ЖаңалықтарТОП

Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Шығыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қызып тұр.

Өңірдің жылу нысандарында қажетті жөндеу жұмыстары аяқталып, жылу-электр орталықтарын іске қосу-баптау кезеңіне дайындық  басталып кетті, деп хабарлайды Didar ақпарат. 
Жалпы өңірдегі жылыту маусымына дайындық Үкіметтің ерекше назарында. Мұнда Риддерде жергілікті ЖЭО-ны қайта құруға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған.
Риддер ЖЭО-дағы жаңғырту жұмыстарының аясында 6 қазандық пен 4 турбина орнатылды. Жылу орталығының белгіленген және қолда бар электр қуаты – 59/59 МВт, жылу қуаты – 247,3/217,3 Гкал/сағ.
Қазір Риддер ЖЭО-дағы іске қосу-баптау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. №№ 1, 2, 3 қазандық агрегаттарын жөндеу аяқталуға таяды, экрандардың беті құралып, орнатылды, қазандықтар сумен толтырылды. Желілер қысыммен тексерілді, енді қазандықтар гидросынақтан өткізіліп жатыр, бүгін үшінші қазандық сынақтан өтті.
Айта кетсек, Риддер ЖЭО жөндеуге биыл республикалық бюджеттен 8,3 миллиард теңге бөлінді, оның 7,2 млрды тікелей ЖЭО-дағы қазандық агрегаттар мен басқа да жабдықтарды жөндеуге, ал қалған 1,1 млрды моноқаланың жылыту желілерін жөндеуге бағытталды. Облыстық бюджеттен қосымша 554 млн теңге бөлінді.
Сондай-ақ нысанды мемлекет меншігіне беру жұмыстары да қолға алынғанын айта кеткен жөн. Мүліктік кешенді «Риддер су арнасы» КМК-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы шартқа қол қойылған болатын. Қызметкерлермен шарттарды рәсімдеу процесінен кейін көмір мен мазут жеткізу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен – риддерлік абоненттермен шарттар жасасу басталады.
Ал Өскемен ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары өткен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден басталған болатын. Биыл жөндеу жұмыстарына 8,6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды, оның ішінде инвестициялар – 7 млрд теңгеден асса, ағымдағы жөндеулер – 1,5 млрд теңгеден астам.
ЖЭО-ның белгіленген жылыту қуаты – 859,9 Гкал/сағ; электр қуаты – 372,5 МВт. 75 т/сағ-тан 500 т/сағ-қа дейінгі 9 қазандық агрегаты және қуаты 4-тен 120 МВт-қа дейінгі 8 турбоагрегат орнатылды.

Осы айдарда

Back to top button