Кеңейтілген кеңесТОП

«Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту»

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті деп хабарлайды akorda.kz.

Жиынға премьер-министр, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, парламенттік фракциялардың жетекшілері, сондай-ақ Парламент палаталары, облыстық және аудандық мәслихаттар комитеттерінің төрағалары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалағанын атап өтті.

– Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы жүйелі әртараптандыру – стратегиялық міндет.

Президент Үкімет пен атқарушы органдарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, экономиканы монополиядан арылту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, азаматтардың сапалы медицина мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, табысты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

– Нарыққа қатысушылардың бәрі батыл әрі шұғыл шаралар қабылдауға тиіс. Мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. «Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек. Есесіне елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн. Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады. Сонымен қатар бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет, – деді Президент.

 

Негізі, әр аймақта сондай кәсіпкерлер бар. Міне, осы азаматтар нағыз қолдауға лайық. Олардың ісін елге танытып, кәсібін мемлекеттік деңгейге шығарған абзал. Сонымен қатар оларды бюрократтар мен күштік құрылымдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау қажет.

Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады.

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес.

– Жалпы, жас ұрпақ білімді болмаса, елдің өсіп-өркендеуі жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Бүгінгі білімді жастар ертең Қазақстанды алға жетелейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, басшыларға айналады. Сондықтан мен білім мәселесіне ерекше мән беремін, – деді ел Президенті.

Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн.

– Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар, – деді Мемлекет басшысы.

Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек.

Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек.

– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бізге, ең алдымен, мызғымас бірлік қажет. Сондықтан азаматтарымыз Парламенттің жаңа құрамына ерекше үміт артып отыр. Ал Үкімет Парламентке өз жұмысы жөнінде есеп береді. Жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершілігі күшейтіледі. Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өсті.

Президент реформаларымызды жүзеге асырудағы бірқатар олқылықтарға, түйткілдерге тоқталды. Негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында. Сол себепті нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Оның түрлі себебі бар. Кейбір мемлекеттік қызметшілер, басшылар өз жұмысына селқос қарайды, белсенді емес. Өзіне жауапкершілік алудан тартынады. Бұл, әсіресе, бюджет қаржысын игеру ісінде қатты байқалады. Олар жұмысты сапалы орындауға емес, тапсырманы дер кезінде бақылаудан алуға баса мән береді. Соның зардабын бәріміз тартып отырмыз.

– Мен соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескеріп, 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырдым. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. Сайлау алдындағы бағдарламам да ескерілуі керек. Оған Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен «Аманат» партиясы бағдарламасының негізгі тұстарын қосқан жөн. Басқа партиялардың орынды ұсыныстарына да баса мән берген абзал, – деді Қ. Тоқаев.

Кеңес барысында премьер-министр Әлихан Смайылов, оның орынбасары Алтай Көлгінов, Астана қаласының, Абай, Алматы, Маңғыстау, Павлодар облыстарының әкімдері, Қарағанды, Жетісу облыстық мәслихаттарының төрағалары сөз сөйледі.

 Didar ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button