Экономика

Өңірдегі түсті металлургияның межесі қандай?

 Өндірістік әлеуеті зор Шығыс аймағы қашан да өзінің бай әрі алуан түрлі жерасты байлықтарымен мақтана алатыны белгілі. Бағалы металдардың бай қоры қордаланған Алтайдың айналасындағы жиырмадан астам кәсіпорын көп көрсеткіштер бойынша еліміздің өзге өңірлерінен оқ бойы озық тұрғаны да рас. Осы ретте бүгінгі әңгімені өңірдегі өңдеуші өнеркәсіптің 70 пайызын құрайтын түсті металлургия саласына арнамақпыз.

Өндіру мен өңдеудің ірі орталығы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуе­тімізді толық пайдалану екенін баса айтты. Ол осы саладағы табыстарымызға қара­мастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келе жатқанымызды, осының әсерінен өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінетінін де атап өтті. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру сияқты жаңа салаларын дамыту қажеттігін алға тартқан Мемлекет басшысы сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз керектігіне тоқталды. Жолдауда межеленген жобалар іске асса, өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру көзделуде.

Жалпы, ежелгі заманнан бастау алған түсті металды кәдеге жарату кәсібі аймақ үшін жат емес. Шығыс Қазақстан облысы түсті металдарды өндіру мен терең өңдеудің ірі орталығы болып табылады. Бүгінде облысымызда металл өндіріп, өзге аймақтарға экспорттайтын 22 кәсіпорын болса, оның жартысынан астамы яғни, 14-і асыл және түсті металлургия саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының береген мәліметіне сүйенсек, өңірімізде түсті металлургия үлесіне өңдеуші өнеркәсіп көлемінің 70 пайызы тиесілі көрінеді. Саланың жетекші әрі экспортқа бағдарланған кәсіпорындары Казцинк, Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты сынды кәсіпорындар негізінен асыл және түсті металдарды, сондай-ақ титан, магний, тантал және атом электр станцияларына арналған отын шығарумен айналысады. Ал өндірілген өнімнің негізгі үлесі экспортқа жіберіледі.

– 2020 жылдың жеті айында металлургия саласының кәсіпорындары жалпы сомасы 587 млн. теңгенің өнімін өндірді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов. – Бұл көрсеткіш өсткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өскенін көрсетеді. Ал металлургия өнеркәсібінің жалпы көлемінде түсті және асыл металдар өндірісінің үлесі 99,7 пайызды құрады. Облыстың жалпы өңірлік өнімінде өткен жылы металлургия саласындағы өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 25,5 пайызды құрады.

Оның айтуынша, түсті металдарды негізгі тұтынушы елдер қатарына Қытай, Ресей, Германия, Австрия, АҚШ, Жапония, Корея, Франция, Украина, Беларусь және Ұлыбритания жатады.

Еңбек өнімділігін еслей түсті

Сан мен сапа қатар сыналатын уақытта өнім өндіруде кенжелеп қалмау өте маңызды. Бұл бағытта  саланың дамуы оның заманауи технологиялармен біте қайнасуында екені белгілі. Осы себепті, бұл салаға елімізде соңғы жылдары қолға алынған индустрияланудың төртінші революциясы бағдарламасы көптеп көмегін тигізуде. Заманауи технологиялардың кеңінен қолданылып, саланың цифрлануы Кеңестік кезеңнің ескірген техникаларын ысырып, адам еңбегін жеңілдете түсті.

Жалпы, облысымызда цифрлық трансформация және индустрия элементтерін бірінші болып өңіріміздің тау-кен металлургия кешенінің жүйе құрушы компаниялары енгізе бастады. Кәсіпорындар «Индустрия 4.0» элементтерін қолдана отырып, өндіріске технологиялық жаңғырту жүргізуде.

– Бұл бағытта 2025 жылға дейін инвестиция көлемі 17,4 млрд. теңге болатын цифрлық технологияларды енгізуге қатысты 21 жобаны іске асыру көзделіп отыр, – дейді Ержан Шұрманов. – Іске асырылатын жобалар өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Оның ішінде жалпы сомасы 15,5 млрд. теңгені құрайтын 17 жобаға металлургия саласына қатысты кәсіпорындар бастамашылық етті. Кәсіпорындардың жобалары бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттыру мақсатында цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған.

