Қоғам

Өңірде тасқынға дайындық жұмыстары қандай?

Өңірде тасқынға дайындық жұмыстары қандай?Көктемгі қам-қарекет

Биыл өңірде қарлы қыстың мезгілі әдеттегіден қысқа болғанымен ақпан, наурыз айларында бұрқасынды бораны да, жапалақтап жауған қары да, көктайғағы да болды. Енді күн райы қалай болар екен? Өзен-сулар арнасынан асып, таси ма? Қай аудандарда су басу қаупі бар? Қауіп төнсе, қарсы тұруға қаншалықты дайынбыз?
Осы мәселеге орай 11-наурыз күні Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ Үкімет отырысында әкімдерге су тасқынына дайындық мәселелерін қадағалауда ұстауды тапсырған-ды.
Ал біздің өңірде су тасқынын болдырмау мақсатында қандай шаралар жүзеге асып жатыр? Аймақта атқарылып жатқан шараларға байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Нұрбатчанов: – Су басу қаупінің алдын алу үшін жергілікті билікпен бірлесе отырып қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл қауіптің алдын алу үшін ең алдымен әр ауылдың, әр көшенің тұрғыны өз үйінің маңайын қардан тазартып, бұлақ көздерін ашып отыруы тиіс. Біз өз тарапымыздан жүктелген міндеттерді орындауға, қауіптің алдын алуға, құтқару жұмыстарына әрқашан да әзірміз, – деп түсініктеме берді.

Мамандар мен техникалар сақадай сай

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Әлібек Длимовтың мәліметінше, былтырғы қазанда жоспар бойынша әр ауданда өзен-бұлақтардың арнасы тазартылыпты.
– Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес көктемгі су басу қаупінің алдын алу үшін 5 жедел топ құрылып, бірқатар іс-шаралар атқарылды. Қазіргі уақытта аталмыш топтар 11-16 наурыз аралығында тиісті жерлерді аралап, қажетті жұмыстарды жүргізуде. Заманның талабына қарай департамент қызметкерлері ғарыш арқылы облысымызда қардың еруі мен күннің бұлттылығын қадағалап, су басу қаупі бар аудандарды фотосуретке түсіріп, зерттеп, соған қарай қажетті шаралар қолданып отырады. Су тасқынына тосқауыл қою үшін құм толтырылған қаптар да әзірленді. Мәселен, Күршім ауданында 24 000 қап дайындалса, Үржар ауданында 20 050 қап құмға толтырылды. Ал Курчатов қаласы үшін 500 қап әзірленді.
Су басу қаупі төнген жағдайда тікұшақпен кез келген елді мекенге ұшып жетуге әзірміз, – дейді Әлібек Длимов.

Керек дерек

Қазіргі уақытта облыс бойынша су басу қаупін сейілту мақсатында жұмыс жүргізетін арнайы мамандар мен қажетті техникалар саны:
840 адам
540 техника
9 мотопомпа
22 қайық

Аймақта су басу қаупі бар ма?

Дәл қазіргі уақытта бұл сұрақтың жауабын дөп басып айту қиын дейді мамандар. Алайда, алдыңғы жылы тоң болып қатып қалған жердің қалыңдығы 34 сантиметр болса, былтырғы күз ұзақ болғандықтан 74 сантиметрге жеткен екен.
«Қазгидромет» мамандарының болжамына сенсек, наурыз айында күн райы күндіз жылы болғанымен, түнде температура бағаны төмендейді.
Қалай болған күннің өзінде, көктемді күтпей күздің күні әр тұрғын өз ауласының маңындағы бұлақ көздерін қоқыстан тазартып, қыста, көктемде ауласындағы қарды ыңғайлы орынға шығарып, сақтық шараларына ерте бастан кіріскендері дұрыс секілді.

Тақырыпқа тұздық

Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың ауа райын болжау ырымдарына да көз жүгірте отырайық.
Құс қанаты. Наурыз айының соңына қарай жылы жақтан құстар ұшып келе бастағанында қар аралас жаңбыр, суық жел тұрып, ауа райы бұзылады. Оны халық құс қанаты дейді. Суық бейне бір құс қанатымен келгендей.
Аласапыран. «Наурыз, сәуірде қардың күрт еріп, айналаның лайсаңға айналуын осылай деп атаған» – дейді аталарымыз.
Бесқонақ. Наурыздың 17-21 аралығында жауын-шашын болады. Жыл сайын осылай қайталанып тұрады. Бес күнге созылатын суық әрі лайсаң күндерді қазақ бесқонақ деп атап, бұл кездері көшпей, жолға шықпай, сақтық шараларын жасаған.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button