Қоғам

Іргелі шаруашылықтың ғана ісі ілгері басады

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Глубокое ауданында болып, шаруа қожалықтары мен жаңадан ашылған нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Іргелі шаруашылықтың ғана ісі ілгері басадыОблыс басшысы алдымен Глубокое кентіндегі салынып жатқан 100 орындық орталық аурухананың құрылыс алаңына келді. Облыс Әкіміне мұндағы істелініп жатқан жұмыс барысы жайында «Құмаров и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Манарбек Құмаров айтып берді. Бұл жұмысты құрылысшылар биылғы бірінші маусымда бастаған. Қазіргі уақытта ғимараттың астыңғы бөлігіндегі тірек бағаналары қағылып бекітіліп жатыр. Жалпы, 1350 бағана қағу керек болса, соның 150-і іске асырылған. Тағы бір айтарлығы геологиялық сынақ жұмыстары дұрыс жүргізілмепті. Құрылысқа 16 метрлік қадаларға тапсырыс берілсе, қазіргі уақытта тереңдігі 20 метрді бойлайтын бағаналар қажет болып отыр. Мұндай бағаналар жоқ болғандықтан оларды дайындап жеткізуге 4-5 күн уақыт кетеді.

Ал Астанадан жалға алған қымбат техника осындай әредікте бос тұрып қалады. Қазір бағаналарды қандай тереңдікке дейін қағуға тоқтам жасау үшін сынақтан өткізумен айналысуда. Құрылыс жұмыстарын биылғы 25-желтоқсанда бітіру жоспарланған. Уақыт тығыз. Құрылыс жұмыстарына бірқатар ұйымдар тартылады. Олармен келісімшарттар жүргізілуде. Ал құрылысқа қажетті қабырғалық материалдар толық шешілген. Құрылыс жұмыстарының 60 пайыздан астам қаражаты төленген. Қазіргі уақытта 60 адам осы алаңда жұмыс істеп жатыр. Облыс басшысы құрылыс жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпей, уақытты тиімді пайдалануды атап өтті.

Жаңа лагерь ашылды

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Малоубинка ауылының жанындағы балалардың жазғы сауықтыру лагерінің ашылу рәсіміне қатысты. Лагерьде демалушылар тұратын ағаштан екі үй, асхана, тұрмыстық қызмет көрсететін ғимарат салынып, медициналық керек-жарақтармен жабдықталыпты. Төңірегіне жарық желісі және су жүйесі тартылған. Бұл күндері лагерьде 60 бала демалып жатыр. Сондай-ақ, спорт алаңдары, демалыс орындары, жағажай, ақпараттық орталық толық жабдықталып, іске қосылған. Облыс Әкімінің бастамасымен ауданда тұңғыш рет қазіргі талапқа сай балалардың «Балауса» сауықтыру лагері ашылды. Салтанатты жиында аймақ басшысы жиналған қауымды құттықтады.

– Құрметті оқушылар, ата-аналар, жиналған қауым, бүгін қуанышты күн. Лагерь бұдан да бұрын болған, бірақ мынандай үлкен әрі жайлы болмаған. Сондықтан облыс басшылығы атынан осыған көмектескен, қолдаған кәсіпорын, шаруашылық басшыларына рақмет айтамын. Ал балалар, сендер осы лагерьде жақсы демалып, көңілдеріңді көтеріп, алдымыздағы жаңа оқу жылына жақсы дайындықпен келіп, жақсы оқуларыңа тілектеспіз, – деген облыс басшысы үлкен теледидарды сыйға тартты.

