ТОП

Ресейліктер ағыны арта ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин күзде  Ресейден Қазақстанға келетін еңбек мигранттарының қазіргіден  көбейе түсуі мүмкін екендігін айтты.  Ресей мен Украина соғысы, Ресейге салынған санкциялар салдарынан екі елдегі бірсыпыра кәсіпорындардың жабылып, шағын және орта бизнестің тығырыққа тірелгені ел тұрғындарының, ондағы еңбек мигранттарының жұмыссыз қалуына әкеліп, өзге елдерге көшуіне, жұмыс іздеуіне мәжбүр етуде. Жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден келгендердің саны былтырғыдан екі есеге көбейген. Бұл Қазақстан үшін қолайлы ма, әлде қауіпті ме? Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың төрт-бес айының өзінде ғана шығысқа келген шетел азаматтарының саны да былтырғыдан 39,3 пайызға артқан. Былтырғы жыл көлемінде облысқа 1 136 шетелдік келіп, уақытша тұруға тіркелсе, биылғы төрт-бес айда ғана 1 583 шетелдік уақытша  тіркелген.

Бүгінгі күні облыс аумағында уақытша тұруға рұқсат алған барлығы 5 754 шетелдік азамат бар. Соның ішінде жұмыс істеу мақсатымен 3 242 азамат, хабарламалар бойынша 1 888 азамат, отбасымен кездесу, қосылу, оқу, тағы да басқа мақсаттармен  624 азамат уақытша тұрып жатыр. Шығысқа жұмыс іздеп, қызмет бабымен өзге де мақсаттармен келіп жатқандардың басым бөлігі ресейліктер, одан соң өзбек ағайындар екен. Облыста еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында 2 840  шетелдік жұмыс істеп жатса, соның 1 784 ресейліктер, 804-і Өзбекстан елінің азаматтары, 201-і Тәжікстан, 51-і Әзірбайжан елінен келгендер.

2022 жылдың басынан бері аймақтағы көші-қон қызметі бөлімшелері 1 583 шетелдік азаматтарға облыс аумағында уақытша тұруға рұқсат берген. Олардың  468-і Ресей, 31-і Украина елінің азаматтары. Бұл ресми тізімге облыс аумағында үш айға дейін уақытша тұруға келген Ресей, Тәжікстан, Әзірбайжан азаматтары кірмейді.  Себебі, Қазақстанда Өзбекстан азаматтары үшін 30 тәулікке дейін, Тәжікстан, Әзірбайжан және Ресей Федерациясының азаматтары үшін 90 тәулікке дейін елімізде уақытша тұруға  рұқсат алудың қажеті жоқ, осы мерзімге келгендерден рұқсат талап етілмейді, олар уақытша тұрғандар тізіміне тіркелмейді. Бірақ елімізге келу, елімізде болу мақсатына қарамастан, қабылдаушы тарап көші-қон қызметін шетелдіктің Қазақстан аумағында  орналасқан жері, мекенжайы туралы үш күн ішінде хабардар етуге міндетті екендігін айтады көші-қон қызметінің мамандары.

Биыл сондай-ақ шығыста 36 шетелдік Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің редакцияға берген ақпаратында көрсетілгендей, «Қазақстан азаматтығын алу туралы өтінішті қарау үш айды құрайды. Көші-қон қызметі бөлімшелерінде уақытша тұруға рұқсат алған шетелдіктер туралы мәліметтерді тіркеу орны бойынша бақылап, тексеруді  учаскелік полиция инспекторлары жүргізеді».

Елімізде, облыс аумағында уақытша тұрып, жұмыс істеп жатқан шетелдік  мигранттар  негізінен құрылыс, мұнай-газ, тау-кен және кәсіби техникалық қызметтер мен сауда-саттық саласында еңбек етуде.

