Қоғам

Ресейден олжалы оралды

Ресейден олжалы оралды


Ресейдің Барнаул қаласында халықаралық дзюдо күніне орайластырылып «Сенсей кубогы» атты жарыс өтті. Оған Семейдегі №1 облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің спортшылары қатысып, жүлделі орындардан көрінді.

Атап айтар болсақ, жарыстың бірінші күнінде 2007-2009 жылдары туған спортшылар бәсекесінде сынға түскен 35 кг салмақтағы Темірлан Шыңғаев бірінші орын алса, Тамерлан Қуанышев (26 кг) пен Аслан Сапарғали (38 кг), сондай-ақ Темірлан Шафхат (42 кг) өз салмақ дәрежелерінде жүлделі үшінші орынға тұрақтады.

Екінші жарыс күні 2004-2006 жылдары туған спортшылар арасында Мәди Серіков (38 кг) топ жарса, Ақжан Шайхисламов (38 кг) пен Данияр Қанағатов (46 кг) – өз салмақ дәрежелерінде үшінші орынға ие болды.

Жарыстың соңғы күні де біздің спортшыларымыз үшін аса жемісті болды. 2001-2003 жылдары туған дзюдошылар арасында 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Жақсылық Жұмабеков пен 81 келіде бақ сынаған Диас Талғатұлы бас жүлдені қанжығаларына байлады. Сондай-ақ Нұрғанат Әлімғазыұлы (46 кг), Айдан Қонысбеков (50 кг) пен Айдар Төлеубаев (55 кг) екінші орыннан көрінсе, Әділ Жанғұттин (46 кг), Азамат Зулжалелов (55 кг) пен Еркебұлан Маратұлы (60 кг) үшінші орынға табан тіреді.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button