Қоғам

Республика күнінде қандай іс-шаралар өткізіледі?

Биыл күнтізбеге ұлттық мереке ретінде қайтадан енгізілген 25 қазан – Республика күніне орай өңірімізде 500-ден астам әртүрлі іс-шара өткізіледі.  

Мұндай жағымды жаңалықты Өңірлік коммуникациялар қызметінде болған брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева хабарлады.

– Республика күнін мерекелеу аясында облыста салтанатты және мерекелік іс-шаралар жоспары құрылды. Мәселен, облыс тұрғындары бүкіл республика халқымен бірге «Қыран елім – Қазақстан!» атты жалпыхалықтық патриоттық акцияға қатысады. Акция барысында Мемлекеттік Әнұранды көпшілікпен бірге орындау, Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру қатарлы шаралар болады, – деді Жанат Мекеева.

Сонымен қатар облыстың және жалпы елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсету және мемлекеттік және ведомстволық наградаларды салтанатты түрде табыс ету рәсімдері өтеді.

Бұдан бөлек облыс тұрғындары «Таза табиғат» экологиялық акциясы мен патриоттық челленджге атсалысып, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылатын «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты республикалық фестивальді тамашалай алады.

Айта кету керек, биыл облыстағы Достық үйінің құрылғанына 30 жыл толады. Соған орай 21 қазанда аймақ басшылығының, Парламент депутаттарының және орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Этникалық келісім – Қазақстан тұрақтылығының негізі» атты ХХVIII сессиясы өтеді.

Ал 25 қазан күні аймақта бірқатар әлеуметтік нысанның ашылу салтанаты болады. Глубокое, Тарбағатай, Ұлан аудандарында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларына баспана кілттері табысталады. Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылында ауыл клубы ашылса, Тарбағатай ауданының Сарыөлең ауылында фельдшерлік амбулаториялық пункттің лентасы қиылады. Сол сияқты орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген аудандық маңызы бар Ақжар – Жетіарал жолы пайдалануға беріледі, Маңырақ ауылында ағымдағы жөндеуден кейін Мәдениет үйі есігін айқара ашады. Ұлан ауданының Герасимовка ауылында дәріхана мен стоматология кабинеті ашылып, Сағыр ауылында су құбыры желісі пайдалануға беріледі. Шемонайха ауданының Пруггерово ауылында су құбыры желілерін пайдалануға беру жоспарланған. Өңірдің барлық қаласы мен ауданында әртүрлі мерекелік іс-шаралар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, басқа да игі бастамалар жүзеге асады.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button