Ресейлік кітапханашылармен тәжірибе алмасты
Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ресей-Қазақстан. Шексіз оқулары» жобасы аясында кітапханашыларға арналған «Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?» тақырыбында шығармашылық шеберхана өткізілді. Оған облыстағы барлық кітапхананың қызметкерлері қатысты. Шара барысында Санкт-Петербург облыстық балалар кітапханасының меңгерушісі Людмила Степанова әріптестерімен бірге көптеген ата-аналардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қарастырды.
– Смартфондар мен планшетті қолдарынан тастамайтын балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтары жоқ. Мұндайда не істеуге болады? Балаңызға кітап таңдағанда оның неге қызығатынын ескеріңіз. Мүмкін, ол ертегі тыңдағанды ұнатар немесе жан-жануарлар әлеміне қызығатын шығар. Осыларды ескере отырып, бояуы қанық, суреттері «сөйлейтін» кітаптарды таңдаңыз. Баланың ең алдымен суреттерге мән беретінін ұмытпаңыз. Олар бірінші кезекте кітаптың суреттерін қарап, парақтап шығады. Лев Выготский «Педагогикалық психология» атты кітабында баланы қандай да бір іске үйретпес бұрын оның қызығушылығын ояту қажет деп көрсеткен болатын. Сондықтан кез келген жағдайда баланың пікірімен санасып, онымен ой бөлісіп отыру керек, – дейді Людмила Степанова.
Осы орайда жоба Санкт-Петербург облыстық балалар кітапханасының бастамасымен Ленинград облысының «Шетелде тұратын отандастармен ынтымақтастық» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл жобаның авторы Людмила Степанованың айтуынша, оған Санкт-Петербург жазушылар одағы, Детгиз, Розовый жираф, КомпасГид, Самокат, Речь, Фордевинд, Белая ворона баспаларының басшылары қолдау көрсетіп тұрады.
– Жобаның мақсаты – ресейлік жазушылар және баспагерлермен ынтымақтастық негізінде заманауи әдеби орта құрып, екі мемлекеттің балаларының шығармашылығын заманауи әдеби мәдениетке біріктіру. Жоба аясында кішкентай оқырмандарымыз онлайн режимінде орыс жазушыларымен, суретшілерімен кездесіп, түрлі сауалдарын қоя алады, – дейді ол.
Осымен екінші жыл қатарынан Өскеменде ұйымдастырылып отырған шара соңы Шемонайха ауданында жалғасын тапты. Аудандық балалар кітапханасында «Ашық оқулар» атты халықаралық балалар кітабы орталығы ашылды. Сонымен қатар, «Ең үздік кітап кейіпкерлері-2016» атты балалар кітаптарының көрмесі жұртшылықтың назарына ұсынылды.
– Бүлдіршіндерің ой-өрісін дамытуда, жоғары эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруда кітаптың маңызы зор. Өйткені, кітаптан қымбат асыл қазына жоқ. Қазақ халқы «Кітап білім бұлағы, білім өмір шырағы» деп бекер айтпаса керек. Кітап – баланы зейінді, зерделі болып өсуге тәрбиелеудің бірден-бір құралы. Мектепке дейінгі жастағы балаларды көркем әдебиетпен таныстырудың негізгі міндеті – болашақ талантты оқырман, әдеби білімді адам тәрбиелеудің негізі болып табылады, – деп сөзін қорытындылады Людмила Степанова.
Ажар Сағатбекова