«ҚАЙМАҒЫ» КЕЛІП ЖАТЫР ДЕЙДІ

 Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ресейден Қазақстанға  204 947 адам кеткен. Мұндай деректер Ресей Федерациясының барлық ведомствоаралық статистикасы жинақталған жалпыресейлік ЕМИСС платформасында жарияланды, деп хабарлайды Stan. Kz ақпарат агенттігі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатиннің  пікірінше, Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге салынған санкциялардан соң жұмыс орындары жабылып жатқан ол жақтан Қазақстанға келіп жатқан еңбек мигранттары күзге қарай көбейе бастауы әбден мүмкін. «Қазір біздің нарыққа пәтерді, қонақ үйлерді компания есебінен жалдап, төлей алатын нарықтың «қаймақтары», жағдайлары жақсылары келіп жатыр деп айтуға болады. Күзге қарай жұмыс істеп, нәпақа тапқысы келетін  қарапайым адамдар ағылып келе бастауы мүмкін. Әзірге жаппай келіп жатыр дейтіндей қиын жағдай жоқ. Қазір негізінен IT, қаржы-банк саласының қызметкерлері келіп жатыр» дейді ол.  Мұның алдында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Беларусь, Ресей, Украинадан келетін мигранттар легіне қатысты қазақстандықтардың «Өзіміз жұмыссыз қалмаймыз ба? Еліміздің тұтастығына қауіп төндірмей ме?» деген сияқты толып жатқан түйткілдеріне, үрейлеріне қатысты «Бұл жерде жағдайдың тиімді тұстарын да байқау керек. Егер бізге білікті мамандар келсе, олар өз орнын тауып, кәсіп бастап, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлейді. Бұдан Қазақстан тек ұтады деп ойлаймын. Әрине, ол бәсекелестікті де күшейтеді. Біздің бизнес бәсекеге дайын болуы керек. Бәсекелестік болған кезде түптеп келгенде кім ұтады? Халық ұтады, өйткені тауар мен қызмет сапасы жақсарады», – деп Ресей мен Украинадан келетін білікті мамандар керісінше Қазақстанның технологиялық, экономикалық жағынан дамуына септігін тигізетінін сөз еткен болатын.

Ресей, Украина, өзге де көршілес елдер азаматтарының келіп жатқан жерлері негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары көрінеді. Экономист сарапшылар ниеттері түзу, пиғылы дұрыс болса, жұмыс іздеп, бала-шағасын асырау мақсатында келіп жатқан мигранттарды қолдау қажеттігін, өзге елде, Ресейде де жұмыс істеп жатқан қазақстандықтар барын, солардың да жағдайын ескерген жөн екенін, дегенмен Ресей азаматтарының жаппай елден кетіп жатуы жақсы үрдіс емес екенін, одан біздің ел сабақ алуы тиістігін айтуда. Сарапшы Эльмира Отар: «Біздегі  білікті мамандар жетіспейтін салаларды шеттен келген кәсіби мамандардың есебінен толтыруға болады. Сондықтан мигранттардың кім екенін, білім деңгейін, қай салада қызмет істейтініне талдау жасауымыз керек. Жалпы, көші-қон мәселесінде бірқатар шектеу қойылуы қажет. Яғни, білімді, Қазақстанның өркендуіне үлес қоса алатын, инвестиция құюға мүмкіндігі бар мигранттардың келгені ғана тиімдірек», – деп өзге ел азаматтарының Қазақстанға жұмыс іздеп келуі жақсы көрсеткіш екенін, бұл біздің елде жағдай бар, жұмысқа орналасуға, өсуге мүмкіндік бар екенін білдіреді дейді. Бүгінгі күні елімізде жетпей жатқан дәрігерлер мен техникалық мамандық иелері сырттан келіп жатса, қазақстандықтар үшін ол үлкен олжа екендігін айтады. Кейбіреулердің ойы керісінше, Қазақстанда Ресейден, басқа жақтан келген бизнесмендерге өз кәсібін дамытуға қажетті жағдай жасалмаған, жемқорлық көп, мамандар жоқ, сондықтан қанша жерден әбжіл бизнесмен болса да олар біздің елде көп тұрақтамайды дегенге саяды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button