Өңірде тегін ІТ-сыныптары ашылады

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы алдағы уақытта партияның жаңа әлеуметтік жобаларын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүзеге асырмақ. Осы мақсатта облыстық филиал ғимаратында тараптар арасында бірнеше әлеуметтік бағытты қамтыған меморандумға қол қойылды.
Мәселен, партиялық жаңа жобалардың бірі – үштілділікке көшу. Мұндағы көзделген басты мақсат – балалар мен мұғалімдердің ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту және еріктілер қозғалысының дамуы үшін тілдік ортаны құруға бағытталған партияның «Үш тілді меңгеру» бастамашыл жобасын іске асыру бойынша бірлескен әрі келісілген іс-шараларды жүзеге асыруда тараптардың өзара жүйелі іс-қимылын және сындарлы ынтымақтастығын қамтамасыз ету.
Осы бағыттағы меморандумға партияның облыстық филиалымен бірге облыстық білім басқармасы, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан-Американ еркін университеті және облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қол қойды.
– Партияның жаңа әлеуметтік жобаларын іске асыруды алдымен осы меморандумдардан бастап отырмыз. Олардың қатарында балалар үшін тегін IT-сыныптарын ашу, IT-мамандарын даярлау, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мектеп асханасын жаңғырту, мектептердің спорттық алаңдарын қайта құру, төменгі сыныптар үшін денсаулық сабағын енгізу, «Қазақстан кітапханасы – заманауи білім орталығы», үш тілділікке көшу секілді маңызды жобалар бар. Бүгін осы жобаларға бірге атсалысатын тиісті мемлекеттік органдар өкілдері түгел жиналып, бірге жұмыс істеуге келіп отыр, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Олег Чугунков.
Партия филиалымен жоғарыда аталған бағыттар бойынша меморандумға сонымен бірге С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, ішкі саясат басқармалары және Өскемен мен Семейдегі бірқатар колледждер басшылары да қол қойды.
Олег Чугунков партияның мектеп асханасын жаңғырту жобасы бірінші кезекте балалардың болашағы үшін қолға алынғандығын жеткізді.
– Қазіргі кезде мектеп асханалары жабдықтарымен бірге жалға беріледі. Оны жаңғыртудың уақыты жетті, себебі асхана мәзірі балалар ағзасының қажеттіліктерін ескере отырып, тамақтану стандарттарына сай болуы тиіс. Сол үшін асханаларды ұзақ мерзімге сенімді басқаруға беру қажет. Ал әзірге мектеп асханалары тендер арқылы жалдаушыға бір жылға ғана беріліп келеді, – дейді Олег Чугунков.
Дәурен Аллабергенұлы