Ресейдің жаңа елшісі өңірлермен танысуды Шығыстан бастады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады.
Облыс әкімі кездесу басында Шығыс Қазақстан туралы жан-жақты ақпарат беріп өтті. Атап айтсақ, өңір басшысы Қазцинк, ҮМЗ, Ақтоғай кешені сияқты өлкедегі алпауыт өндіріс орындарының қазіргі тыныс-тіршілігі мен жоспарларына тоқталды. Әлемдегі берилийдің және танталдың 30 пайызы біздің өңірде өндіріледі», деген Даниал Ахметов шикізаттан біртіңдеп дайын өнім шығаруға көшу – басты мақсат екенін қадап айтты. Шығыстағы үш ГЭС-тің – Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су электр стансаларының мол мүмкіндіктерін де атап көрсетті. Аграрлық саладағы облыстың әлеуеті де сөз болды. Мәселен, жылына 1 миллион тоннаданастам сүт өндіретін Шығыс Қазақстан қазіргі кезде көршілес Қытай нарығына өтуді көздеп отыр.
Былтыр Шығыс Қазақстан облысы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 1 миллиард 360 миллион АҚШ доллларын құрапты. Әзірше сатудан гөрі сатып алуымыз көп болып отыр. Бірақ алдағы уақытта алыс-беріс, яғни импорт-экспорт тепе-теңдігі орнайды деп күтілуде. Шығыстың Ресей нарығына өткізер тауарлары да баршылық.
Аймақ басшысы осы жылы тауар айналымы бір жарым миллиард долларға тақайтынын айтып, өзара тиімді қарым-қатынас орнататын салалардың әлі де көп екенін тілге тиек етті.
Даниал Ахметов тараптар арасындағы экономикалық қатынастарға жоғары баға берді. Өңір кәсіпорындары соңғы кездері Ресейге тек шикізат қана емес, сонымен қатар жоғары технологиялық дайын өнімдерді де шығара бастаған. Облыс әкімінің пікірінше, білім саласында да өте тығыз байланыстар орнатуға болады. Біз үшін ресейлік ғалымдардың тәжірибелері мен соңғы жаңалықтары қызықты.
– Биыл облыстағы жоғары оқу орындарының бірінде атомдық технологиялар кафедрасы ашылмақ. Сонда дәріс оқу үшін сіздердің оқытушыларыңызды шақыратын боламыз. Бұл мамандық қазіргі кезде еліміз үшін өте қажет, – деді аймақ басшысы.
Елші мырза өз сөзін лауазымына тағайындалғанынаекі жарым ай ғана болғанын айтудан бастады.
– Мен осы қызметке жуырда ғана кірістім. Бұл – менің Қазақстан өңірлеріне жасап отырған алғашқы сапарым. Оны Шығыстан бастауды жөн санадым. Өйткені мұнда өте табысты жұмыс істеп жатқан біздің консулдығымыз бар. Сондай-ақ Қазақстанның өндірістік өңірі болып табылатын Шығыс Қазақстанда ресейлік компаниялардың қатысуымен құрылған кәсіпорындар көптеп саналады. Алдағы екі-үш күнде облысты аралап, жақынырақ танысуға тырысамын, – деді елші мырза.
Жоспар бойынша, елші Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ұжымымен кездесіп, Өскемендегібірқатар ірі кәсіпорынды аралады.
Ержан Әбіш