Қоғам

Риддер ЖЭО: жөндеу жұмысы екі ауысым бойынша жүріп жатыр

Риддер жылу электр орталығын жөндеуге 11 мердігер ұйым жұмыла кірісті. 6 қазандық агрегатында, отын беру жолы мен турбиналық цехта жұмыс қызып жатыр. ЖЭО-ның өз ғимаратында және жылу желілерінде ауқымды жұмыс атқарылуда.

Жұмыс барысын қалалық мәслихаттың депутаттары мен қоғам белсенділері қадағалайды, деп хабарлайды Didar ақпарат Altaynews сайтына сілтеме жасап.

– Біз нысанға аптасына екі рет барып, қандай жұмыстар жүргізілгенін, өзгерістер бар-жоғын тексереміз. Қазірдің өзінде біршама жұмыс еңсерілгенін айтуымыз керек. Жөндеуге жұмсалатын қаражат толық түскен. Қазандықтар түгел жөнделіп жатыр. Желілерге қатысты жұмыстың 90 пайызы орындалды. Мердігерлер 15 тамызға дейін желілер толық ауыстырылатынын айтып отыр. Жұмыс күші жеткілікті. Мамандар екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр – деді Риддер қалалық мәслихатының депутаты Евгений Нужных.

«Перспективті технологиялар» ЖШС директоры Расул Тоқтарқан экрандық құбырлар, бу қыздырғыштар және экономайзер түгел бөлшектелгенін мәлімдеді.

«Құбырлардың барлығы дерлік әкелінді. Бүгін-ертең орташа қысымды экрандық құбыр да жеткізіледі», – дейді бас мердігер ұйымның басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Риддер ЖЭО-ның дайындығы шамамен 40 пайызға болады.

– Қазір біз багер сорғысы, мазут сорғысы және күл үйіндісінің жөнделуін қадағалаудамыз. Мердігерлер барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр», – деді «Риддер ЖЭО» АҚ-дағы «Казцинк» ЖШС өкілі Михаил Мельчиков.

Осы айдарда

Back to top button