ҚоғамТОП

Риддер ЖЭО қыстан қалай шықты?

Күнпарақ көктем мезгілі келгенін айғақтап тұр. Шығыс өңірінде қардың көбесі сөгілмесе де, шыңылтыр аяздың беті қайтты. Аймақ жұртшылығы арқаны кеңге салған тұста Риддер қаласының тұрғындары да бір тыныстап қалған болар. Олай дейтініміз, былтыр кенді шаһардағы жылу электр орталығының жұмысы тұралап, қалалықтар әбден әуреге түскен еді. Биыл қыстан қысылмай шықты. Жылу көзі жөнделгеннен кейін небір қолайсыз күн райына шыдас берді. Тозығы жеткен құбыр желісінің ақауын айтпағанда, алты ай қыста апатты жағдай болған жоқ.

Осы орайда жылу электр орталығының төңірегінде атқарылған жұмыстарға көз жүгіртсек.

2023 жылдың орта шенінде Үкімет резервінен Риддер ЖЭО-ның 6 қазандығын жөндеуге 7,3 млрд теңге, жылу желілерін жөндеуге 1,1 млрд теңге бөлінді. Қосалқы жабдықтарды жөндеу облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Бұған 570 млн теңге жұмсалды.

Жылу электр орталығын жөндеуге 14 мердігер ұйым, 450 жұмысшы күш салды. Әрбір агрегат бойынша жұмыстардың реті, ауқымы және орындалуы қадағаланатын нақты кесте жасалып, жұмыс екі ауысым, қажет болған жағдайда, үш ауысым бойынша жүргізілді. Мұнда тек жабдықты жөндеу емес, сонымен қатар шатырды жабу, ғимаратты жылылау, көтергіш кранды қалпына келтіру, су беру ұңғымасын жөндеу және тағы басқа да жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн.

Жылдар бойы немқұрайды жүргізілген шаруашылықтың, бірнеше апаттың, өрт пен жарылыстардың салдарын жою оңай болмағаны анық. Сол кезде қазандық цехының бастығы болған маман Николай Коротин:

– Мен бұл жылу электр орталығында 1983 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қыс ауыр болды, тоқтаусыз жұмыс істедік, біршама адам жұмыстан шығып та кетті. Қазір біз мердігер ұйымдармен бірлесіп қала жылусыз қалмас үшін еңбектеніп жатырмыз, – деп ой бөліскен еді.

Риддер ЖЭО-дағы жағдайды ел Үкіметі қалт жібермей қадағалап отырды. Қыркүйек айында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр арнайы жұмыс сапармен кеншілер қаласына барып, жөндеу жұмыстарын тексерді.

– Қажетті қаражат бөлінді, соған сай ауқымды жұмыс атқарылғаны көрініп тұр. Риддер қаласы жылумен толық қамтылады. Бұған күмән жоқ, өйткені жұмыс аяқталуға жақын, – деп бағалады Роман Скляр.

Жөндеу жұмыстарын қоғам белсінділері де назарда ұстап отырды. Ел Үкіметінің, өңір билігі мен көпшіліктің сенімі ақталып, қыркүйек айының соңында алғашқы қазандық та іске қосылды. Жылу маусымы басталғанша, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қала жылумен, ыстық сумен және электр қуатымен толық қамтылып, көмір, мазут қоры жеткілікті болды. 1971 жылы шығарылған ескі жабдықтың бір бөлігі германиялық және кореялық заманауи құрылғыларға ауыстырылды. Бұл кезде ЖЭО Риддер қаласының коммуналдық меншігіне толық қабылданған еді.

Коммуналдық меншік демекші, Риддер ЖЭО-да жинақталған қарызды, жалақы берешегін, салықтық міндеттемелерді шілде айында объектінің иесі болған, кейін кәсіпорынды мемлекет меншігіне берген жеке компания төледі. Әміржан Нәбиев жетекшілік ететін «Атрикс-Строй» ЖШС станцияның Риддер тұрғындарының тіршілігін қамтамасыз етудегі стратегиялық және әлеуметтік маңызын ескере отырып, ЖЭО қарыздарын өзіне қалдырған болатын. Компания бұрынғы меншік иелері келтірген залалды мүліктік кешенді сыйға беру арқылы өтеді.

– Біз кәсіпорынды мемлекет меншігіне беру үшін қаржылық сауықтыру бойынша мақсатты жұмыс жүргіздік. Заңды түрде Риддер ЖЭО қарыздардан босатылды, біз барлық міндеттемелерді өз мойнымызға алдық. Жасалған меморандум аясында біз Риддер ЖЭО мүліктік кешенін Риддер қаласының әкімдігіне сенімгерлік басқаруға беріп отырмыз, – деді Әміржан Нәбиев.

Қала басшылығы болса өңір билігінің қолдауымен шаһарға дер кезінде жылу берді және жылу орталығы қыс бойы іркіліссіз жұмыс істеді. Дегенмен сөз басында тозығы жеткен құбыр желілерінде ақау байқалатынын айттық. Мәселен, ақпан айының соңында бірнеше көшеде су құбыры жарылды. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерге пәтер суып кеткенін жазып жатты. Алайда қаланың ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ресми шағымдар мен өтініштер түскен жоқ.

Мамандар дереу істің мән-жайын анықтап, ақауды жоюға кірісті. Жөндеу кезінде жылытқыштың температурасын төмендетуге тура келді. Семашко көшесіндегі жарылған құбыр әне-міне дегенше жөнделді.

– ЖЭО қызметкерлері қысқа мерзімді жөндеумен айналысады. Қазір Свердлов көшесінде жөндеу жүріп жатыр. Бригада төрт техникамен жұмыс істеп жатыр. Ақау жуық арада жойылады, – деп пікір білдірген еді ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рауан Құрметұлы.

Мамандар айтқандай, ақау көп ұзамай жойылды. Бұл кезде Риддер ЖЭО-ның жұмысы тоқтап қалған жоқ, штаттық режимде жалғаса берді. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен ұйымдардың температуралық режимі де санитарлық нормаға сай болғанын айтуымыз керек.

Ақпан айының соңы «кәрі құда» кәрін төккен кез болды. Ат құлағы көрінбес ақ түтек боранның соңы сақылдаған сары аязға ұласты. Осы кезде Глубокое ауданының Кіші Үбе (Малоубинка) ауылында тіпті рекордтық көрсеткіш тіркелді. Редакцияға хабарласқан ауыл тұрғыны сынап бағаны алпыс градустан төмен болғанын айтып, дәлел ретінде фотосурет пен бейнежазба жолдаған болатын. Кіші Үбе ауылы Риддерге жақын орналасқан деуге де болады. Адам айтса сенгісіз аязда кеншілер шаһарындағы жылу электр орталығының сыр бермегені көңілге қуаныш ұялатқаны рас.

Тосын мінезді табиғаттың тілін таба білген бабаларымыз «қыс қамын жаз ойла» деп нақыл қалдырған екен. Риддерліктер жылу жүйесінің ахуалын алдағы жылы мезгілде одан сайын мықтай түспек.

Осы айдарда

Back to top button