Ренат Құрмамбаев Алтай ауданының әкімі болып сайланды
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформалары аясында жексенбі күні елімізде алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.
Шығыс Қазақстан облысында сайлау Алтай және Глубокое аудандарында өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Байқаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелері сайлаушылардың жоғары белсенділігін атап өтті. Таңертеңнен бастап учаскелерде адам көп болды. Тұрғындар бүкіл отбасыларымен, ұжым болып дауыс беріп жатты.
Көптеген тұрғындар осы форматтағы саяси науқанға қатысудың қызықты екенін атап өтті. Шынында да, бұған дейін аудан басшылары тағайындалып келген, енді оларды алғаш рет тұрғындардың өздері таңдап отыр.
Сайлау қорытындысы бойынша Алтай ауданында басқа кандидаттармен салыстырғанда сайлаушылардың ең көп дауысын Ренат Құрмамбаев, ал Глубокое ауданында Эльдар Тумашинов жинады.
– Сайлаушылар тізіміне 45 844 адам енгізілді, – деді Алтай ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ботакөз Түктібаева. – Дауыс беруге 34 607 сайлаушы қатысты. Ренат Құрмамбаев үшін 28 232 дауыс, Раушан Мұсабалинова үшін 5328 дауыс берілді. Сайлау қорытындысы бойынша Алтай ауданының әкімі болып Ренат Құрмамбаев сайланды.
Бүгін халықпен кездесуде өңір басшысы Ермек Көшербаев Алтай ауданының жаңа әкімін таныстырды. Ренат Құрмамбаевқа қызметтік куәлік табысталды.
– Сайлау науқаны аясында аудан тұрғындарымен 75 кездесу және қалатүзуші кәсіпорындардың, шаруа қожалықтары мен ұйымдардың еңбек ұжымдарында 19 кездесу өткіздім. Тұрғындар Осинов асуы арқылы өтетін жол құрылысын аяқтау, ауданда туризмді дамыту, Интернеттің қолжетімділігі туралы мәселелерді көтерді. Мен оларды шешу үшін және жалпы жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін жұмыс істейтін боламын. Мен өз сайлаушыларымның сенімін ақтауға тырысамын, – деді Ренат Құрмамбаев.