Республикалық байқауда топ жарды
Аудан орталығындағы өнер мектебінің шәкірттері көптеген республикалық байқауларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Аягөздің жасөспірім өнерпаздары арасынан суырылып шыққан жас өрендер өздерін тағы бір өнер шыңынан көрсете білді. Алматы қаласында жас музыканттар арасында өткен республикалық байқауда Аягөз өнер мектебінің бір топ өнерпаздары топ жарды. Жеке дауыста ән салған Айым Искакова бас жүлдені жеңіп алса, Әділет Сәрсембаева көркемсөз оқуда алдына жан салмады.
Сондай-ақ, Ерасыл Советов жеке дауыста ән салуда екінші орынды иеленіп, әділ қазылар алқасының қорытындысымен Диана Амангелдинова үшінші орын жүлдегері атанды. Жас музыканттар арасында өткен тартысты байқаудың нәтижесі бойынша Аягөз өнер мектебінің жас өнерпаздары арнайы сый-сияпаттармен, мадақтама қағаздармен марапатталды. Сондай-ақ, өрендерді бастап апарған Аягөз өнер мектебінің білікті ұстазы Меруерт Смағұлова да өнерпаздарды даярлауда жеткен жоғары жетістіктері үшін Алғыс хатқа ие болды.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.