Қоғам

Ресейден сапасыз арматура тасығанды қою керек

Ресейден сапасыз арматура тасығанды қою керек


«Полимер бұйымдары» ЖШС-інің өзіне қарасты зауыты мен «MArti» cауда орталығы бар. Облыс әкімі Даниал Ахметов «MArti» cауда орталығында болып, зауыттың сөрелердегі тауарларымен танысты.

Бұл сауда орталығының зауыттың іргесінде орналасуы өте тиімді. Себебі шығаратын өнімдерін алысқа тасымай, іргеден жеткізіп, көтерме және жеке бөлшек саудаға түсіріп сата алады. Облыс әкімі Даниал Ахметов сауда орталығының сөрелеріндегі «Челябинск» деген жазуы бар ілмекті, ілгекті арматураларды көріп, сынға алды.

– Су құбырының жапқышын Ресейден неге тасып отырсыңдар? Мұны Өскеменде жасайды ғой. Мына жылтырату құралын кім жасап отыр? – деді облыс әкімі.

Зауыт басшысы Александр Кишко «мұны жартылай біз жасаймыз, жартылай сырттан әкелеміз» деп жауап берді.

-Мұның бәрін сырттан тасығанды қойыңыздар,-деп ескерту жасады облыс әкімі,-мұның бәрі сапалы түрде Өскемендегі кәсіпорындарда жасалады. Мына арматуралық ілмектердің сапасы төмен. Челябинскінің белгісіз бір орындарында жасалған. Ілмекті арматураның барлық диаметрдегі бөлшектері Өскеменнің «Арматура» зауытында жасалады. Сапасы жақсы. Үлкен диаметрлісі «Промарматура» зауытында жасалады.

Ресейден сапасыз арматура тасығанды қою керек

Бұдан кейін осы ғимарат ішінде жиын өтті.

-Мен сіздермен отандық өндіріс, отандық тауар өндірушілер жайлы әңгімелескім келеді,-деді облыс басшысы Даниал Ахметов, – тек санфаяньс қана болмаса, қалған құбырлардың барлығы бізде жасалатындығы өте жақсы. Қазақстан сапа мен баға бәсекесіне орай, Ресейден арматура әкелмейтін болып шешілген еді. Бірақ мұнда жағдай басқаша болып шықты. Оның үстіне, Өскемендегі «Арматура» ЖШС зауытындағы арматуралар жоғары сапалы. Онда өндірістік арматуралар да шығарылады. Ал түрлі диаметрлі ілмекті арматураға келсек, оның қолданыс кепілдігі 25 жылға дейін. Ал Ресейдің қай кәсіпорны осындай кепілдік бере алады? Біз мониторинг жүргізуіміз керек. Бізде өндірілетін тауарды сырттан тасымалдауға болмайды. Біздегі арматура және арматуралық бұйымдар өндіретін Өскеменнің екі ірі кәсіпорнымен, атап айтқанда, «Арматура» ЖШС және «Силумен» зауытының өндіріс орындарын таныстырыңыздар. Неге іргедегі Семейде отырып, олардың тауарларын сатып алмай, шетелден сапасыз өнімдер тасып отырсыздар? Өскеменнің «Арматура» зауытына экскурсия жасаңыздар. Облыста салынып жатқан әр нысанның картасын жасайсыздар. Оған қай елдің техникасы, технологиясы, жабдықтары пайдаланып жатыр, соны тікелей бақылаңыздар. Неге өзіміздің тауар өндірушілерді қолдамасқа?

Облыс әкімі Даниал Ахметов облыстағы су тартқыш технология туралы да айтты. «Сіздер сол су тартатын құрылғының ілмекті бөлшектерін жасауларыңыз керек, – деді облыс әкімі.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button