Әбітаевтың бастамасы қолдауға лайық

Аймақ басшысы «Астана-Бизнес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің солодтық арпа егістігін көріп, осы серіктестіктің директоры Фарид Әбітаевпен әңгімелесті. Бұл егістіктің өсірген өнімін сатып алушылармен алдын ала келісім жасалған. Алдын ала болжам бойынша әр гектардан алынатын өнім 30 центнерден кем болмайды. Бір гектардан түсетін таза пайда 300 АҚШ доллары болатынына сенімді. Биыл 1,5 мың гектарға арпа өсіріп отыр. Келесі жылы егістік көлемін 2,5 мың гектарға жеткізбекші. Биыл 500 гектар алқапқа рапс өсірсе, келер жылы оның көлемін де екі есеге ұлғайтпақшы. Тұқымның жеткілікті мөлшердегі қорын дайындап алған. Сөйтіп келесі жылы өз тұқымдарын басқа қожалықтарға сатуға шығармақ. Ең бастысы, бұл дақылдарға сұраныс бар. Тұқым себердің алдында өнімді қайда өткізуді алдын ала шешіп алған. Фарид Әбітаевтың бұл бастамасын облыс басшысы қолдады.

– Әлемде өткізіліп жатқан жәрмеңкелерге үнемі қатысып жүрмін. Сонда қойылған техникаларды сараптай келіп, жер жағдайының ұқсастығын салыстыра отырып, біздің өңірге лайықтысы Австрия техникасы екеніне көзім жетті, – деп Фарид Әбітаев әдейілеп келген шаруа қожалықтарының басшыларына егістік басындағы қаз-қатар тізіп қойған алымды да өнімді әрі үнемді әмбебап ауыл шаруашылығы техникаларымен мұқият таныстырды.

Бұл шаруашылық осындай техникаларды қолдана отырып, еңбек өнімділігін арттыруға қол жеткізген. Австриялық фирмалармен ауыл шаруашылығына аса қажетті техникаларды біздің облыста құрастырып шығару жөнінде келісімге қол жеткізген. Осыдан үш жыл бұрын серіктестік жұмысшылары айына орта есеппен 40 мың теңге еңбекақы алса, қазіргі уақытта 60 мың теңгеден айналуда. Қысқы маусымда серіктестік жұмысшылары бос отырмай ескі техникаларды егістік жұмыстарына лайықтап, қайта жетілдіру жұмыстарымен айналысады.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Астана» шаруа қожалығының базасында өсімдік шаруашылығымен айналысып жатқан шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

– Ең басты мәселе, ауыл шаруашылығы дақылдарын, егістік құрылымын өзгертуіміз керек. Бұл туралы айтылып та жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Бидай мен күнбағысты тұрақты түрде өсіре беретін болсақ, келешекте жақсы жетістіктерге жете алмайтынымыз белгілі. Қазір сұраныс пен тиімділікті ескере отырып, рапс, қарақұмық, соя сияқты дақылдарды өсіруге бейімделу керек. Фарид Әбітаев егістіктен алған өнімдерінің ертеңгі күні кімнің сатып алатынын біліп отыр. Ал әр гектарынан кемінде 20-25 центнерден өнім алатынына да сенімді. Ал сіздердің өнімдеріңіз 10-15 центнердің төңірегінде ғана. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егіс танаптарында белгілі уақыт аралығында алмастырып отыруды қадағалау керек. Өкінішке қарай, бұл ереже ескерілмей келеді. Шаруашылықтардың іс-әрекеті күнбағыс пен бидайға ауып кеткен, – деді облыс басшысы.

Содан кейін аймақ басшысы шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып өтті. Ұсақ шаруашылықтар бірігуге ықылас білдірмей отыр. Мұндай шаруашылықтардың техникасы жоқ, техникасы болмағаннан кейін ешқандай пайда таппай отыр. Сонда жүрген адамдар қыста бос отыр. Фарид Әбітаевтікіндей жөндейтін техникасы да жоқ. Ірі шаруашылықтардың жұмысшылары қысы-жазы жұмыс істеп, ақша тауып, отбасына жақсы жағдай жасап жатыр. Сондықтан да ұсақ шаруашылықтар бірігіп, жұмыла жұмыс істеулері тиіс. Қазіргі уақыт талабы да осындай.

