Қоғам

Риддерде жыл соңына дейін 240 отбасы қоныс тойын тойлайды

Риддерде жыл соңына дейін  240 отбасы қоныс тойын тойлайды

Соңғы екі жыл көлемінде Риддер қаласында 42 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген-ді. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс биыл да лайықты жалғасын таппақ. Атап айтқанда, жыл соңына дейін кеншілер шаһарында тағы төрт көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 240 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.

Жаңа үйлер алыстан менмұндалап тұр

Риддерде жыл соңына дейін  240 отбасы қоныс тойын тойлайды

Бүгінде Риддер қаласының алтыншы ықшамауданы үлкен құрылыс алаңына айналған. Мұнда жоғарыда айтқанымыздай, жаңа жылға дейін төрт үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қаз-қатар тізілген бұл үйлердің әрқайсысына 60 отбасы кірмек.
Қала әкімінің орынбасары Сергей Харченконың айтуынша, шаһарда мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін тұрғын үйлердің құрылысы келер жылдары да жалғаспақ.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше мән бергені белгілі. Бүгінде Жолдауда айтылған іс-шаралар жоспары бойынша Риддер қаласының басшылығымен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы жылдары бізде «Қолжетімді баспана-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және аймақтарды дамыту бағдарламалары аясында он мыңдаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – дейді қала әкімінің орынбасары бізге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, алдағы бірнеше жылда шаһардың алтыншы ықшамауданы адам танымастай өзгермек. Мұнда, бүгінде құрылысы аяқталуға жақын төрт үймен қатар бірнеше ескі ғимарат та қалпына келтірілуде. Осы орайда алыстан менмұндалап тұрған бесқабатты жаңа үйлер сыртының түрлі түсті сайдингпен қапталуы сөзсіз ұтымды қадам болғанын айта кеткен жөн.
Мұндай ірі құрылысты өз мойнына алған мердігер компания – «Себанур» серіктестігінің маманы, учаске бастығы Еркен Қызбаевтың айтуынша, нысандардағы ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталған. Тіпті, пәтерлерге сантехника мен ас пісіретін плиталар да кіргізіліп қойған. Бір сөзбен айтқанда, пәтерлер тұрғындарды қабылдауға қазірдің өзінде әзір.
– Үш үйдің құрылысы былтыр басталған. Қазір олар толықтай дайын тұр. Енді бір-екі айдың ішінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы салынып бітіп, үйлердің айналасы абаттандырылады. Тұрғындар жаңа баспаналарына жыл соңына дейін кіреді деп жоспарлап отырмыз. Сол сияқты, қазір құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан төртінші үйді де биылдан қалдырмай пайдалануға беретін боламыз, – деген қала әкімінің орынбасары Сергей Харченко төрт үйдің біріне еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген ағайын ие болса, қалған үшеуінің пәтерлері жергілікті жердің халқына, жетімдер мен тұрмысы төмен отбасыларға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге таратылатынын жеткізді.
Қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Владимир Агафоновтың сөзіне қарағанда, бұл үйлердің әрқайсысына республикалық бюджеттен 430 миллион теңге жұмсалған. Яғни, төрт үйді салуға бөлінген қаражат бір жарым миллиард теңгеден асады.
Естеріңізге салайық, 2013 жылы Риддерде салтанатты жағдайда көпқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Островский көшесінде орналасқан сол 60 пәтерлік жаңа үйлерде бүгінде жылдар бойы баспанаға кезекте тұрған риддерліктермен қатар, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан көшіп келген отбасылар да тұрып жатыр.

Мұндай құрылыс соңғы 20 жылда болмаған

Қала әкімінің орынбасары Сергей Харченконың мәліметінше, бүгінде кеншілер шаһарында пәтер кезегінде тұрғандардың саны 1 300 адамнан асып жығылады. Демек, тұрғындарды баспанамен жүз пайыз қамту үшін әлі де ондаған көпқабатты үй салу қажет. Осыны қаперге алған қала басшылығы бұл бағытта қажетті жұмыстарды бастап та кетіпті.
– Тоғыз нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік. Оның төртеуі салалық ведомстволар мен Ұлттық экономика министрлігіне жіберілсе, қалған бесеуі «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-на жолданды. Қазір Риддердегі кәсіпорындармен және түрлі ұйымдармен Қазақстан ипотекалық компаниясымен келісімге отыру жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ендігі мақсатымыз – ипотекалық компанияның бағдарламасына қатысуға ниет білдірген адамдардың сұраныстары мен тілектерін білу, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Қазақстан ипотекалық компаниясы ел тұрғындарына баспана алудың айтарлықтай тиімді жолдарын ұсынып келеді. Оның шарттары бойынша пәтерлер бастапқы жарнасына қарай жалға беріліп, артынша несие алушы тұрғын үйді сатып алуға міндетті болады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй ала алмайтын адамдар үшін бұл, сөз жоқ, тамаша мүмкіндік.
Қазақстан ипотекалық компаниясымен жасалған келісім бойынша Риддердегі жаңа үйлер Островский мен Толстой көшелерінде бой көтереді деп күтілуде. Дәл осы аймақта болашақта денешынықтыру-сауықтыру кешені де пайда болмақ.
– Риддердің бас жоспары бойынша қалада тұрғын үй құрылысы тек толық жоспарлау жобалары бар ықшамаудандарда ғана жүргізіліп келеді. Жалпы, Риддер қаласында соңғы 20 жыл көлемінде мұндай ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп көрмепті. Сол себепті шаһарымызға инвестиция тартып, оның үлкен құрылыс алаңына айналуына септігін тигізген облыс және қала басшылықтарына бәріміздің де айтар алғысымыз шексіз. Ендігі мақсат – құрылыс нысандарын уақытынан кешіктірмей пайдаланысқа беру, – дейді қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Владимир Агафонов.

