Риддерде баға қоспайтын базар бар
Риддер қаласында қымбаттап жатқан азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға көмектесетін жаңа базар ашылды.
Салтанатты жағдайда ашылған жаңа базар павильондарының көпшілігі шаһар маңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өз қаражаттарына салынып отыр. Мұнда азық-түлікті саудалайтындар да сол өнім өндірушілердің өзі. Базарда нан, тоқаш, ет, жарма, сарымай, басқа да өнімдер өзге сауда орындарындағыдан әлдеқайда арзанға сатылатын болады. Келісі 1300-1400 теңге тұратын жұмсақ ет көрші дүкендер мен сауда орындарында 1 700 теңгеден саудаланып жатыр. Жаңа базар мал ұстап отырған шағын шаруашылық иелерінің өнімді делдалсыз сатуына мүмкіндік тудырса, қалалықтарға қаражатын үнемдеуге септігін тигізіп жатыр.
Алдағы уақытта өнімге баға қоспай сататын бұл базарға саяжай ұстап, картоп, көкөніс түрлерін өсіріп отырған риддерліктердің қызылша, сәбіз, пияздары да шығарылып, жыл бойы төмен бағамен сатылатын болады.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