Қоғам

Өңірде 11 жатақхана салынады

Өңірде 11 жатақхана салынады


Президенттің бірінші әлеуметтік бастамасын іске асыру (баспанамен қамту) және үшінші бастамасының аясында аймақта жатақхана салу мәселесі облыстық әкімдікте өткен кезекті облыстық қоғамдық кеңестің және аймақтық демократиялық күштер коалициясының бірлескен мәжілісінде жан-жақты қаралып, онда облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов нақты қолға алынған шаруаларды баян етті.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов алдымен Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарға тоқталып, бұл құжатта мемлекет тарапынан қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы әлеуметтік мәселелер толық қамтылғандығын нақты мысалдармен атап көрсетті.

Серік Ақтанов өз баяндамасында «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес қатысу үшін қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда екінші деңгейлі сегіз банк анықталғанын жеткізді. Оның ішінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де бар. Келтірілген мәліметтерге сүйенер болсақ, ағымдағы жылды жалпы ауданы 380 мың шаршы метрді құрайтын 57 несиелік және коммерциялық баспаналардың құрылысы жүргізілуде. Пәтерлердің барлық саны – 4389.

– Оның ішінде несиелік баспана – 32 тұрғын үй (2470 пәтер). Мұның ішінде биыл қолданысқа берілетіні – 23 (1623 пәтер). «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы берілетін коммерциялық үйлер саны жетеу (670 пәтер), бұлар биыл іске қосылады. Ал өзге де коммерциялық мақсатта салынып жатқан үйлер саны – 18 болса (1249 пәтер), оның бесеуі биыл дайын болады. Олардағы пәтер саны – 374. Сонымен қатар өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының операторлары – «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы және өңірлік бағдарламалар аясында жеке үй салушылармен салынған үйлер бар. Жоғарыдағы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға дайын бұл 1374 пәтер Өскемен, Семей, Курчатов қалаларында және Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 613 пәтерді іске қосу жоспарлануда. Сонда барлығы 1987 пәтерді құрамақ, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ұлттық банктің ағымдағы жылғы 4 қазанға берген мәліметі бойынша, облыста екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекалық тұрғын үй заемын алуға барлығы 187 өтініш қабылданса, оның 1 125,8 млн. теңгені құрайтын 125-і мақұлданған.

Бұдан бөлек Серік Ақтанов үшінші бастаманың аясында аймақта жатақхана салу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2018-2022 жылдар аралығында облыста 4608 орынды құрайтын 11 студенттік жатақхана ашу көзделген. Оның сегізі жаңа құрылыс есебінен болса, біреуі жөндеу жүргізу, біреуі құрылысты аяқтау, тағы біреуі ғимаратты сатып алу есебінен ашылмақ. Қазір облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Өскемен, Семей және Аягөз қалаларындағы колледждер үшін 5 жатақхананың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр, құжаттардың аяқталу мерзімі 2018 жылдың желтоқсан айы.

Сондай-ақ, биыл Семейде Электротехникалық колледж үшін 250 орындық жатақхана ашу жоспарланған.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button