Қоғам

Риддерде қоқыстан мазут өңдейтін зауыт салынады

Риддерде қоқыстан мазут өңдейтін зауыт салынады


Риддер қаласын қоқыстан тазартып, жолдарын жөндеумен айналысатын «Эталон» ЖШС қалдық өңдеуге бет бұрмақшы. Риддер қаласына іссапармен барған облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш жобаны қолдауға әзір екенін атады.

Жаңа жылдан бастап еліміз бойынша қоқыс полигондарына тұрмыстық қатты қалдықтың оннан астам түрін төгуге тыйым салынбақ. «Қара тізімге» енген қалдықтардың барлығы – топырақ пен жерасты суына зиянды, ондаған жылдар бойы шірімейтін, көмірқышқыл өнімдері. Бұл мәселе Риддер қаласы әкімдігінің де бас ауруына айналуы мүмкін еді. Абырой болғанда, «Эталон» ЖШС пластик пен полиэтилен қалдықтарды өңдейтін жобаны қолға алған. Соның арқасында қаладағы негізгі қоқыс полигоны жабылмайтын болған екен.

-Қолданыстағы қоқыс полигонын жабу мәселесі туындаған болатын. Біз қордаланған материалды өңдеп, мазут шығармақпыз. Мазутты жазда шикізат ретінде пайдаланамыз. Ал қыста артылғанын өңдеп, дизель өндіреміз. Қоқыс сұрыптайтын желіні Ресейден, өңдейтін желіні Қытай мен Иранның бірінен аламыз, – дейді «Эталон» ЖШС директоры Виктор Стребков.

Экологиялық маңызға ие жобаны кәсіпкер өз қаржысына іске асырмақ.

-Бұдан бөлек жол жөндеумен айналысамыз. Содан түскен табысты жобаға саламыз. Сондықтан тендерлерден қалмауға тырысамыз, – деді кәсіпкер.
Жалпы, зауытқа қажет ғимараттар сатып алып, қондырғылар орнатуға 400 млн. теңгеден астам қаржы қажет. Биыл жазда компания Риддер қаласының аумағында жол жөндеу жұмыстарын өз қаражатына жүргізген екен. Енді соның өтеуін Астанадан күтіп отыр. Істелген жұмыстың ақысы толық қайтарылса, зауыттың іргетасын қалауға мүмкіндік тумақ.

-Әзірге біздің шотқа Астанадан 64 млн. теңге түсті. Әлі 100 млн. теңгеден астам қаражат төлеуі тиіс. Соны және өзіміз жинаған ақшаны қоссақ, жаңа зауыт орнатуға жетіп қалар деп отырмыз, – дейді Виктор Стребков.

Аймақ басшысы риддерлік кәсіпкердің бұл бастамасы бұған дейінгі қоқыс өңдеу жобасын ұсынушылардан ерекше екенін атады.

-Жобаның келешегі бар. Бәрі қалай бастайтындарыңызға байланысты. Мемлекет тарапынан «Даму» бағдарламасы бойынша 7 пайыздық несие бере аламыз, -деді Даниал Ахметов.

Зауыттың іргесі әлі қаланбаса да, электр қуатын беретін қосалқы станса орнатылып қойыпты. Нысан аумағында алты бірдей сұрыптау бекеті орнатылмақ. Сол бекеттердің күшімен жылына 30 мың тонна қатты қалдық өңделуі тиіс. Әзірше зауытқа шикізат ретінде полигонда қордаланған қалдық пен қала көшелерінен жиналатын қоқыстар пайдаланылады. Жоба авторы нысанның құрылысын жазушыға бастамақшы.

Кенді Алтайдағы шаһардың қалалық ауруханасына қарайтын 12 ғимараттың бірнешеуінің жасы жарты ғасырдан асып кетіпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов аймақ басшысына осындай проблеманы жеткізді. Оның айтуынша, аурухана кешеніндегі ең ескі ғимарат 1939 жылы, тағы бірі 1941 жылы қолданысқа берілген екен. Аурухана деген аты болғандықтан, кетеуі кеткен ғимараттарды жыл сайын жөндеудің өзі машақатты шаруаға айналып отыр. Жөндеуге шығын шыққанымен, нәтижесі шамалы.

– Жыл сайын жөндеуге деп қаражат бөлеміз. Оның өзі ілекер ғана деуге болады. Бұларды жермен-жексен етіп бұзайық деп отырған жоқпыз. Жарамды дегендерін жатақхана немесе әкімшілік ғимарат етіп пайдалануға болады. Орнына күніне 500 адамға қызмет көрсететін жаңа нысан салсақ, – деді Марат Шоранов.

Кешен аумағындағы емханадан бір ауысымда 385 адам ем қабылдауы тиіс. О бастағы жобалық қуаты сондай. Ал бүгін күн сайын денсаулығына шағым айтып келушілердін саны 670-680 адамға жетіп отыр. Басқарма басшысы 500 адамдық нысан бұл сұранысты артығымен орындайтынын айтты.

-Бұл, шынымен де, шешілуі тиіс мәселе. Облыс бойынша ескі аурухана Бородулиха ауданы мен сіздерде ғана бар. Көктемге дейін құрылыстың жобалық-сметалық кұжатына қажет 125 млн. теңге бөлеміз. Алдағы жылдары мынау қаусаған аурухананың орнына жаңа ғимарат беретін боламыз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының бұл шешіміне аурухананың 700 адамдық ұжымы ерекше қуанды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button