Қоғам

Өңірдің ең үлкен тұрғыны

Өңірдің ең үлкен тұрғыны


Өскеменде тұрып жатқан Бижамал апа өзінің 107–інші көктемін қарсы алып отыр. 1911 жылы дүниеге келіп, әлі күнге дейін арамызда жүрген ақ жаулықты әже «Ұзақ жасауымның құпиясы –тынымсыз еңбектің, кең пейілімнің арқасы шығар», – дейді.

Бижамал Еңсебайқызының үлкен қызының өзі Жамбы апа бүгінде сексенге аяқ басып отыр. Әже өзі көтерген бес құрсақтан қалған екі қызының бірі осы Жамбы апаның қолында тұрып жатыр. Қызының айтуынша, қос жанарының ерте семіп қалғаны болмаса, әженің сөзі ширақ, ойы жинақы, құлағы естиді. Үй ішінде емін-еркін жүріп, тұрады. Үш ұлын қу шешек жалмап, ашаршылық зұлматын да, сұрапыл соғыс заманын да көріп, қиямет-қайымның бәрін бастан кешкен анамыз ер мінезімен, жомарттығымен ел аузында жүріп, көпке шарапаты да тиген көрінеді.

Әз Наурыз қарсаңында өңіріміздің ең үлкен тұрғыны Бижамал әженің алдына барып, ақ батасын алып қайттық.

-Жұдырықтай күнімнен Поляковкада, Сенноеда, Бұқтырманың басында белуардан қар кешіп, балшықтатып жүріп төменге өзен бойымен сал ағыздым. Одан беріде соқамен жер жыртып, балшық иледім, шөп шауып, шөмеле үйдім. Жылқы бақтым,сауыншы болдым. Әлгі «кәлсаны» салуға да бардым,-дейді Бижамал әже.

« Кәлсә» деп отырғаны Зырянға барар жолдағы Осинов асуының жолы екен. Соғыс басталғанға дейін күйеуі Сейітқамза екеуі Осинов асуының жолын салуға да қатысады. Орджоникидзе колхозынан арбамен келген бір топ жұмысшы жабылып жүріп, асудың сол кездегі алғашқы қара жолын салуға көмектеседі. Тауды қопарған соң ерлер тасты жинап әкетіп отырса, Бижамал апа өзі сияқты қыз-келіншектермен бірге тізе қоса шым топырақты шөркемен төпелеп, келі соққандай соғып, нығыздап, үстінен соққылап жүріп отырған екен.

Бижамал апа жары Сейітқамзамен Үлкен Нарын ауданының Жұлдыз ауылында бейбіт тұрмыс кешіп жатқанда тұтқиылдан соғыс басталып, ері 1941 жылы соғысқа аттанып, содан оралмай сүйегі жат жерде қалады. Жесір қалған жас келіншек одан кейін отқа да, суға да түсіп, балаларын жеткізем деп жүріп тұрмыс та құрмапты.

-Менің апамның көңілін көтеріп, сөзге тартып, әзілдеп те қоятыным да бар. Зерігіп кетпесін деймін. «Сіз менің шешем мені мықты ғып жаратқан дейсіз, сіз өзіңіз менің әйелімді неге мықты ғып жаратпадыңыз деймін», апам болса «Саған тұрмысқа шыққанда көп -көрім болатын өзің тоздырдың сен» деп сөзден сүрінбейді әлі де, -дейді күйеу баласы Алибас ата жас кезінде ата салтын сақтап, асыл енесінің айтқанын екі етіп көрмегенін айтып.

Біз әжейді көп мазаламайық дегенбіз. Бірақ төр алдындағы диванда отырған Бижамал апа дауыстай сөйлеп, қайтадан әңгімемізге араласты.

– Менің жұмысым- тек тілеулеріңді тілеу ғана! Замандастарымнан ешкім қалмады. Бәтима да кетті, Қазиза, Қадиша, Күләш, Нүрбатша да кетті. Бәріміз бірге жүріп, күні-түні жұмыс істеуші едік. Мен ғана қалдым,-деп елес боп қалған бір ғасырдың еміс-еміс естелігін айтып берген Бижамал ападан алақан жайып, бата сұрадық.

-Бісіміллә, А, Құдайым жарылқасын! Кетпес дәулет, кең пейіл берсін! Дендерің сау болып, өркендерің өссін! Көргендерің көп қызық, кигендерің ақ пен көк болсын! Қарындарың ашпасын! Замандарың осылай тұра берсін жайнап! Менің жасымды берсін! Әумин!

-Әумин, әже! Айтқаныңыз келсін!

Алибас ата мен Жамбы апа Өскеменге Бижамал апамен бірге ауылдан 1999 жылы көшіп келген екен. Содан бері КШТ ықшам ауданында тұрып жатыр.

– Апам 49 жасында кешкілік көрші ауылдағы сельсоветтен атпен Жұлдызға қайтып келе жатып жолда адасып кетіпті. Адаса қоятындай емес, күнде жүріп жүрген жолы болса керек. Сөйтсе бір көзі аяқ астынан көрмей қалыпты. Содан көзіне ота жасатты. Бірақ дәрігердің ауыр көтерме дегенін ескермей, келе сала балалардың тамағы үшін қайтадан ауыр жұмысқа шығады. Соның салдарынан көзінің қан тамыры жарылып кетіп, екі көзі де мүлде көрмей қалды. Қос жанарының жабылып қалғанына қаншама жыл өтті,-дейді қызы Жамбы апа.

Әжей өмірінде ауруханаға сол жолы ғана, көзі ауырғанда ғана бір рет жатқан екен. Глоукомадан басқа аурумен ауырып та көрмеген. Басы ауырғанда анда-санда бір ішетіні болмаса, дәрі –дәрмекті де көп ішпепті. Өзі айтқандай, ұзақ жасауының сыры – тынымсыз еңбектің арқасы. Ақ батасын беріп, ақылын айтар, бүгінгі ұрпаққа өнеге болар Бижамал әжедей аналарымыз, қазыналы қарттарымыз аман болсын!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button