Риддердің өзендері тазара бастады
Өнеркәсіпті қала Риддер өңіріндегі өзен суларының сапасы жақсарып, экологиялық жағдайы оңалып келеді. Риддер кен байыту комбинатында жүзеге асырылып жатқан су қорғау шараларының нәтижесінде өзендердің ластану деңгейі былтырдан бері әжептәуір төмендеп отыр. 2016 жылы «Казгидромет» орталығының мәліметтері бойынша кеніштердің тазартылған қалдық сулары құйылып жатқан Риддердегі Филипповка, Үлбі өзендері төтенше жоғары ластанған өзендер санатына жатқызылған болса, 2017 жылдың маусымынан бастап олар аздаған мөлшерде ластанған өзендер қатарына енгізілген. Сандық көрсеткішпен айтар болсақ, өзен суындағы ластаушы заттар көлемі 2,5 есе төмендепті.
«Қазцинк» өзінің барлық өндірістік бөлімшелерінде, соның ішінде су көздеріне аса жақын орналасқан Риддер кен байыту комбинатында су қорғау шараларын жүргізуге ерекше назар аударып келеді. Комбинатта жұмыс істеп тұрған тазалау құрылғыларының өндірістік қалдықтарды рұқсат етілген шекті мөлшерге дейін тазалайтындай мүмкіндігі бар. Барлық кеніш сулары мен кеніштік қашыртқы сулар су көздеріне ағызылар алдында түсті металдар мен ластаушы заттардан тазаланып алынады. Комбинатта қалдық суларды тазалау үдерісі осылайша үздіксіз жүргізіле отырып, одан әрі жетілдіріле түсуде.
Риддер кен байыту комбинаты байыту фабрикасының қалдық қоймасындағы қалдықтарды құрғатудан қалған қашыртқы сулардың өзендерге құйылу мөлшерін барынша азайта түсу үшін, 2017 жылы мұнда 24 жаңа әкті -шунгитті өндірістік сүзгілер қойылды. Қалдықтарды сіңіру қабілеті жоғары бұл табиғи заттар суды зиянды химиялық реагенттерсіз (реакцияларға әсер етуші қоспалар) тазалауға мүмкіндік береді.
Былтыр мамырда Андреев кеніші қапталының опырылып түсіп, қалдық сулардың фабриканың тазалау құрылғыларына лап беруі компания экологтарының алдына кеніштің су ағызу жүйесін қайтадан қарау мәселесін қойды. Риддер-Сокольный кенішінің тазалау құрылғыларына кеніш суларымен бірге кеніштен батпақты сұйықтықтар құйылып кетіп, одан Филипповка өзеніне түсіп, апатты жағдай туғызған болатын. Шұғыл түрде кеніштің сұйықтығын байыту фабрикасының айналымына қосу нәтижесінде қалдық қоймасындағы сумен бірге кеніш суы Талов қалдық қоймасына түсіп, батпақтар сонда тұндырылған. Тазалаудан өткен сұйықтық тазарту құрылғыларына қарай ағызылып, осы жерден қайталап тазартылған күйінде өзенге жіберілді. Әбігерге салған кеніш суының қайтадан құйылып кетуінен сақтау, суларды ұстап қалу жүйесін жетілдіру шараларын жүзеге асыру 2018 жылдың қаңтарына белгіленген болса, жаңа жүйе сегіз ай бұрын іске қосылып, жүзеге асты. Қазір тиімді жұмыс істеп тұрған жүйе өнеркәсіптік қалдықтар нысандарының санын 10 нан 9-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Риддер кен байыту комбинаты қалдық қоймасының теңгерілмеген суларын жинап, тазалауға да үлкен мән беріп отыр. Бұл айналымға қосуға келмейтін су бөлігі. Бұрын су тасу уақытында қардың түсу мөлшеріне қарай қалдық қоймасында суды барынша жинақтай түсу қажет болатын. Бұл кез келген уақытта судың шектеулі деңгейден асып кетуі қаупін тудырып келді. Риддер- Сокольный кенішінің су ағызу жүйесін қайта жасау кезінде бұл мәселе де өзінің шешімін тапты: теңгерілмеген артық судың Филипповка өзеніне құйылып кету қаупі жойылып, қайта тазалауға жіберіліп отыратын болды.
Қазтай Такеев, «Қазцинк» компаниясының бас экологы:
– Өзендердің ластану деңгейінің төмендеуі біздің атқарған шараларымыздың басты көрсеткіші болды. 2016 жылы «Қазгидромет» орталығының мәліметтері бойынша Филипповка, Үлбі өзендері төтенше жоғары ластанған өзендер санатына жатқызылған болса, 2017 жылдың маусымынан бастап олар аздаған мөлшерде ластанған өзендер қатарына жатқызылып отыр. Сандық көрсеткішпен айтар болсақ, өзен суындағы ластаушы заттар көлемі 2,5 есе төмендеді.
2018 жылы компанияның Долинный кенішінде кен қазу жұмыстары басталды. Кен қазу жұмыстары кезінде кеніште лас сулар жиналып отыратыны мәлім. Кәсіпорын экологтары бұл кеніштің де басты мәселесін алдын-ала шешіп алды. Кеніште жұмыстар басталмас бұрын, 2017 жылы осы нысанның лас суларын қазіргі жұмыс істеп тұрған Риддер-Сокольный кенішімен жалғап, ағызар екі құбырға жөндеу жүргізілді. Құбырлар Долинный кенішінің суларын қабылдап алып, әрі қарай өзенге тазаланған күйінде жібермек.
Осылайша, Риддер кен байыту комбинатындағы су қорғау шаралары өзенді белгіленген мөлшерден тыс ластаудан сақтап отыр.
Өңірлік БАҚ өкілдері Риддер кен байыту фабрикасы кеніштерінің бірі – Риддер-Сокольный кенішінің кеніш суларын тазарту құрылғысында болып, төрт жыл бұрын қайта жаңартылып, тиімділігі артқан су тазалау құрылғысының жұмысын көзбен көрді.
Татьяна Колбина, РКБК экологиялық қызметінің басшысы: – Комбинаттың өндірістік бөлімшелерінің бәрінде өндіріс, кеніш суларын тазалау құрылғылары бар. Комбинат фабрикасының қалдық сулары өндірістің су айналымы жүйесінде бірнеше қайтара күрделі тазалаудан өтіп барып қана өзендерге жіберіліп жатыр. Риддер-Сокольный кенішінің тазалау құрылғылары 2014 жылы қайта жаңартылып, кеніштің қалдық суларын тазалау мүмкіндігі, имараттың өнімділігі арттырылды. Компания өзендерге жақын жатқан үш мемлекеттік қалдықтар орнынан (1991 жылға дейін жиналған) бөлініп жатқан суларды да тазалап, өзенге құйылмауының алдын алып келеді. Оларды тиімді тазалау жұмыстары алдағы уақытта жетілдіріле бермек.
Жанаргүл Мұқатай