Ресейге құс етін экспорттайтын күн жақын

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі бірқатар нысандардың құрылысымен танысып, әлеуметтік маңызға ие мекемелерді аралады.
Ашылғанына жарты жыл ғана болған «Айтас МП» ЖШС-нің жұмысымен танысуға келген аймақ басшысы зауыт өндірген тауардың қалай саудаланып жатқанына баса назар аударды. Құс етін терең өңдеумен айналысатын зауыт қазір облыстың барлық сұранысын қамтуға көшкен. Зауыт тәулігіне 30 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болғанымен, бүгінде сұранысқа сай 5-6 мың тонна дайын өнім шығарылуда. Тек құс етінен 150 тауар аталымын өндіретін бұл кешен өзінің бірегейлігімен танымал. Тұрғындар арасында құс етінен жасалған шұжыққа да сұраныс пайда болып үлгеріпті. О баста зауытта өндірілген тауарлармен Шығыс Қазақстан нарығын толық қамти отырып, Ресейге де өнім экспорттау жоспарланған. Зауыт басшылары облыс әкімін жыл аяғына дейін Ресейге экспортпен шығатындарын айтып сендірді. Кешендегі заманауи қондырғылардың қалай жұмыс істеп жатқанын, тазалық пен қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталып отырғанын көзімен көрген аймақ басшысы зауыттың әлеуетін мейлінше тиімді пайдаланып, уақыт оздырмай Ресей нарығына шығу керектігін еске салды.
Жекпе-жек сарайы мен Жеңіл атлетика манежі, ашық бассейн ғимараты орналасқан спорт кластеріне бас сұққан өңір басшысы мұндағы құрылыстардың барысымен танысты. Халықаралық талаптарға сай кешендерде халықаралық дәрежедегі турнирлер өткізу де кезек күттірмейтін мәселе екені айтылды. Облыстық драма театрындағы құрылыс қарқынымен де танысқан облыс басшысы жұмыстың кестеге сай жүру керектігін тағы бір мәрте ескертті.

«Юбилейный» кинотеатрына жапсарлас салынып жатқан құрылыстар да облыс әкімі назарынан тыс қалмады. Негізгі кинозалына қосымша тағы төрт зал қосуды жоспарлаған кинотеатр басшылығы ғимараттың сыртқы қасбетін де өзгертуді жөн деп тауыпты. Қосымша төрт зал сыйымдылығына қарай заманауи 3D, 4D қондырғыларымен жабдықталмақ. Кинотеатрдың қызмет аясы кеңейген кезде келушілердің көлікпен кіруі, көлік қоюы қиындайтыны белгілі. Бұл мәселені шешу үшін трамвай жолы мен кинотеатр ғимаратының арасындағы бос жерлерді тиімді пайдалану жобасы жасалған. Қосымша кедергілер дер шағында шешіліп жатса, мұндағы құрылыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Абай даңғылының бойында, «Заречный» базарының алдына салынып жатқан «Валентина» сауда үйі қала күніне орай қолданысқа беріледі. Жеке кәсіпкер Владимир Локотош аймақ басшысына осындай уәде берді. Расымен де, бұл сауда үйі қала тұрғындары үшін мереке қарсаңында ерекше сыйлық болмақ. Тек өнеркәсіптік және электроникалық бұйымдар сататын кешенде кем дегенде 250 жұмыс орны ашылады. 10500 шаршы метр аумақты қамтыған ғимараттың негізгі бөлігіне әйгілі электрондық және тұрмыстық техника өндіруші компаниялардың өнімдері жайғаспақ. Келушілерді қабаттар арасына сегіз бірдей сырғыма саты тасымалдайды. Дүкен басшысы осындағы базар мен автобекеттің айналасына шоғырланған ұсақ сауда нүктелерінің иелеріне орын ұсынып отырғандарын айтты. Өңір басшысы бұл мәселеде қала әкімдігімен бірге жұмыс істеу керектігін атады.
