Қоғам

Республикалық фестивальға жолдама алды

Айжанат Бақытқызы

Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайы    балаларды қосымша білім мен тәрбиеге баулитын өнер ордасы. Мұнда 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды ән, би, қолөнер, спорт, шахмат, тағы да көптеген өнер түріне баулуда жоғары санатты, білікті  ұстаздар қауымы еңбек етеді.

Тәжірибелі ұстаз Гүлнар Мұхамадиева жетекшілік ететін «Ата-мұра» вокал студиясында елуден астам бала тәрбиеленеді. Тәлімгердің айтуынша, шәкірттерінің әнге деген қызығушылығы жоғары. Табиғатынан талантты, дарынды балалар аз емес.

Тәлімгер әр баланы жеке-жеке тыңдап, баланың дауысына, қабілетіне қарай шығармалар береді. Қазір жас өнерпаздардың репертуарында «Отан», «Ана», «Туған жер», халық әндері мен балаларға арналған көптеген тамаша ән бар. «Ата-мұра» вокал студиясының өнерпаздары биыл да бірнеше халықаралық, республикалық ән байқауларына қатысып, жеңімпаз атанды.

Биыл Балалар жылы аясында ұйымдастырылған халықаралық «Таланттар шұғыласы» байқауына белсене қатысып, өнерлерін шыңдай түсті. Ал жуықта өткен «Самғау» халықаралық ән фестиваліне «Ата-мұра» вокал студиясынан әр жастағы тоғыз оқушы қатысты.

Нәтижесінде Жаннұр Калелханова бас жүлдені жеңіп алса, Жеңіс Айдынұлы, Еркеназ Әділханова, Айғаным Құмарбекова, Айзат Естай бірінші орынды, Айниса Жомартбекова, Аяжан Назаркенова, Жасмин Марқабаева, Перизат Ақатова жүлделі екінші орынды иеленді.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, осындай дарынды шәкірттерді өнер жолына баулып жүрген ұстаздары, «Ата-мұра» вокал студиясының жетекшісі Гүлнар Мұхамадиеваның еңбегі зор.

–  Ән студиясының белді әншісі Жаннұр Азаматқызы өзінің ерекше дауысымен өнерсүйер қауымның көзайымына айналып үлгерді. Ол вокал студиясына үш жылдан бері қатысып келеді. Жаннұр қалалық, республикалық, халықаралық ән байқауларына қатысып, эстрадалық вокал жанры бойынша бас бәйгені иеленіп келеді. Бүгінде ол Юнеско қарамағындағы «Халықаралық балалар шығармашылығы» фестивалінің облыстық кезеңінен республикалық жобаға жолдама алды. Жаннұр  –  келешегінен көп үміт күттіретін талантты шәкірттерімнің бірі. «Талаптыға нұр жауар» демекші, өнер жолындағы барлық шәкірттерімнің алар асуы әлі алда,  –  дейді ән студиясының жетекшісі Гүлнар Чибиханқызы.

Осы айдарда

Back to top button