ҚоғамСпорт

Рената тағы да үздіктер қатарында

Өзбекстан астанасы Ташкентте мәресіне жеткен көркем гимнастикадан Әлем кубогы үшін жарыстың кезекті кезеңінде Қазақстан құрамасының спортшылары екі бірдей медаль жеңіп алды.

Бір қуанарлығы, ұлттық құрама сапында шығысқазақстандық гимнаст та өнер көрсеткен-ді.

Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, командамыз доппен және лентамен өткен топтық жаттығуда күміс, ал шығыршықпен жаттығуда қола медаль жеңіп алды. Жоғарыда жазғанымыздай, ел құрамасы сапында жерлесіміз де бар болатын. Атап айтсақ, өскемендік Рената Жолдинова әріптестері Сағина Мұратқызы, Айсұлу Мұрзағалиева, Айдана Шаяхметова, Аружан Қасенова және Әсел Шүкірбаймен бірге Әлем кубогы кезеңінің екі жүлдесін қанжығасына байлады.

Еске салайық, бұдан біраз бұрын дәл осы қыздарымыз Әлем кубогы үшін жарыстың Грекия астанасы Афинада өткен кезеңінде де үздіктер қатарынан көрінген болатын. Сол жарыста шығыршықпен өнер көрсеткен аруларымыз алдына Израиль мен Польша құрамаларын ғана жіберіп, қола медальді еншілеген еді.

Жалпы, 19 жастағы Рената Жолдинова бұған дейін бірнеше халықаралық жарыстың жүлдегері атанғанын айтқан жөн. Мәселен, ол екі мәрте Азия чемпионатының жүлдесіне қол жеткізген және оның бірі алтын болатын.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button