Қоғам

Өңірді өркендетудің негізгі бағыттары талқыланды

Өңірді өркендетудің негізгі бағыттары талқыланды

Облыс әкімдігінде Шығыс Қазақстанның 2016-2020 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасының жобасы талқыланды.
Айта кетейік, аталған бағдарламаны әзірлеуге облыс әкімдігіне еліміздің Ұлттық экономика министрлігі мен «Қазақстанның өңірлік дамуы» Еуропалық одақ жобасы қолдау білдіруде. Алдағы бес жылға межеленген бұл құжат мемлекеттік жоспарлау үдерісінің бір бөлігі болып табылады, сондай-ақ, Үкімет облыстық әкімдіктер жұмысын сараптаған кезде осы құжатты негізге алады.
Жиын барысында тиісті басқармалар мен жауапты салалардың өкілдері өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Стратегиялық құжат жобасын қатысушыларға облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Ұлақова таныстырып шықты. Оның айтуынша, бағдарламада негізінен дағдарыс уақытында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, оның ішінде әсіресе, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, жұмыссыздықты азайтуға ықпал ететін салаларға көңіл бөлінген.
– Әлеуметтік тұрақтылық, экономикалық өрлеу және іскерлік белсенділік, міне, осы басымдықтар алдағы бес жылда өңірдің дамуына серпін беретін болады. Бұл аталғандар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес келеді, – деп түсіндірген Сәуле Ұлақова облыс аумақтарын дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды.
Атап айтсақ, металлургия мен машинақұрастырудан бастап, өнеркәсіп, инновацияларды дамыту әріптестіктерін құру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, қызмет көрсету әлеуетін жетілдіру, туризм, шағын және орта бизнес, жұмыспен қамту, көлік және жолды дамыту сияқты бірқатар салаларға назар аударылған.
Мәселен, туризм саласы бойынша 2020 жылға дейін Шығыс Қазақстанның ұлттық туристік кластерін құру міндеті қойылыпты бағдарламада. Кластер негізінен емдеу-сауықтыру, экологиялық, мәдени-танымдық, тау шаңғысы туризмдеріне мамандандырылмақ. Сонымен қоса, Риддер қаласында, Зырян, Катонқарағай, Үржар аудандарында тиісті инженерлік коммуникациялық жүйелерімен қамтылған туристік нысандар салу мәселесі де қаперге алынбақ.
Сонымен қатар, жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Асхат Садыров, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Виталий Чернецкий, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Оксана Желякова және басқалары сөз тізгінін алып, бағдарламаға қатысты ұсыныстарын айтты.
Айтылған ұсыныстар ішінде кітапханашылар қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Хабиба Ақжігітованың мәдени даму мен ақпараттық қолжетімділікті, оның ішінде халықтың ақпараттық қызмет түрлеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету, электронды мұрағат қорын құру, сол сияқты қоғамдық бірлестік жетекшісі Татьяна Чернышованың экологиялық медицинаны дамыту тұрғысында ортаға салған ойлары көңілге қонымды болды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button