Қоғам

Риддердің экономикасы әртараптанып келеді

Риддердің экономикасы әртараптанып келеді


Риддер қаласында екі колледж біріктірілуі мүмкін. Шаһарға іссапармен барған облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш жобаға бірқатар өзгеріс енгізді.

Шаһардың өндірісіне маман даярлайтын екі бірдей колледж бар мұнда. Бірі – аграрлық-техникалық мамандар даярласа, бірі – көпсалалы білім ошағы. Аймақ басшысы екі нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты. Кеңестік заманнан қалса да, қондырғылар мен макеттердің өте жақсы сақталғанын атаған аймақ басшысы заманауи өндірісте бұл үлгілердің мүлде жаңа нұсқалары қолданылатынын ескертті. Қос колледждің түлектері негізінен осындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы мен «Казцинк» ЖШС-нің өндіріс ошақтарынан жұмыс тауып жүр. Материалдық базасы ескі демесеңіз, мұнда дуальді оқыту жүйесі жақсы жолға қойылған. Құрылысшылар кірпіш қалап, сылақ сылауға машықтанса, кеншілер шахтаның шағын макетінде «еңбектенуде».

Технология дамып, адамды құлтемір алмастырып жатқан кезеңде маман даярлаушы қос колледждің реформаға ұмтылуы – заңдылық. Облыс әкімі колледждерді біріктіру жобасына шаһардағы негізгі жұмыс берушілерді де қатыстыру керектігін атады.

-Колледждерді біріктіру – дұрыс шешім. Бұған «Қазақмыс», «Казцинк» сияқты жұмыс берушілер де атсалысуы керек. Болашақта қандай маман қажеттігін солармен ақылдаса отырып жоспарлау қажет, – деді облыс әкімі.

Екі білім ошағын біріктіріп, жаңалауға қанша қаражат кететіні, ол қаржының қандай көзден алынатыны әлі белгісіз. Облыс басшысы орынбасары Әсем Нүсіповаға электр саласының мамандарын даярлау ісіне типтік бағдарлама қажет деген ұсыныс айтты.

-Барған жерлердің бәрінде көретінім – бір құбылыс. Әр колледждің электр мамандарын даярлау әдістемесі әртүрлі. Үлгі ретінде пайдаланып жүрген құрылғылары да сан алуан. Өткен ғасырдың басында қолданылған дүниелерге машықтанып жүргендер де бар. Бұлай болмауы керек. Әуелі барлығына ортақ бағдарлама жасалып, сол бойынша құрылғы үлгілерін жасату қажет. Оны өзіміздің «Кэмонт» зауыты да шығара алады. Бұл істі тапсырғаныма да көп болды. Нәтиже жоқ әлі, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің сапары Риддердің көп өтпей түрлене түсетінін көрсетті. Шаһар басшысы Жомарт Мұратов сметасы пысықталып, тиісті сараптамадан өткен жобаларын жайып салған болатын. Соның ішінде 600 орындық мектеп салу, Үлбі көпірін күрделі жөндеу, Тәуелсіздік монументін орнату, «Құрылысшылар» және «Тұңғыш Президент» саябақтарын салу, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы сияқты жобалар назарға ілінді.

-1938 жылы салынған мектепті жаңалау туралы ұсынысты қолдауға болады. Оның үстіне, қала халқының саны артып отыр. Осы сияқты әлеуметтік маңызы бар жобаларға қаржы бөле аламыз. Тек сметасын ақылға қонымды етіп пысықтаңыздар. Ал бір қалада екі бірдей саябақ салу әзірге асығыстық. Екінің бірін ғана таңдау қажет, – деді аймақ басшысы.

Сапар соңында Даниал Ахметов қала аумағында тауарлы-сүт фермасының ісін дөңгелетіп отырған «А.С.Дудкин» шаруа қожалығына бас сұқты. Кеңес тұсынан қалған ескі ғимаратты жөнге келтіріп, тауарлы-сүт фермасын құрған қожалық ұжымы қазіргі таңда 200 сиыр сауып отыр. Жыл сайын 700 тонна сүт алынуда. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 2000 тоннаға жетуі тиіс. Ол үшін тағы 200 бас сиыр сатып алып, кешенді кеңейту қажет. Қолданыстағы 200 орындық фермаға Westfal сауын аппараты қойылыпты. Қожалық аумағынан сүт өңдеп, қаптайтын қондырғылар қою жоспарланған.

-Екі жыл бұрын келгенім есімде. Ол кезде жартылай қираған ескі ғимараттар ғана тұрған. Сөзде тұрып, қаңыраған ғимаратты фермаға айналдырыпсыздар. Тіпті малдың астын тазалауға да техниканы жегіп қойыпсыздар. Ұжымның жұмысын көріп, көңілім толды, – деді облыс әкімі.

Риддерліктер мал өнімдері үшін сыртқа сабылмай, өз қажеттіліктерін өздері өтеуге кіріскен сыңайлы. Аймақ басшысына бұдан бөлек тағы төрт жоба ұсынылды. Төртеуінің де иесі – қазірдің өзінде мал ұстап, соның игілігін көріп отырған жандар. Барлығының мақсаты бір – келешекте мал санын көбейтіп, жерлестерін сүт пен еттен тарықтырмау. Аймақ басшысы жоба иелеріне қолға алған істерін алаңдамай жалғастыра беруге кеңес беріп, сүтті мал шаруашылығын дамытуға республикалық бюджетпен қатар облыстық қазынадан да қаржы қарастырылғанын атады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button