Қоғам

Өңірдегі өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы тиіс

Өңірдегі өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы тиіс

Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше маңыз беріліп, қолдау көрсетіліп отыр. Мемлекет тарапынан бұл салаға бағытталған қаржының көлемі қыруар, бөлінген несиенің пайыздық мөлшерлемесі өте төмен. Азаматтардың кәсіппен айналысуына барлық жағдай бар. Осы және өзге де мәселелер туралы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте айтылды.
Биылғы он бір айдағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы ақпарат берген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская ең алдымен негізгі көрсеткіштер былтырғыдан және орташа республикалық деңгейден төмен емес екенін жеткізді. Дегенмен, кейбір салаларда төмендеушілік те бар. Айталық, Тарбағатай мен Глубокое аудандарында тауар өнімін шығару көлемі азайған. Басқарма басшысының айтуынша, бұл аталған аудандардағы кәсіпорындардың жабылып қалуымен байланысты.
Сонымен қатар, тау-кен өндірісінде кейін қалушылық байқалады. Оның ішінде, атап айтсақ құрамында алтын, қорғасын, мырыш қоспалары бар түсті металдар кенін өндіру көлемі азайған.
– Негізгі капиталға инвестиция тартуда көрсеткіштерміз жақсы. Бірақ Семей қаласында және Жарма, Бесқарағай, Шемонайха аудандарында жоспар орындалмай тұр. Өткен жылғы деңгейден көріну үшін жыл соңына дейін бізге 36 млрд. теңге мөлшерінде инвестиция тарту керек. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада тоғызыншы орында, – деген Елена Ясинская азық-түлікпен қамту мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, азық-түлік өнімдерін өндіру көрсеткіші ауыз толтырып айтуға келмейді. Нарықтағы отандық өндірушілер тауарларының бәсекеге қабілеттілігі төмен болуы себепті Кедендік одаққа мүше Ресей мен Беларусь елдерінен жеткізілетін импорт көлемі артқан.
Негізгі даму көрсеткіштерінің ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі, құрылыс жұмыстарының орындалуы, қолданысқа берілген тұрғын үйлердің ауданы, жұмыспен қамту, бөлшек сауда айналымы, орташа еңбекақы мен меншікті табыс деңгейі, инфляцияны тұрақтандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша біздің облыс республикалық орташа деңгейден бір саты төмендеген жоқ.
Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында баса назар аударылған шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тапсырмасы жиында қаузалған басты мәселенің бірі болды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың есебінше, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы 78 млрд. теңгенің 389 өтінімі ресімделген. Жалпы, мақұлданған жобалардың саны бойынша біздің облыс республикада екінші болса, мемлекеттен алған субсидия көлемінен үшінші орында. Дейтұрғанмен кейбір бағдарламалар аясында қазынадан бөлінген қаражатты игеруде ширақтық таныта алмай жатқан жайымыз бар. Мәселен, өңіріміздегі төрт моноқала: Риддер, Курчатов, Зырян және Серебрянкаға моноқалаларды дамыту бағдарламасымен жалпы сомасы 250 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бүгінгі күні соның бар-жоғы қырық миллион теңгесі ғана кәдеге жаратылыпты. Қалған сома алдағы жылы игерілмек.
Жиында Семейдің кәсіпкерлік белсенділігі Өскеменмен салыстырғанда екі-үш есе төмен деген дерек айтылды. Басқарма басшысының бұл мәліметі облыс әкімінің тарапынан қатты сынға ұшырады. Қазынаға қомақты салықтық түсімдер әкелетін ШОБ саласының сапасын арттырып, санын көбейтуге жергілікті атқарушы билік өкілдері мен жауапты басқармалар бірлесе атсалысуы қажеттігін ескерте келе, Даниал АХМЕТОВ:
– Семейдегі кәсіпкерлік саласының белсенділігі облыс орталығымен салыстырғанда екі-үш есе төмен болуының себебі неде? Бұл бағытта қандай да бір талдау жұмыстары жасалды ма? Сіздің сөзіңізге қарағанда ешқандай талдау жасалмағанға ұқсайды. Салаға жауапты басқарма басшысы ретінде сізге Семей қаласының әкімімен бірге осы проблеманың себеп-салдарына терең талдау жасап, мәселенің түйінін шешу үшін не істеу керектігін анықтау қажет еді. Бірақ олай болмай шықты. Ең бірінші кезекте сіз бен біздің міндетіміз – мемлекеттің, Президенттің жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру. Ендеше, жағдайды сырттан бақыламай, кәсіпкерлердің қолынан келмейтін шаруаларға көмектесуге, бағыт-бағдар сілтеуге тиіссіздер, – деп қадап тұрып айтқан облыс әкімі бір аптаның ішінде Семей қаласының кәсіпкерлік саласына терең талдау жасауға аталмыш басқарма басшысына тапсырма берді.