Басқарма басшысының хабарлауынша, қазіргі уақытта облысымыздағы өнеркәсіп саласындағы Казцинк, Шығыстүстімет, KAZMineralsAktogay, Азия Авто, Өскемен титан-магний комбинаты, Бұқтырма цемент компаниясы сынды алты кәсіпорын цифрлық технологияларды пайдаланып отырса, оның төртеуі түсті металлургия бағытында жұмыс істеп жатқандар екен.

– Мысал ретінде «Казцинк» ЖШС-нің Малеев кенішіне «Pitram «қысқа уақыт аралығында мобильді персоналды басқару жүйесін енгізу» жобасын келтіруге болады. Жалпы құны 587 млн. теңгені құрайтын жоба 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Оны іске асыру – кеніштің операциялық қызметін басқарудың автоматтандырылған жүйесін құруға, жабдықтың жұмысы, персоналдың нақты уақыттағы орнын ауыстыру және орналасқан жері туралы ақпарат алуға, үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеуге, 3D визуалдау жасауға мүмкіндік берді, – дейді  Ержан Шұрманов.

Жобаны енгізумен жер асты кенішінде «iiot» технологиясын  қолдана отырып, қысқа уақыт аралығында мобильді персоналды басқару тұжырымдамасы іске асырылды. Жобаны іске асырудың тиімділігі – шахтадағы жабдықтар мен жұмысшылардың орналасқан жерін бақылау, еңбек өнімділігін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту арқылы тау-кен жұмыстарының және жұмысшылардың қауіпсіздік деңгейін арттыру болды. Жобаны енгізу арқылы кәсіпорын 5 жыл ішінде 1 367 млн. теңге экономикалық тиімділік алып, операциялық шығындарды 10 пайызға азайтуды жоспарлап отыр.

– Бұдан бөлек, 2019 жылдың наурыз айында «Казцинк» ЖШС жаңа металлургиялық баланс жобасын аяқтады. Өндірістік деректердің бірыңғай ақпараттық базасы (MMS) құрылып,  қызметкерлер арасындағы өндірістік үрдістерді жүргізудің тұрақты ақпарат және тәжірибе алмасуы қамтамасыз етілді. Жобаны іске асыру нәтижесінде негізгі процестерді цифрландыру жүргізілді. MMS бірыңғай дерекқорынан алынған ақпарат негізінде металлургиялық балансты құру автоматтандырылды. Осылайша, адам факторының әсері азайып, өткізу қабілеті жоғарлады. Нәтижесінде еңбек тиімділігін артты, – дейді Ержан Шұрманов.

Сонымен қатар «KAZMineralsAktogay» ЖШС «PI System өндірістік деректерінің бірыңғай базасының жобасын енгізу, байыту фабрикаларының ТП АБЖ және Pi System карьердің диспетчерлік жүйесін интеграциялау» жобасын іске асырды. Екі жобаны «Шығыстүстімет» ЖШС  жүзеге асырды. Ал Өскемен титан-магний комбинаты биылғы жылы «Индустрия 4.0» элементтерін енгізге қатысты үш жобаны аяқтамақ ниетте.

Саланың әлеуеті сезіле бастады

Облыста түсті металл өндірісі саласына 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында 21,5 млрд. теңге көлемде инвестиция құйылды. Бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,9 пайызға жоғары. Түсті метал өндірісіне салынған инвестициялардың  98,6 пайызы меншікті қаражат болса, 1,4 пайызы банктердің берген несиелері. Ал осы кезең аралығында салаға құйылған шетелдік инвестицияның көлемі 2,5 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіштерден түсті металлургия саласының әлеуетін сезген отандық инвесторлардың қаражатты өзгеге осы салаға  құя бастағанын көреміз.

– Облыста 2020 жылға арналған инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары облыс әкімдігінің 2020 жылғы 16 қаңтардағы № 4 қаулысымен бекітілген, – дейді Ержан Шұрманов. – Жоспардың мақсаты – облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту мен шетелдік және отандық инвестицияларды тарту. Жоспарда алдағы уақытта жаңа инвестицияларды шетелдің қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын жүзеге асыру, өңірге жергілікті атқарушы органдармен шетелдік инвесторларды тарту жоспарланған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button