Өңірдің даму қарқыны тұрақты

Осы жылдың алғашқы жартысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы өз қарқынынан жаңылған жоқ. Атап айтсақ, облыстағы өндіріс көлемі 107 пайызға артып, металл өндеу, көмір шығару, машина жасау, азық-түлік өндіру мөлшері біршама көбейді. Бұл мәліметтерді облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Улакова баяндады.
Жалпы, бірінші жартыжылдықтағы негізгі деген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда біршама өсіп отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндіру көлемі 104 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің аумағы 117 пайызға артқан.
Басқарма басшылығы ұсынған мәліметтерге сенер болсақ, ресми жұмыссыздық деңгейі облыста 4,8 пайыз шамасында қалыптасып отыр. Бұл – орташа республикалық деңгеймен пара-пар. Десек те, атқарушы билікке осы бағытта әлі де кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажет болып тұр.
Көрсеткіштерден белгілі болған бір түйткіл – балабақша мәселесі. Мысалы, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылу үлесі 3 жастан 6 жас аралығы бойынша 100 пайыз болғанмен, 1 жастан 3 жас аралығы бойынша – тек 83,6 пайыз ғана. Жалпы облыста қазіргі кезде шамамен 18 мыңдай бала балабақша кезегінде тұрған көрінеді. Кезектің басым бөлігі Өскемен мен Семей қалаларына тиесілі. Алайда, мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтылу деңгейі жөнінен облыс елімізде көш бастап келеді.
– Денсаулық сақтау саласы бойынша негізгі көрсеткіштерге тоқталар болсақ, бұл ретте де алаңдатарлық жайттар жоқ емес. Айталық, өкпе дертіне шалдыққандар саны 7 пайызға, ал бала өлімі 1,3 пайызға көбейді. Әсіресе, Ұлан, Аягөз, Шемонайха аудандары мен Риддер қаласындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Сондай-ақ, Семей шаһарында орын алған екі ана өлімі де саланың проблемаларын аңғартып тұр, – деді өз баяндамасында Сәуле Тұмашқызы.
Даму индикторларының ішінде орталықтандырылған ауызсумен қамту бағытының орындалмау қаупі де бар. Жоспар таза сумен қамтылған тұрғындар үлесін тағы 11 пайызға арттыру болған-ды, ал нақты көрсеткіш 8,9 пайыз ғана болып отыр. Бұл жайт облыс басшылығының назарынан тыс қалмады.
–Ауызсумен қамту – тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етуші көрсеткіштердің бірі. Оның орындалмауы үлкен алаңдатушылық туғызады. Сол себептен барлық аудан-қала әкімдеріне осы мәселеге жіті назар аударуды тапсырамын. Түйткілдерді мұқият тексеріп, тиісті шара қолдану керек. Бұл – Премьер-министр мен облыс әкімдігі арасында қол қойылған меморандумның бір талабы, – деп ескертті осы ретте мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев.
Жалпы алғанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші жартыжылдықтағы қорытындылары жақсы. Әсіресе, барлық саладағы өнім өндіру көлемінің тұрақты өсіп отыруы қуантарлық. Дей тұрғанмен, жекелеген көрсеткіштер бойынша жоспардың орындалмауы не болмаса аталмыш бағыттағы жұмыстардың сылбыр тартуы бірден байқалады. Тақырыпты түйіндеген облыс әкімінің бірінші орынбасары әлісз тұстар бойынша барлық ведомство жетекшілері мен аудан-қала басшыларын нақты талаптар қойып, тапсырмалар жүктеді.
Ержан Әбіш