Риддер ЖЭО: жөндеу жұмыстары аяқталды
Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Риддер ЖЭО-ның барлық құрал-жабдықтары мен қазандықтары ауқымды жаңартудан өтті. Бүгінде қаланы толық көлемде жұмыс істейтін үш орташа қысымды қазандық жылумен қамтамасыз етіп отыр.
Былтыр қыс мезгілінде Риддер ЖЭО-дағы апатты жағдайдан кейін маусым айының алғашқы күнінен бастап стратегиялық нысанда қысқа мерзім ішінде жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілген болатын.
Бүкіл ел жұмылып, жан-жақтан мамандар тартылып, түрлі өндіріс орындары жабдық пен құралдарды тез арада дайындап жеткізді. Бір жаздың ішінде жарылыстан қираған орталықты түгелдей жаңартып қайта құру – өңір тарихында болмаған жайт.
Риддер ЖЭО-ның 6 қазандығын жөндеуге республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 500 млн теңге қаржы бөлінді. Нысанда 16 мердігер ұйымның 400-ге жуық жұмыскері үш ауысымда еңбек етті. Риддер ЖЭО-да барлығы алты қазандық бар, оның үшеуі – орташа, үшеуі – жоғары қысымдағы қазандық.
– ЖЭО-ны қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары аяқталып отыр. Риддер қаласы жылумен, ыстық сумен және электр қуатымен толық қамтылған. Көмір, мазут қоры жеткілікті. Қажетті қаржы бөлінген. Отынмен қамтуда да мәселе жоқ. ЖЭО қаланың коммуналдық меншігіне толық қабылданды. 1971 жылы шығарылған ескі жабдықтың бір бөлігі заманауи германиялық және кореялық құрылғыларға ауыстырылды, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Электр қуатын өндіруді бастаған ЖЭО енді «Казцинк» кәсіпорнының да қажеттілігін қамтамасыз етуге қауқарлы. Ал ол – экспортқа бейімделген еліміздің бірегей өндірісі.
Бүгінгі таңда қалаға толық көлемде жұмыс істейтін үш орташа қысымды қазандық қызмет көрсетуде. Екі жоғары қысымды қазандық (№4 және №6) іске қосу-реттеу жұмыстарына дайын. №5 қазандық агрегатында қосалқы механизмді монтаждау жұмыстары аяқталуда.
Қазандықтар бойынша барлық жаңарту жұмыстарын 15 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ең бастысы көпқабатты тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, бюджеттік мекемелерге ыстық су мен жылу уақытында берілді. Жасалған жұмыстардың нәтижесін тексеріп шыққан облыс басшысы ЖЭО-да аз уақыт ішінде электр құрылғылары жаңартылғанын, ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Қазір жылу желісіндегі температура – 72 градус, ал кері бағытта – 49 градус.
Сарапшылар қыс мезгілінде толық жұмыс істеу үшін екі орташа қысымды және екі жоғары қазандықтың жұмыс істеуі жеткілікті екенін атап өтті. Қалған қазандық қондырғылары резервте, әрқашан дайын болуы керек.