Қоғам

Ресейден сауын сиырлар сатып алады

Ресейден сауын сиырлар сатып алады


Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Әшіманов пен Қалғұты ауылдық округіндегі «Шығыс-ЖК» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Е.Баймұхамбетов Ресейге барып, сүт бағытындағы 80 бас симменталь тұқымды құнажынды сатып алатын болып, келісіп қайтты.

– Ресейдің Алтай өлкесі, Петропавл ауданы, Зеленая Доль селосындағы «Ануйское» шаруа қожалығына барып, жүргізген келіссөздеріміз сәтімен аяқталды. Ерасыл барлық шығынның он пайызын алдын ала төлеп, алдағы ақпан-наурыз айларында бұзаулайтын асыл тұқымды түліктерді алып кететін болып, нақты шешімге келдік, – дейді Серікхан Тоқанұлы.

Аталған шаруашылыққа ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды 12 мың бас ірі қара шоғырланыпты. Олардан кешегі бауырлас елдердің барлығынан келіп, мал сатып алуға келісіп жатқандар баршылық көрінеді.

Мал шаруашылығын дамытуды, оның ішінде сүт өндіруді, азықтық сүт өнімдерін шығаруды сеніммен қолға алған азамат үлкен қадамға дайындық шараларын күнібұрын жүзеге асырған болатын. Атап айтқанда, округ орталығында сүт өнімдерін шығаруға арналған, ауданы 80 шаршы метрлік ғимарат даяр тұр. 100 бас сауын сиырға арналып жем беру, суару жүйелері тартылған, бір сөзбен айтқанда, механикаландырылған типті тауарлы-сүт фермасы жұмысты бастауға әзір. Көрші ауданнан жүз тонна тартылған жем жеткізіліп, пішеннің мол қоры дайындалып қойыпты.

Енді өндіріс технологы, сауыншы, бұзау күтуші мамандар іздестірілуде. Алдағы жылы «КазАгроФинанс» ауыл шаруашылығын қолдау қоры есебінен лизинг арқылы шөпті, сабанды ұсақтап, жеммен араластыратын қондырғы алып, 25 га суармалы жерге жүгері өсіріп, орылған көк балаусаны ферма іргесінде сүрлемге салу жоспарланып отыр.

Жас кәсіпкердің алға қойып отырған негізгі мақсаты – сапалы сүт өндірумен қатар май, кілегей, айран, йогурт, тағы басқа өнімдерді өзі шығарып, мектеп, аурухана сияқты сүт өнімдерін қаладан тасымалдап жүрген бюджетті мекемелерге ұсыну.

Осы сапарында Ерасыл Баймухамбетов Барнаул қаласындағы «Молэкспорт» компаниясында болып, сүт өнімдерін шығаратын қондырғылар алу үшін қажетті 20 миллион теңгенің жартысын төлеп, шартқа отырды. Компания қызметкерлері қондырғыны өздері жеткізіп, 40 күннің ішінде іске қосып береді. Сондықтан осы айдың аяғында «Молэкспорт» мамандары Қалғұтыға шақырылатын болады. Олармен бірге өңірімізге тың жаңалықтың келері сөзсіз. Ондай жағдайда ауыл тұрғындарына күнделікті сауылған сүттің артығын осында өткізіп, қосымша табыс табуға мүмкіндік туады.

Қалғұты өңірінің Қозыбай атты қыстағында колхоз кезінде сүт фермасы болған екен. Ферма май шайқап, мемлекетке өткізіп тұрған. Ал бүгінгі нарық заманындағы сүт өндірісінің жаңаша сипатқа ие екендігі белгілі. Қалай десек те, күнделікті тұтынатын сүт өнімдері өзімізде шығарылып жатса, үлкен жетістік қой.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button