– Ұсақ сауда нүктелеріне жасап отырған ұсыныстарыңызды біз де қолдаймыз. Осыған дейін үйреншікті жұмысынан айырылып қалмасын деп, жеке сауда иелеріне әртүрлі жағдайлар жасап келдік. Бұл мәселені одан әрі созуға болмайды. Барлық жағдай жасалған, келушілері көп ғимараттан орын тебу олар үшін де тиімді болары сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Владимир Локотош құрылыстың кедергісіз жүруіне, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қала әкімдігінің көмектесіп отырғанын айта келе, жанындағы базар мен сауда үйіне ортақ көлік қою орнына 25 сотық жер бөлінгенін де айтты. Сауда кешенінің үстіңгі қабаты түгелімен балаларға арналмақ. Келушілер балаларын осындағы ойын залына кіргізіп, саудасын алаңсыз жасауына барлық жағдай жасалмақ. Аймақ басшысы мұндай аппартаменттер заман талабына сай екенін атады. 800 млн. теңге жұмсалып отырған ғимараттың сыртқы қасбеті қазақ оюларымен өрнектелмек.
Бұдан кейін облыс басшысы «Вита» емханасының жаңа ғимаратына бас сұқты. Ворошилов көшесіндегі \”Қазгипроцветмет\” жобалау иснтитутына тиесілі ғимараттан орын тепкен емхана бұл жерде қанатын еркін жайып отыр. Институт президенті Тоқан Шайжүнісов дәрігерлерге ұсынылып отырған аумақ бұрынғы емхананың ауданынан екі есеге үлкен екенін жеткізді. Жыл сайын облыстың мемлекеттік тапсырысқа бөлген 64 млн. теңгесін игеріп отырған медициналық мекеме тұрғындарға бұрынғысынша қызмет көрсетіп келеді. Мекеменің қымбат құрылғыларымен танысқаннан кейін, облыс басшысы осы ғимараттан кеңсе алған облыстық ерікті жасақтар штабына бас сұқты. Штаб басшысы Виктор Колтыгин жобалау институты ұсынған орын қызметтеріне жайлы тиіп отырғанын жасырмады. \”Қазгипроцветмет\” ЖШС атынан белсенді жасақ мүшелеріне ай сайын сыйақы да қарастырылған екен. Облыс әкімі халықтық ерікті жасақтардың қоғамдық тәртіп орнатуға өлшеусіз үлес қосып отырғанын атады.
-Біздің облыс осы ерікті жасақтар құрылмай тұрған кезде қылмыс санын қысқарту көрсеткіші бойынша артынан санағанда екінші орында болатын. Ал қазір бұл көрсеткіш бойынша шынымен алдыңғы екілікке еніп отырмыз. Осы халықтық жасақтардың арқасында ауылдардағы мал ұрлығы да азайып келеді. Сондықтан бұл жасақтарға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Промышленная көшесіндегі әскери-техникалық мектеп – отан алдындағы борышын шұғыл түрде атқарғысы келетіндерге мүмкіндік туғыза алатын жалғыз орын. Әскерге бармай-ақ, жауынгерлік билет алу үшін бұл жерде 40 күн оқуың қажет. Бір кезекте 64 сарбаз білім алады. Оқу ақысы – 263 мың теңге. Жатар орын, ішер тамақ, киер киім, жаттығуға қажет жағдайлардың бәрі осы ақының ішіне кіреді. Облыс бойынша әскери дайындықтан өткізіп, патриоттық тәрбие беретін мұндай орталық екеу ғана. Бірқатар ауданның жігіттері Семейдегі мектептен тәлім алса, қалған ауданның болашақ сарбаздары осы жерден білім алады. 40 күн оқыған сарбаздың қолына тиесілі сертификат пен әскери киім беріледі. Қажет болған жағдайда резервтегі жауынгер осы киіммен сапқа тұруы тиіс. Сол сертификат негізінде облыстық әскери комиссариат жауынгерге әскери билет табыстайды. Жыл сайын 400 резервтегі жауынгер дайындап шығарып отырған мекемеде жаттығу орындары мен спортзалдан бөлек автодром бар. Кәдімгі «КамАЗ» көлігінің ішіне орнатылған монитордың көмегімен түрлі жағдайларда көлік айдауды виртуалды түрде меңгеруге болады. Бұл автодромның қызметін қарапайым тұрғындарға да ұсыну жоспарда бар. Аптасына үш рет қоян-қолтық ұрыстан жаттығу өткізетін сарбаздар сенбі күні еркіндікке жіберіледі.
Мектептің директоры, запастағы полковник Қадырәлі Мұқашевтың болашақ жоспарларымен танысқан облыс басшысы әскери білім ордасының жұмысына оң баға берді.
Есімжан Нақтыбайұлы