– Фарид Әбітаев жақсы бастама көтеріп отыр. Біздің өңірде қолдануға аса тиімді ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырып шығаратын орын ашпақшы. Бұған біздің облыстың әлеуеті жетеді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында осындай құрылымды құруға қаржы бөлу жағын да қарастыруға болады. Субсидияны қазіргідей бәріне бірдей емес, солардың ішінде кімдер жақсы жұмыс істесе, солар алуы тиіс. Ал жұмысы жүрмей жатқандарға бермеу керек. Шағын шаруашылықтар сонда ғана ірілеріне қосылады, – деген облыс Әкімі аудан басшысы мен орынбасарларына осы шаруашылықтың базасында шаруа қожалықтарының жетекшілерімен семинар өткізуді, шағын шаруашылықтарды біріктіру жөнінде тапсырма берді.

Секисовканың сәні кіріпті

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Секисовка ауылындағы өрт сөндіру бекетінде аялдап, жеке құрамның төтенше жағдайларға жедел әрекет жасау дайындығымен танысты. Мұнда «ГАЗ-66» техникасы, жылы бокс, қызметкерлерге арналған ғимараты бар.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Секисовка ауылында суқабылдағыш пен су құбыры желісінің құрылысын «Секисовское» кен барлау кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. 28 миллион теңгенің қаржысы толық игерілген. Суқабылдағыш сағатына 40 текше метр су шығарады. Ал Секисовка ауылы сағатына 25 текше метр су қорын пайдаланады. Толық қуатына жеткенде ауылды су қорымен 1,5-2 есеге дейін қамтамасыз етуге болады. Мамандар бұл нысанды ауыл округінің әкіміне тапсыруға дайындап қойған. Ауыл ішінде қосымша үш шақырымдай су құбырын төсеген. Енді көшелердің қалған бөлігіне құбыр желісі тартылады. Жылыту маусымы қарсаңында ауыл толықтай ауызсумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 25-тамызда салынып жатқан тренажерлі спортзалын да пайдалануға бермекші. Бұған қоса, бес тұрғын үйді сатып алып, ауыл әкімдігіне тапсырмақшы. Серіктестік осылайша өз міндеттерін толық орындап шықпақ.

Облыс басшысы Секисовка ауылында тірек ауылдары бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Күре жолдың бойындағы орталық көшенің бір қанатында тұтастай гүлзарлар орнатылып, әртүрлі гүлдер өсірілсе, екінші қанатында жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Отбасылық дәрігерлік амбулатория ғимаратын, саябақты салу, көше бойындағы үйлер мен қоршауларын көркейту жұмыстары жайында да айтылды.

Сүт фермасы озық қондырғылармен жабдықталады

Бобровка ауылындағы «Бобровка плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қырықбаев» шаруа қожалығында салынып жатқан сүт фермасы қораларының еуропалық стандартқа сай құрылысы аяқталуға таяп қалыпты. Мұндағы жұмыстарды «Шығыс-сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаржыландырып, 600 миллион теңге бөлген. Шаруашылық асыл тұқымды ірі қара малын өсіруді қолға алыпты. 400 бас ірі қараға лайықталған екі қораның әрқайсысында 200 бастан мал ұсталады. Бірінші тамызда жабдықтарды монтаждау жұмыстарын бастайды. Мұндағы малды күтіп баптау жұмыстарының барлығы автоматты жүйе бойынша басқарылып, іс барысын компьютер арқылы операторлар қадағалап отырады. Жұмысты арнайы бағдарлама бойынша роботтар атқарады. Төл қоралары, мал азығы қоймалары салынады. Қазіргі уақытта осы қожалықта 100 асыл тұқымды ірі қара жеткізіліп, өсірілуде. Сиырлары төлдеп, оншақты бұзау өсіп келеді.

Облыс Әкімі осы арада мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп әңгімелесті. Онда ветеринарлық нормаларды сақтау, малдарды нақтылы уақытында егу, бизнес аясын кеңейту мәселелері көтерілді. «Жақыпбекова» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнар Жақыпбекова мен «Киров» шаруа қожалығының жетекшісі Балғаным Өгізбаева мал жайылымы мен шабындық алқабының жетіспейтіндігі жайында айтып берді. Аймақ басшысы кездесу барысында шаруашылық басшыларына субсидиялау, салық төлемдері, жерді пайдалану жөнінде өз ұсыныстарын дайындауды тапсырып, ауылды абаттандыру жұмыстарында жастардың белсенділігін арттыруды атап өтті.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button