Республикалық сайыста Меруерттің мерейі тасыды
Оқушыларға сапалы білім берумен ғана шектелмей, дарынды, талантты балаларды шығармашылыққа баулу үшін мұғалімнің өзі де зерттеу жұмыстарымен айналысуы – бүгінгі заман талабы. Шығыстағы білімнің ақ ордасына айналған дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында осындай ұстаздар баршылық. Солардың бірі -қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Меруерт Қозықанқызы Мұқашева.
Әйгілі ұстаз, «Қазақтың Қанипасы» атанған Қанипа Омарғалиқызының авторлық сыныбы шәкірттерінің бірі болған Меруерт ұстаздық еңбек жолын да ұстазбен дуэт сабақтар беруден бастаған. Өзінің бір естелігінде Меруерт: «Мен бақыттымын, себебі Қанипа Омарғалиқызының шәкірті болумен қатар, ұстазбен бірлесіп дуэт сабақтар бере жүріп, еңбек жолымды бастадым. Академиялық терең білімді ұстазым Қанипа Омарғалиқызының алдынан өттім, үлкен бір академиядан білім алғандаймын…» деп жазған екен.
Меруерт Қозықанқызының еңбек жолындағы жетістіктері көп. Ол – үш дүркін республикалық байқаулардың жеңімпазы, бірнеше оқу құралдары мен ғылыми мақалалардың авторы. 2001 жылы республикалық «Жүзден жүйрік» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің сайысына қатысып, І орынды иеленсе, 2002 жылы Астана төрінде өткен ІІ республикалық дарынды балалармен және жастармен жұмыс жүргізу саласындағы инновациялық әлеуметтік педагогикалық жобалар фестивалінде «Ең үздік жаңашыл ұстаз» номинациясы бойынша жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, 2005 жылы Астана қаласында Елбасының қатысуымен өткен еліміздің ең таңдаулы мұғалімдерінің салтанатты жиылысына шақырылды. 2008 жылы инновациялық педагогикалық идеялардың V республикалық фестивалінде І орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.
Биылғы оқу жылын да жалынды жас ұстаз жетістіктермен бастады. Қыркүйек айының ортасында Алматыда өткен «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық сайысында Меруерт ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сайысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен 600-дей жұмыс жіберіліп, соның 309 ғана іріктеуге өткен. Осындай еліміздің әр түкпірінен қатысқан жүлдегерлердің ішінен жүлделі орын алған Меруерт Қозықанқызының жеңісі мақтанарлықтай. Ол республика жұртшылығының алдында өзінің ұстазы, «Құрмет» орденінің иегері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қанипа Омарғалиқызының өмірі, еңбек жолы, педагогикалық мұрасы туралы жазылған «Қанипатану» авторлық бағдарламасын қорғады. Авторлық бағдарламаның ғылыми жетекшісі, Қанипа Омарғалиқызының шәкірті, филология ғылымдарының докторы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры – Айжан Картаева.
Меруерттің терең білімі, тынымсыз еңбегі, көпшілік алдында шешіле сөйлеуі, сөз мәнеріндегі дауыс ырғағы, актерлік қабілеті тыңдаушыларды тәнті еткен. Оған дәлел – сайыс барысында әріптестерінің ыстық ықыластары жазылған қолтаңбалары еді. Мәселен, «Қанипа Омарғалиқызының күн сәулелі шәкіртін көргенде, ойларын ортаға салған кезінде мені бір толқыныс кернеді. Қызым, саған шығармашылық сәттілік тілеймін» деп тілек білдіріпті Маңғыстау облысынан келген ұстаз Якуб Аталиков. Ал Атырау қаласынан келген Айсанат Жолдасбаева: «Сіздің тамшымен тас тесердей сөздеріңіз, тынымсыз еңбегіңіз «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсына қатысушыларды бейжай қалдырмады…» деп қолтаңбасын қалдырған екен.
Қазіргі таңда Меруерт Қозықанқызы – республикалық Қ.Бітібаеваның ғылыми-әдістемелік зертханасының жетекшісі.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай,
ұстазға тек шығармашылық табыс пен ізденістер тілеймін.
Бақытгүл Ауғанбаева,
Дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстары жөніндегі орынбасары