Қоғам

Жастар форумын Шалқар Жоламанов жүргізді

Жастар форумын Шалқар Жоламанов жүргізді
Бұл кеште Жекпе-жек сарайын жастық жігердің рухы кернеп, нұрлы болашаққа деген сенімнің сазы тербетті. «Біздің №1» жастар форумына жиналған жастар 1200 орындық залға әрең сыйды. Форумға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та қатысты.

Форумның шымылдығын «Жай-дарманның» жоғарғы лигасында табысты өнер көрсетіп жүрген аягөздік «Жастар» КТК командасы түрді. Астарлы әжуаларымен, әсерлі әзіл-дерімен замандастарының көңілін бір серпілткен «Жастардың» тек мемлекеттік тілде ғана өнер көрсетуі көпшіліктің көңілін марқайтты.

Бұл форумға аға буын атынан ардагер спортшылар да қатысты. Ал құрметті қонақ ретінде шақырылған даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, бокстан Әлем чемпионы Мерей Ақшалов өз лебіздерін білдірді. Форумды Шығыстың шымыр ұлы, қазақ күресінің қабыланы Шалқар Жоламановтың жүргізуі ерекше әсер сыйлады.

Құттықтау сөзінде аймақ басшысы форумға қатысушыларды спортпен белсенді шұғылдануға шақырды.

– Осыдан 22 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды. Сол 22 жылдың ішінде Елбасы жүргізген саясаттың арқасында Қазақстан әлемге танымал мемлекетке айналды. Оған түрлі деңгейде өткен саммиттер дәлел. Соңғы он күн ішінде осынау айтулы мереке аясында облыс бойынша көптеген игі шаралар өтіп, халық мерекенің шапағатын көруде. Бүгін бас қосып отырған мынау Жекпе-жек сарайы – Тұңғыш Президент күніне орай ашылған көп нысанның бірі. Мемлекет басшысының халықтың кем дегенде 30 пайызы спортпен айналысу керектігі жөнінде тапсырмасы бар. Сол тапсырманың үдесінен шығу мақсатында облысымызда көптеген нысандар қол-данысқа беріліп жатыр. Әлі де салынатындары қаншама! Соңғы он айда біздің өңірдің спортшылары олимпиадалық бағыттағы спорт түр-лерінен өткен республикалық жарыстардан
206 алтын медальды ұтып алды. Құрметті жас достар, біздің спорт нысандарын көптеп салудағы мақсатымыз тікелей сіздермен байланыс-ты. Ертең сіздердің де араларыңыздан Дәулет Тұрлыхановтай балуандар, Ольга Рыпаковадай атлеттер, Мерей Ақшаловтай боксшылар шығуына мүдделіміз. Біз ұсынып отырған мүмкіндікті пайдалана білсеңіздер, мақсат орындалды деген сөз, – деді облыс Әкімі.

Форумның келесі бөлімінде дәстүр бойын-ша жыл бойы өзін жақсы қырынан таныта білген жастар түрлі аталымдар бойынша облыс Әкімінің сыйлықтарына ие болды. «Жылдың үздік жастар акциясы» аталымы бойынша Аягөз жастары, «Үздік жастар бірлестігі» аталымы бо-йынша Семей КТК лигасы, «Жас кәсіпқой» аталымы бойынша Тоғжан Мұқатаева, «Көшбасшы студент» аталымы бойынша Талант Бейсенбеков, «Жастар көшбасшысы» аталымы бойынша Мерей Ақшалов үздік деп танылды. Сондай-ақ, облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Елена Пашке «Жылдың жас журналисі» атанса, «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясы-ның журналистері Зәуре Құлманова мен Берік Көшербаев «Үздік жас отбасы» ретінде арнайы дипломмен марапатталды.

«Тұңғыш Президент күні біздің жанұя үшін ерекше мейрамға айналып үлгерді. Өткен жылы дәл осы мереке қарсаңында жылдың үздік журналисі атанған едім. Бүгін жұбайыммен бірге үздік отбасы ретінде танылдық» дейді Берік Көшербаев
Форумға аттай қалап алдырған меймандар да жастарға жігер берер тілектерін арнап, Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай құттықтауларын жолдады.

Дәулет Тұрлыханов бұл форум Ольга Рыпакованың туған күніне сәйкес келгенін атап, боксшы Мерей Ақшаловқа тұлпар сыйлады.

«Елбасы саясатының арқасында көпұлтты мемлекетіміз бірлігі мен тірлігі жарасқан, іргелі мемлекетке айналды. Соның айғағы – осынау Жекпе-жек сарайы. Өңірде спорт, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, машина жасау сынды барлық саланы ақсатпай, дамытып отырған облыс басшысына да алғыс айтқым келеді, –
деген даңқты балуан туған өлкеден олимпиада мен Әлем чемпиондары шығуы үлкен мақтаныш екенін атады.

Жастар атынан сөз сөйлеген Әсел Берікханова мен Денис Лазарев мәртебелі меймандарды бүгінгі толқынның лайықты ізбасарлары өз араларында көп екеніне сендіріп, белсенді жастар үшін үлгі тұтар тұлға Елбасы екенін мәлімдеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button