Қоғам

Ресейлік дәрігер балаларға есту бақытын сыйлады

Ресейлік белгілі отохирург, профессор Диаб Хасан Мохамад Али облыстық ана мен бала орталығында есту қабілеті нашар сегіз балаға ота жасады. Нәтижесінде енді науқас балалардың екі құлағы да естиді.

Бұл – жетекші маманның Өскеменге екінші сапары. Алғаш рет өткен көктемде келген профессор біздің мамандарға мастер-класс өткізіп, 14 балақайға операция жасаған болатын, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айының соңында Ресейдегі Оториноларингология ғылыми-клиникалық орталығының қызметкері, медицина ғылымының докторы Диаб Хасан Мохамад Али  шығысқазақстандық әріптестеріне кохлеарлық имплантация бойынша шеберлік сыныбын өткізген.

Бірнеше айдан кейін отохирург тағы да ана мен бала орталығына келіп, ота жасалған сегіз баланың әрқайсысына екінші кохлеарлық имплант орнатты. Бұл балақайлар енді екі құлағымен де есту қабілетіне ие болды деген сөз.

– Барлық сегіз ота да сәтті өтті. Балалар мен олардың ата-аналары дән риза. Кішкентай пациенттер үшін мүлгіген үнсіздіктен құтылып, әлемнің сан алуан дыбысын естудің өзі – үлкен бақыт, – деп атап өтті облыстық ана мен бала орталығы директорының емдеу мәселелері жөніндегі орынбасары Ерлан Молдабаев.

Осы жерде 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдікті санатқа кіргендіктен, олар үшін мемлекет МӘМС жарналарын төлейтінін айта кеткен жөн. Сол себепті кішкентай пациенттер барлық қызметтерді медициналық сақтандыру жүйесі арқылы толығымен тегін ала алады, оның ішіне кохлеарлық имплантация сияқты жоғары технологиялық қызмет те кіреді.

 

Автор: Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button