Қоғам

Риддерде «Бір шаңырақ астында» атты форум өтті

Риддерде «Бір шаңырақ астында» атты форум өтті

Өңірімізде кең көлемде тойланған Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі кеше Риддер қаласында өткізілген дәстүрлі «Бір шаңырақ астында» достық форумымен қорытындыланды. Облыс аумағында татулықта тұрмыс құрып жатқан жүзден астам ұлт өкілдерінің береке-бірлігін паш еткен салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Айтулы шара басталмай тұрып облыстың әр түкпірінен келген қонақтар Риддер қаласының этномәдени бірлестіктері ұйымдастырған көрмені тамашалауға мүмкіндік алды. Ол жерде қазақтың киіз үйінен бастап қолөнер шеберлерінің көздің жауын аларлық көптеген бұйымдары, фотосуреттер қойылыпты. Ал залға кіре берісте ұлттық киім киіп, қаз-қатар тізіліп отырған өнерпаздар домбыраның шанағынан күмбірлетіп күй төкті.
Форум аясында еліміздегі тұрақтылықты сақтауда, ұлттар арасында татулық пен келісімді нығайтуда еңбек сіңіріп жүрген бірқатар этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлерін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен, ақшалай сыйлықтармен және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен марапаттау рәсімі болды.
– Біздің облыста жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады, жүзге тарта этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Ал Риддер қаласында алпыс мыңға жуық тұрғын бар, алпысқа тарта ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Ондаған ұлттық мәдени бірлестік бар. Сондықтан олардың жұмысымен жақынырақ танысып, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, алдағы қызметтеріне тың серпін беру мақсатында биылғы форумды осы кеншілер қаласында ұйымдастырып отырмыз. Бұл форумды өткізудегі басты мұратымыз өңірімізде тұратын әрбір азамат, әрбір отбасы, жұмысшы, ұстаз, тіпті, әрбір оқушы бала елдегі бірлікті сақтауға, ынтымағын молайтуға, тыныштығын күзетуге өзінің үлесін қосуы тиіс екенін ешқашан есінен шығармауы керек. Мемлекеттің тұрақтылығын сақтау этномәдени бірлестіктердің немесе Достық үйлерінің ғана емес, бәріміздің ортақ міндетіміз, – деп атап көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар кеншілер шаһарының мәдениет сарайына жиналған қауымды мерекемен құттықтап, марапаттарды табыс етті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен Шемонайха ауданы, «Арарат» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрик Варжапетян, «Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан лайықты үлесі үшін» Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет грамоталарымен Бесқарағай ауданындағы Достық үйінің директоры Мейрамгүл Абылғазинова, Семейдегі неміс бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарова, Зырян ауданындағы Достық үйінің директоры Галина Дедова марапатталды. Сонымен қатар, облысымыздағы өзге де аудан-қалалардың этномәдени бірлестіктері мен Достық үйлерінің ұжымдары алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жалпы сомасы 1 млн. 700 мың теңге болатын облыс әкімінің ақшалай сыйлығы аймағымыздағы 9 Достық үйіне үлестіріліп берілді.
Жиынның ресми бөлімі – марапаттау шарасы аяқталысымен әсем безендірілген сахна төрінен түрлі ұлт өкілдерінің құйқылжыған әні мен мың бұралған биіне кезек берілді. Жиналғандар «Ладушки», «Шығыс жұлдыздары», «Диверсис» сынды топтардың өнерлерін ден қоя тамашалады. Патриоттық рухта шырқалған нөмірлер көпшілік тыңдарманды жігерлендіріп, арқаландыра түссе, кішкентай балдырғандардың «Мен, сен ол – бәріміз бір жанұямыз» деп салған балдай тәтті әні жүректерді елжіретіп, көңілдерді шуақтандырды. Бір байқағанымыз сахнаға алма-кезек шығып, өнерлерін ортаға салған әрбір ұлт өкілдерінің тілдері, түрлері бөлек болғанмен тілектері жалғыз, ол – Қазақстан деген үлкен бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүру.

Риддерде «Бір шаңырақ астында» атты форум өтті

Юрик Варжапетян, «Арарат» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Бүгінгі марапат мен үшін өте үлкен қуаныш, құрмет. Біздің өркендеп келе жатқан мемлекетімізге көк байрағымыз сияқты бұлтсыз ашық аспан, қырандай еркіндік, күндей жылулық тілеймін. Бірлігіміз бекем, татулығымыз ұзағынан болғай. Әлемнің өзге елдеріндегі алауыздық бізден аулақ жүрсін. Ол үшін біз бір үйдің адамдарындай келісімде, татулықта болуымыз керек. Өз басым халқына тыныш ұйқы сыйлаған Қазақстандай елде тұрып жатқанымды мақтан етемін.

Ольга Сағындықова, көпбалалы ана:

– Облыс әкімінің ақшалай сыйлығына ие болғаныма қуанып тұрмын. Біздің елде көптеген ұлттардың өзара татулығы ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Мен өзім орыс ұлтының өкілі болсам да, қазақ азаматына тұрмысқа шықтым. Қазір бес қыз тәрбиелеп отырған Семейдегі бақытты отбасылардың біріміз деп айта аламын. Үйімізде қазақтың салт-дәстүрі толық сақталады, қыздарымыз дүниеге келгенде шілдеханадан бастап тұсау кесу, тілашар деген сияқты жоралғыларды орындап келеміз. Бұйыртса, келешекте қыз ұзату деген қазақтың тамаша салт-жоралғылары тағы бар. Мұның бәрі біздерді бір-бірімізбен етене араласуға, жақындастыруға үлкен септігін тигізеді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button