Элина бұл бәсекеде төртінші орыннан көрінгенін айта кеткен жөн.

Осылайша, Риддерде кезекті жарыс та мәресіне жетті. Бәсеке соңынан барлық жеңімпаз бен жүлдегерге «Казцинк» компаниясы атынан естелік сыйлықтар таратылды. Сондай-ақ бірқатар спортшы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button