Қоғам

Өңірдің өнеркәсібі өрге басып келеді

Өңірдің өнеркәсібі өрге басып келеді


«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен облысымызға келді. Сапардың басты мақсаты – «Өңірлерді дамыту-2020», инфрақұрылымды өркендетуді көздейтін«Нұрлы жол», тұрғын үй құрылысына қарқын беруді мақсат тұтатын«Нұрлы жер» сияқты негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен және Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысу.
Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед Өскемен қаласында кезекте тұрған азаматтар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасын тексеріп, «Даму» қоры арқылы қаржыландырылған «Силумин-Восток» кәсіпорнының ұжымымен кездесті.

Мұндай қарқынды құрылыс Өскеменде болған емес

Жалпы Өскемен қаласындағы №19 шағын ауданда 2021 жылға дейін 144 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде жалпы ауданы 876 мың шаршы метрді құрайтын алты мыңнан астам пәтер халық игілігіне берілмек. Облыс орталығында мұндай ауқымдағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге Елбасының бастамасымен қолға алынған жаңа мемлекеттік бағдарламаның арқасында мүмкіндік туып отыр. Аталған тұрғын үйлерге коммуникация жүргізу үшін тек «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ғана өңірге 9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Жаңа пәтерлердің халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне, бюджеттік мекемелердің еңбеккерлеріне және мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге берілетінін ерекше атап өткен жөн.
Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге аталмыш үйлердің құрылыс жұмыстарымен арнайы танысты. Болашақта бұл ауданда Өскемен шаһарының сол жағалаудағы орталығын құру көзделуде. Қазірдің өзінде мұнда тұрғын үйлерден бөлек, облыстық сот, прокуратура, қан орталығы, бір мың орындық орта мектеп, балабақша және дзюдо орталығының ғимараттары пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Өскемен қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, келешекте осы аумақта әкімдік ғимаратын, спорт кешенін, кинотеатр, студенттер қалашығын және қазіргі заманғы сауда орталығын салу жоспарланып отыр.

–Елбасының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша Шығыс Қазақстан облысына бүгіннің өзінде 161 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қазір біз тұрған жерде жалпы сомасы 79 миллиард теңгені құрайтын 144 тұрғын үй салынып, мыңдаған адам пәтерге ие болады. Мұндай кең көлемдегі тұрғын үй құрылысы Өскеменде ешқашан болған емес. Келешекте бұл жерде 100 мыңнан астам адам тұратын болады, бұл – бір шағын қала деген сөз, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммедосы жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының өңірге жасап отырған ерекше қамқорлығының арқасы екенін атап көрсетті.

Өңірдің өнеркәсібі өрге басып келеді

Кәсіпкерлікке кең өріс ашылды

Соңғы жеті айда облысымызда өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 845 миллиард теңгеден асты. Үшінші жаңғыру бағдарламасы аясында қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қатарында «Силумин-Восток» серіктестігі де бар. Бұл жерде сорғы қондырғылары, құбыр желісіне арналған арматуралар және кез келген жұмысқа қолдануға болатын электр-техникалық бұйымдар шығарылады. Таяуда аталған өндіріс орны «Даму» қоры арқылы 213,5 миллион теңге көлемінде тиімді несие алған. Бұл қаражат жаңа қондырғылар сатып алуға жұмсалыпты. Бір ғана заманауи станоктың құны 400 мың еуро тұрады. Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдаудың арқасында жергілікті кәсіпкерлер Орталық Азия мен Ресей нарығына шығуға мүмкіндік алып отыр. Ең бастысы, Өскеменде жасалатын технологиялық өнімдердің сапасы шетелдік бұйымдардан еш кем емес.

–Елбасымыз шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдайларды жасап келеді. Ең дамыған елдердің экономикасындағы шағын және орта бизнестің алатын орны 60-70 пайызға дейін жетеді. Шағын бизнес – кез келген жағдайға тез бейімделе алатынбизнес. Сондықтан, Елбасының осындай қамқорлығы арқасында тек қана Шығыс Қазақстан облысында 40-тан астам жаңа кәсіпорын ашылып, онда алты мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Бұл үш мәселені шешеді, бірінші – өңір экономикасы әртараптандырылады, екінші – жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары ашылады, үшінші – бәсекеге қабілетті өнім шығады. Демек, мұндай кәсіпорындардың ел экономикасында алатын орны ерекше деп білем, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

«Силумин-Восток» зауытының іргесі 1996 жылы қаланған. Алғашында мұнда бар болғаны 11 адам жұмыс істесе, бүгінде кәсіпорын 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалақыларын ай сайын алады, өздерінің спортзалдары да бар.

– Қазіргі кезде мемлекет қолдауының нәтижесінде зауытымыз қарқынды жұмыс істеп тұр. Түрлі инженерлік жұмыстармен айналысатын біздің кәсіпорын үшін мұндай қолдаулар таптырмайтын мүмкіндік. Соның арқасында бүгінде жобалау кезеңінен бастап кез келген күрделі нысандарды салуға және ғимараттарды автоматтандыруға қол жеткіздік, – дейді «Силумин-Восток» ЖШС-нің даму жөніндегі директоры Зоя Новолодская.

Сонымен қатар, сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед этноауылда болып, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы өкілдерімен жүздесті. Аталмыш кешенде өңірде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстардың 17 үй-жайы орын тепкен. Кездесуде негізінен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тың бастамалар жайы сөз болды.

Ал «Нұр Отан» партиясының облыстық активімен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамасын әр шығысқазақстандыққа жеткізіп, түсіндірудің маңызы зор екеніне айрықша назар аударды. Соған орай нақты тапсырмалар беріп, осы жолда партияның әр мүшесі аянбай еңбек етуі керектігін айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед:

–Шығыс Қазақстан – тек қана қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халқының, керек десеңіз бүкіл адамзаттың алтын бесіктерінің бірі. Мұнда қасиетті, киелі орындар өте көп. Біз оларды бағалай білуіміз керек. Оны болашақ ұрпақ бағалай білуі керек. Ол үшін біз оларға баратын, келетін жолдарды жөндеп, жаңғыртудан өткізуіміз қажет. Өзіміздің және шетелден келетін туристердің көріп, тамашалауына мүмкіндік жасауымыз керек. Осы жағынан қарасақ, өңірде алты жылдық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әзірленген. Келешекте Шығыс Қазақстан бүкіл дүниежүзі туристерінің сүйікті орнына айналатынына сенімдімін.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button