Қараусыз қалған ғимаратты да
кәдеге жаратуға болады

Дей тұрғанмен, Риддер қаласының басшылығы шаһардағы баспана мәселесін қаңырап бос тұрған ғимараттарды қалпына келтіру арқылы шешуге болатынын да әсте естен шығарған емес. Сол себепті, жергілікті кәсіпкерлерге жаңа көпқабатты үйлер тұрғызбаса да, кеңес одағы кезінде салына бастап, кейін құрылысы тоқтап қалған ескі ғимараттарды қалпына келтіріп, адамдардың тұруына жарайтындай мекенге айналдыру жөнінде оқтын-оқтын ұсыныстар жасалған-ды. Нәтижесінде осы ұсыныстарға үн қатқан бірнеше кәсіпкер табылды.
Оның бірі – Елтай Сәтеков. Негізі ол қаланың алтыншы ықшамауданында бос тұрған бес қабатты ғимаратты осыдан 12 жыл бұрын сатып алған. Алғашында кәсіпкер салынып бітпеген үйдің құрылыс материалдарын өзге бір мақсатқа жұмсауды ойластырыпты. Дегенмен, қала басшылығының кеңесінен кейін нысанның құрылысын соңына дейін жеткізуге бел буған. Болашақта бұл жерде 47 пәтерлі тұрғын үй пайда болмақ.
– Аталмыш нысан 60 пәтерлі үй болуы керек еді. Алайда, біз ғимараттың ішкі жоспарына біраз өзгеріс енгізіп, пәтерлер санын 47-ге дейін қысқарттық. Есесіне, бірінші қабаттан дүкен, шаштараз бен тіс дәрігері бөлмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Шынын айтсам, бұл жұмысты 2006 жылы бастамақ болғанмын. Бірақ сол жылдары басталған дағдарыстың кесірінен бұл жобамды кейінге шегере тұруға тура келді. Енді міне, арада тоғыз жыл өткенде сол ойымды жүзеге асырудың орайы келді. Әрине, мұндай ауқымды жұмысты бастауға Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов та айрықша ықпал етті. Қазір ғимараттың сейсмикалық төзімділігін зерттеп, осыған қатысты тиісті жұмыстар жүргізудеміз. Бұдан кейін үйдің төбесін шатырлайтын боламыз. Жалпы, қазіргі кезде бұл жердің басты мәселесі жылу трассаларының жоқтығы болып тұр, – дейді Елтай Сатеков.
Расымен де, кеңес одағы кезінде салына бастап, көп ұзамай құрылысы тоқтаған ғимараттарға инженерлік коммуникациялар сол қалпы тартылмай қалыпты. Қала әкімінің орынбасары Сергей Харченконың айтуынша, бүгінде шаһардың бесінші және алтыншы ықшамаудандары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылмаған. Сондықтан қалпына келтіріліп жатқан тұрғын үйлер үшін де, маңайдағы жекеменшік секторы үшін де бұл ең негізгі мәселенің бірі болып тұр.
– Қазір аталмыш проблеманы біржолата шешу үшін қажетті шаралар жасап жатырмыз. Атап айтқанда, жылу энергетикалық кешен нысандарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, осы маңайдан шағын қазандық салу, ғимараттарды қалалық жылу жүйесіне қосу сияқты амалдардың тиімділігін қарастырудамыз, – дейді қала басшысының орынбасары.
Көршілес орналасқан құрылыс нысанының жағдайы да осыған ұқсас. Бұл ғимаратты жергілікті кәсіпкер Асқар Оспанов осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алған-ды. Елтай Сатековтей бастапқыда құрылыс материалдарын басқа мақсаттарға пайдалануды жоспарлаған ол кейін келе ойын өзгертіпті. Қазір болашақ тұрғын үйдің төртінші қабаты салынып бітуге жақын.
– Негізі мен үшін бұл – жаңа кәсіп. Осыған дейін жолаушылар тасымалымен айналысып келгенмін, құрылыс саласынан бәлендей хабарым болмаған. Сөйте тұра, ғимаратты сатып алған соң, не де болса осы іспен айналысып көрейін дедім. Бұл шаруаға шамамен 60 миллион теңге жұмсадым. Енді жұмысты соңына дейін жеткізу үшін тағы 30 миллион теңгенің қаражаты қажет, – деген Асқар Оспанов мемлекеттен моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша несие алуды жоспарлап отырғанын айтады. Демек, аталмыш бағдарламаның арқасында оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, кәсіпкер қарызы бойынша 14 пайыздың орнына бар болғаны төрт пайыз төлеу мүмкіндігіне ие болмақ.
– Елтай Сәтеков пен Асқар Оспановтың үйлері келесі жылдың соңында немесе 2017 жылдың басында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы, осы екі нысанның көмегімен алты мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, баспана кезегінде тұрған риддерліктердің саны тағы 97 адамға азаяды, – дейді қала әкімінің орынбасары Сергей Харченко.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button