Қоғам

Реформалар халық мүддесін қорғаудан туындаған

Ержан Әбіш

Президенттің биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздің саяси жүйесін түбегейлі өзгерту жөнінде айтылды. Мемлекет басшысы батыл бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіп, жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылдау керектігін баса айтты.

Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Бейсембек Әл-Сейіттің айтуынша, заң жобасын әзірлеу, оны қабылдау – өте күрделі іс, оған үлкен жауапкершілікпен қараған жөн.

– Президент биылғы Жолдауын қаңтар қасіретінің себеп-салдарынан бастап, оны шешу жолында жүргізілген шаралардан бастады. Ол мемлекет басқарудың түбегейлі реформасын, жаңа құрылымдар мен жүйелер ұсынды. Алдағы уақытта бірқатар маңызды заңдар қайта қаралатынын, оның бәрінде ел мүддесі көзделетінін баса айтты. Халық бұл Жолдаудан үлкен өзгеріс күткен еді. Үміт ақталып, он бағыттан тұратын Жолдау қоғамдық өмірге тың серпіліс берді, – дейді әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Бейсембек Әл-Сейіт.

Сала жетекшісінің пікірінше, саяси кешенді бағдарламаларды көздейтін Жолдау құр сөзге емес, нақты әрекеттерге құрылған. Мәселен, партия құру мен тіркеудегі ашықтық, еркіндік, сайлау жүйесіндегі тәуелсіздік және электронды дауыс беру жүйесін орнату – елге тигізер пайдасы зор құптарлық қадамдар. Президенттің қоспалаталы Парламентті қолдауы да мемлекет қызметіне серпін бермек. Заң шығарушы органды күшейту, есеп комитетінің орнына аудиторлық палата құрып, оның қызметін Мәжілісте талқылау да халық алдындағы ашықтықты танытады.

– Құқық қорғау жүйесін күшейту бойынша Жолдауда біршама бастама көтерілді. Кез келген заң актісі Конституциялық кеңесте қаралатындықтан аталған кеңес қажеттілік еді. Президент Жолдауында бұл кеңестің халыққа жақын әрі ашық болуын атап, оны Конституциялық сот ретінде қайта құруды ұсынды. Бұл бастама азаматтар құқығын қатаң қорғауы тиіс, – дейді Бейсембек Қанайбекұлы.

Департамент өкілі мемлекет басшысының әр шешімі ел сұранысын да, мемлекет мүмкіндігін де ескере отырып қабылданғанын айтады. Атап өтерлік жайт, Президент бағдарламаларын халық арасында насихаттау жұмысы департамент құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімі тарапынан жүйелі жүргізіліп келеді.

Осы айдарда

Back to top button