ТОП

Ревакцинация жаңа штамдардан қорғай ма?

Айна Ескенқызы

Әлемде COVID-19  індетінің беті әлі де қайтпай тұр. 200-ден астам елде ковидтің 300 млн расталған жағдайы тіркелді, 5 млн адам қайтыс болды. Соңғы екі аптада инфекцияның күрт өршуін мамандар омикрон-штамның таралуымен байланыстырады. Жаңа штамның салдарынан эпидемиологиялық жағдай елімізде де ушығып тұр. Бүгінде Қазақстан эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «сары» аймаққа көшті.

КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауын Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысы барысында да атап өтті. «Қазақстанда коронавирус ауруының күрт өсуі байқалады. Тәулігіне екі мыңға жуық жаңа жағдай тіркеледі», – деді Президент отырыста сөйлеген сөзінде. Пандемияның бүкіл кезеңінде елдегі жағдайлардың саны 1 миллионға жуық болғанын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев: «Пандемиямен күрес Үкіметтің басты міндеті болып қала береді», – деді.

–Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Бүгінде Қазақстан Республикасы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «сары» аймаққа көшті. Ел астанасы бұрынғысынша «қызыл» аймақта болса,  Алматы және Шымкент қалалары «сары» аймақта. Қалған өңірлер әзірше “жасыл” аймақта. Бірақ соңғы аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуі еліміздің 11 өңірінде байқалып отырғанын атап өткім келеді, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинова.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың сөзіне қарағанда, эпиджағдайдың  нашарлауы “омикрон” штамының таралуымен байланысты. Сондай-ақ жаңажылдық мерекелер кезінде ел ішінде көші-қон, сапарлар көбейген.

Шығыс Қазақстан облысы тұрғындар арасында коронавирус инфекциясына қарсы жүргізіліп жатқан вакцина-профилактикалық шаралар мен шектеу шараларының талаптарын сақтаудың арқасында тұрақты түрде «жасыл» аймақта.

–Вакцина салу – коронавирус инфекциясының алдын алудың ең тиімді әдісі, ревакцинация иммунитетті арттырады. Бүгінде егу пункттері барлық емханаларда жұмыс істейді. Біз өз денсаулығымыз бен айналамыздағы адамдардың денсаулығы үшін жауапкершілікті сезіне отырып, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуіміз керек. Өңірде 80 мыңнан астам адам иммунитетті арттыру үшін үшінші үдеткіш дозамен ревакцинациядан өтті, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, өңірде 2022 жылғы 4 қаңтардағы жағдай бойынша вакцинаның бірінші компонентін 909 344 адам, ал екінші компонентін 901 976 адам салдырды.

Былтыр қарашаның үшінші онкүндігінен бастап аймақта 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүкті әйелдер (жүктіліктің 16-дан 37-ші аптасына дейін) және бала емізетін әйелдерді (босанғаннан кейін 42 күн) Pfizer/BioNTech компаниясы шығарған «Комирнати» вакцинасымен егу жүргізіліп жатыр.

Ағымдағы жылдың 9 қаңтардағы жағдай бойынша «Комирнати» препаратымен екпе салуға жататын  84 248 адам екпенің бірінші компонентін алды, оның ішінде 2260 жүкті әйел, 6071 бала емізетін әйел, 75 917 жасөспірім бар. Екінші компонентпен 38 623 адам егілген, оның ішінде 766 жүкті әйел, 2 525 бала емізетін әйел, 35 332 жасөспірім.

Мамандардың айтуынша, вакцина салдырған адамдарда вакцинаға қолайсыз реакциялар тіркелген жоқ.

«Омикрон» штамы Sars-Cov-2 вирусының таралуына байланысты қазір еліміздің кейбір өңірлерінде эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлағанын жоғарыда жаздық. Оның негізгі себептерінің бірі – «омикрон» жаңа штамының жылдам таралуы. Сонымен қатар азаматтардың белсенді қозғалысы, мерекелік сапарлар мен сақтық шараларын елемеу, маскалық режимді сақтамау, көпшілік орындарға жиналу осындай жағымсыз жағдайға әкеліп соқты.

Эпидемиологтар мен иммунологтардың пікірінше, ревакцинация екінші екпені алған күннен бастап 6 айдан кейін  коронавирустың «омикрон»  жаңа штамынан қорғауға көмектеседі.

Соңғы мәліметтерге сәйкес облыста 80 700 адам  коронавирусқа қарсы ревакцинациядан (үшінші бустерлік доза) өтті. Өңірде иммундық жүйені нығайтуға ревакцинация QazVac, VeroCell вакциналарымен жүргізілуде.

«Омикрон» штамы өте жұқпалы, тез таралады, “дельтаға” қарағанда 70 есе жұқпалы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бұл штамның симптомдары төмендегідей: ең алдымен – шаршау, бас ауруы, мұрынның бітелуі және тұмауға ұқсас белгілер. Сонымен қатар соңғы зерттеулерге сәйкес, омикрон өкпеге төмен түспейді, ол жоғары тыныс алу жолдарын, бронхты зақымдайды. Осылайша, «омикрон» пневмонияны емес,  бронхитті тудыруы мүмкін. Әдетте, жіті бронхитке шалдыққан науқастарда ентігу болмайды. Олар жөтелуге және қақырықты шығаруға бейім. Ал пневмониямен ауыратын науқастарда  тыныс алу қиындығы байқалады және тез шаршайды. Алайда дәрігерлер аурудың алғашқы белгілері біліне сала, өз бетімен емделмей, дәрігерге қаралу керектігін еске салады.

– Егер сіз таңертең оянып, өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйден шығудың қажеті жоқ. Вирусты таратпаңыз, үйде  болыңыз. Егер өзіңіздің ауру адаммен байланыста болғаныңызды білсеңіз, тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге жүгіну қажет немесе жедел жәрдем шақыру керек, – дейді мамандар.

Егер сіз вакцина алған болсаңыз, әсіресе ревакцинациядан өтсеңіз, «омикрон», әдетте жеңіл өтеді. Бірақ дәрігерлер вакцина алмаған адамдарда «омикрон» ауруының қалай өтетіні туралы  ақпарат әлі жеткіліксіз екенін айтады.

«Омикрон» сияқты өте жұқпалы вирустың инкубациялық мерзімі де өте қысқа, үш күннен бір апта көлемінде. Оның басты мақсаты – көбірек адамға жұғу.

Инкубацияның қысқа кезеңін ескере отырып, дәрігерлер жұқтырған адаммен байланыста болған кез келген адамға ПТР тесті байланыстан кейін шамамен 72 сағаттан кейін өтуге кеңес берді.

Осы айдарда

Back to top button