Оған қоса аймақ басшысы шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндіретін өнімдердің көлемін ұлғайту үшін алдымен олардың қандай тауар шығаратынын және болашақтағы мүмкіндіктері қандай екенін зерттеп, зерделеп алу қажеттігін ескертті. Содан кейін ғана ол тауарларды өткізетін нарықтың керегесін кеңейту бағытында жұмыстар қолға алынатын болады.
Элиталы тұқымдарға басымдық беріледі
Күзгі жиын-терін жұмыстары, себілетін тұқымның сапасын жақсарту, минералды тыңайтқыштарды пайдалану, дәнді дақылдардың құрылымы және өзге де мәселелер туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов баяндама жасады.
Оның сөзіне қарағанда, биыл қолға алынған шаруалардың арқасында, яғни, егістік алқаптың көлемін арттыру, тыңайтқыштар алуға мемлекеттен субсидия беру және жоғары сапалы тұқымдарды сіңіру өзінің жемісін берді. Әсіресе, Шемонайха, Зырян, Глубокое, Ұлан, Бородулиха, Бесқарағай сияқты топырағы құнарлы, жазы жаңбырлы аудандарда егін бітік шықты. Ал Үржар, Күршім, Көкпекті, Аягөз, Жарма сияқты оңтүстік аудандарда суық көктем мен құрғақ жаздың кесірінен өнім көлемі мардымсыз. Оның үстіне күздегі қолайсыз ауа райы, жауын-шашын даладағы ырысты ысырапсыз жинап алуға кедергі келтірді. Өңір диқандары дәнді дақылдарын шашау шығармай қамбаға жеткізіп алғанмен, майлы дақылдарының жартысы қар астында қалды. Нақты дерекке сүйенсек, 23 мың гектарға жуық күнбағыс алқабына орақ тимеген. Соған қарамастан жиын-терін науқаны әлі жалғасуда. Дүйсембай Селихановтың айтуынша, қазіргі күні далада тоңазып тұрған майлы дақылдарды жинап алып, кептіретін агрегаттар әрбір шаруашылық құрылымда бар. Жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Сондықтан ысырапқа жол бермеу үшін шаруалар барын салуда. Өз кезегінде басқарма басшысы көпшілік диқандар мол табыс табу мақсатында будан күнбағыс тұқымын отырғызады екен. Ал оның пісіп-жетілу уақыты өте ұзақ. Біздің табиғат жағдайына келмейді. Оларды жинап үлгергенше, қыс түсіп кетеді.
– Біз сапалы тұқымды пайдаланатын шаруашылықтарды қолдауымыз керек. Себебі, тұқым сапасын жақсартпай, мол өнім алмаймыз. Мемлекет тарапынан жасалатын қолдау, арзан жанар-жағармай мен субсидия алдымен элиталы тұқыммен жұмыс істейтіндерге берілсін. Сондықтан іріктеу шаралары нақты жүргізілсін, – деп атап көрсеткен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңірдегі өсімдік шаруашылығын қолдау үшін әуелі оған терең талдау жүргізу қажеттігін айтты және бұл міндетті жауапты басқарма мен әкімдерге тапсырды.
Бұған қоса аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның сүт және ет өндіру әлеуеті жоғары екеніне тоқтала келе, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтсақ, бірінші кезекте әрбір сүт фермасындағы сауын сиырлардың құрамы мен тұқымын, жемшөп қорын, технологиялық базасын зерттеп, талдау жасау. Соған сәйкес саланы дамытудың тетіктері көрсетілген ұсыныстар дайындау. Ал етті ірі қара малын өсіру – ол екінші кезеңде іске асырылатын шаруа. Бұл келесі жылдан бастап қолға алынады. Мұның бәрі – отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жоба-жоспарлар.
Аппараттық кеңесте қаралған тағы бір мәселе Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған міндеттердің жүзеге асырылу барысы болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев өзінің баяндамасында Жолдауда көрсетілген әрбір бағыт бойынша жеке-жеке жоспар бекітіліп, нақты тапсырмалар тағайындалғанын жеткізді.
– Бүгінде маңызды құжатты жалпақ жұртқа түсіндіру мақсатында ел ішінде ақпараттық топтар белсенді қызмет атқаруда. Сондай-ақ, бұл топтар Жолдаумен қатар, тұрғындарға үлкен көмек-қолдау болып отырған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар туралы нақты мысалдармен түсіндіруде. Алғашқы жартыжылдықта жүргізілген сауалнамаларға қарағанда өңір халқының бәрі бірдей мемлекеттік бағдарламалар туралы біле бермейтін болып шықты, – деді Ербол Нұрғалиев.
Облыс әкімі Жолдауды түсіндірген кезде құнды құжатта көрсетілген бағыттарды жергілікті жерде жүзеге асырылып жатқан нақты мысалдармен байланыстыра отырып жеткізу қажеттігін еске салды.
Жиынды түйіндей келе, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Президент тапсырмасына сәйкес инвесторлар тарту арқылы балабақшалар салуды белсендіру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру, электр қуатының қымбаттап кетуіне нендей себептер әсер еткенін тексеру сияқты нақты міндеттерді жыл соңына дейін тиянақтауды тапсырды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button