ТОП

Риддер ЖЭО-да екі қазандық жұмыс істеп тұр

Бүгін кешке жоспарға сай жүргізілген профилактикалық тексеруден кейін Риддер ЖЭО-да №1 қазандық агрегаты қайта іске қосылды.

Қала әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, №1 қазандық агрегаты қажетті температуралық көрсеткіштерді жинаған соң №3 қазандық агрегатымен қатар режимге келтірілді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Естеріңізге сала кетсек, тұрғындарға бірер күн бұрын қалаға берілген жылу температурасының төмендейтіні ескертілген. Оған себеп – мамандарға қазандықты тексеру бойынша технологиялық процедураларды жүргізу қажет, бұл – іске қосу-баптау жұмыстарының ажырамас бөлігі. Қазір қазандық жұмыс істеп тұр.

Риддерде аптаның соңына дейін ауа температурасы күндіз +17-ден +20-ға дейін, түнде +8 – +13 градус аралығында болады. Толығымен қайта жасалып жатқан жылу орталығы қалыпты режимде сенімді жұмыс істеуі үшін алдағы суықтарға жүйелі түрде технологиялық дайындықтан өткізілуде. Қазір қалалық жылу электр орталығынан желі арқылы қалаға 49,5 градуста жылу беріліп отыр. Бұл – осы ауа райына сай норманың шегіндегі температура.

Синоптик мамандар қазан айының екінші онкүндігінің соңына қарай күн суытады деп болжап отыр. Ауа температурасы төмендеген жағдайда, қазандық агрегаттарының температуралық режимі көтерілетін болады.

Жылы көзіндегі жөндеу жұмыстары техникалық регламенттерді сақтай отырып, белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бұл алдағы суыққа сақадай сай болуға мүмкіндік береді.

Аймақ билігі толық жаңартылған станциядағы маңызды технологиялық процесстердің сақталуын күнделікті қадағалап отыр. Дәулет Батырбаев қала тұрғындарын сенімді ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.

 

Осы айдарда

Back to top button