Реформалардың мән-мағынасын түсіндірді

Ержан Әбіш
Ата Заңға енгізілгелі отырған өзгерістер – еліміздегі түбегейлі реформалардың бастауы. Бұл туралы Өскемендегі Ана мен бала орталығында медицина қызметкерлерімен кездесіп, конституциялық реформаның мәнін түсіндірген Мәжіліс депутаттары Ирина Унжакова, Зарина Камасова және Игорь Панченко атап көрсетті.
Ирина Унжакованың айтуынша, референдумда тұрғындар Парламент орнына Негізгі заңды қабылдайды. Ата Заңдағы 98 баптың 33-іне, яғни үштен біріне өзгеріс енгізілмек. Мұндай ауқымды реформа референдум өткізіп, азаматтар пікірін ескеруді талап етеді.
Референдум бюллетенінде «өзгерістерді қолдайсыз ба, жоқ па?» деген бір ғана сауал болады. Азаматқа «иә» не «жоқ» деген екі таңдау ұсынылады.
– Өзгерістердің бәрі маңызды, әр азаматтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Айталық, жоба бойынша жер халыққа тиесілі болады. Осы ретте «Жерасты байлығынан түскен қаржы азаматтарға бөлініп беріле ме?» деген сұрақты жиі қояды тұрғындар. Атап өтерлігі, мұндай тәжірибе Біріккен Араб Әмірліктерінде ғана бар. Онда мұнайдан түскен қаражат тек ұлты араб тұрғындардың шотына түсіп отырады. Ал біздің елде қара алтыннан түскен ақшаның бір бөлігі Ұлттық әл-ауқат қорына жиналады. Мемлекет ол қаржыны 2006-2008 жылдардағы дағдарыс кезінде пайдаланды. Пандемия кезінде де Ұлттық қорға қол салдық. Жуырда тағы 4 миллиард теңге алынды, ол қаражат экономиканы қолдауға, кәсіпкерлікті субсидиялауға, несиелендіруге қарастырылып отыр, – деді депутат.
Реформа аясында Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылады. Бұрын ол органға тек Президенттің өзі және Парламент депутаттарының үштен екісі бірлесіп жүгіне алатын. Ал құрылуы тиіс Конституциялық сотқа елдің кез келген азаматы жүгінуге құқылы. Сондай-ақ адам құқығы жөніндегі уәкіл институты күшейеді. Сайлау жүйесін де өзгерістер күтіп тұр.
– Мажоритарлық жүйенің енгізілуі еш партияның қатарында жоқ азаматтарға депутат атануға мүмкіндік туғызбақ. Бірақ пропорционалды жүйенің сақталуы да маңызды. Парламент депутаттарының 70, облыстық мәслихаттардағы депутаттардың 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайлана береді. Бұл мәселелерді тиімді шешу үшін қажет. Мәселен, қазір қоғамда зейнетақы жасын төмендету мәселесі жиі көтеріліп жүр. Ертең бір белсенді «Депутат болсам, зейнетке шығу жасын азайтамын» деген уәдемен сайлануы ықтимал. Ал Парламент қабырғасында осы уәдесін жалғыз өзі орындай ала ма? Әрине, қиын іс. Сондықтан мәселені партия атынан көтерген нәтижелі, – деді Ирина Унжакова.
Облыс әкімдерін тағайындау үрдісіне де өзгеріс енбек. Енді Президент облыстық мәслихатқа кем дегенде екі кандидатты ұсынады. Мәслихат депутаттары олардың ішінен лайықты дегенді тағайындауы тиіс.
Кездесуге қатысушылар депутаттардың айтқандарымен келісіп, реформалардың қажет екеніне көз жеткізгендерін атап көрсетті.
– Қаңтар қасіретінен кейін орнаған қазіргі тыныштықты мызғымас деп ойлау – қате. Қауіп толық сейілген жоқ. Елдегі олигополия әлі де мықты. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құрудағы үлкен реформалар осы референдумнан, яғни негізгі Заңды өзгертуден басталмақ, – деді Ирина Унжакова.
Зарина Камасова мажоритарлық жүйенің қайтарылуына үміт артылып отырғанын жеткізді. Азаматтар өздері сайлаған депутатқа көңілдері толмаса, оны қайтарып алу құқығына ие. Сонымен қатар партиялар да өз міндеттерін дұрыс орындамаған депутаттарын қайтара алады.
– Маңыздысы – сіздердің референдумға өз еріктеріңізбен баруларыңыз. Әдеттегідей, басшылықтың нұсқауымен, мәжбүрлі түрде дауыс беру дегенді ұмыту керек. Әркім өз жүрек қалауымен саналы түрде сайлау учаскесіне баруы тиіс. Әлеуметтік желіде «Референдумның қажеті қанша? Қазына қаржысын шығындаудан не пайда?» деген секілді пікірлерді оқып жүрміз. Бұған айтарым, ұсынылып отырған реформалар ұнамаса да, пікіріңізді бюллетеньге белгілеңіз. Референдумның әділ өтуі қажет, – деді Зарина Айдарханқызы.
Дәрігерлер конституциялық реформаларға қызығушылық танытып, заң жобасымен толық қай жерден танысуға болатынын сұрады. Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Арайлым Есімбекова жобаның «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде басылғанын айтып, жоба жарияланған сайттардың сілтемелері мен арнайы әзірленген буклеттер таратылатынын жеткізді.
Игорь Панченко өзгерістердің ешқайсысы азаматтардың бірде-бір құқығын шектемейтінін, керісінше кеңейтетінін атап өтті.
– Мәжіліс депутаттары бір аптадан бері аудан-қалаларда тұрғындармен кездесіп жүр. Әр бапқа жеке-жеке тоқталып, өзгерістердің әр адамға нақты қандай пайдасы бар екенін ұғындырып келеді. Реформаның қажеттілік екенін түсініп, алдағы саяси науқанға біркісідей қатысуымыз керек, – деді Арайлым Есімбекова.
Кездесуде дәрігерлер депутаттарға өз мәселелерін жеткізді. Олар полицейлер мен педагогтердің құқығын қорғайтын арнайы заңдар барын айтып, дәрігерлерге де дәрежелерін нақтылайтын құжаттың қажеттігін атады. «Науқастар тарапынан түрлі балағат, қорқыту сөздерін естиміз, соққыға да жығылатын кездеріміз болады» деген олар осы мәселеге көңіл бөлінуін талап етті. Аталмыш ұсынысты құзіретті органдарға жеткізуге уәде етті депутаттар.