Қоғам

Өңірдің белсенді қыз-келіншектеріне құрмет көрсетілді

Өңірдің белсенді қыз-келіншектеріне құрмет көрсетілді

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы әйелдерінің «Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі» атты облыстық форумы өтті. Кеше Өскемендегі облыстық драма театрда осы форумның шеңберінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өңірдің белсенді қыз-келіншектеріне аймақ басшысының дәстүрлі сыйлығын тапсырды. Салтанатты шараға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әсия Хайруллина қатысты.
Лауазымды қонақ кешке жиналған қыз-келіншектерге Мемлекеттік хатшы, Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауын жеткізіп, форумның жұмысына табыс тіледі.
Облыс әкімінің орынбасары Ұлт Көшбасшысы, еліміздің тұңғыш Президентіне деген құрмет отбасынан, отаналардан басталатынын жеткізді.
– Тұңғыш Президентіміздің мәртебесін көтеру сіздердің қолдарыңызда. Өйткені, еліміздің елдігін танытып, берекесін кіргізіп жүрген әйел адамдар екені даусыз. Арғы-бергі тарихымызға үңілсек, ел басқарған талай ханшайымдарымыз, дауалы сөзімен дүйім елді аузына қаратқан небір шешен аналарымыз болғанын білеміз. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен Әлия мен Мәншүк апаларымыздың ерлігі бір төбе. Әйгілі спортшы, жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова еліміздің көкбайрағын желбіретіп, әлемде Қазақстанның мерейін асырып жүр. Қоғамымызда ақжаулықтылардың алатын орны ерекше. Мемлекетіміздің іргесінің бекем болуына, денсаулық, білім беру, басқа да салаларда еліміздің өркендеуіне әпкелеріміз бен қарындастарымыз қомақты үлес қосып келеді. Мен сіздерге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ құттықтауын жолдаймын, – деді Жақсылық Омар өз сөзінде.
Өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, жас ұрпақты тәрбиелеуде, басқа да салаларда аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандылар «Мейірімді жүрек», «Ауылды дамытуға қосқан үлесі үшін», «Бала тәрбиесіндегі жетістіктері үшін», «Жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие берудегі жетістіктері үшін», «Көшбасшылығы және нәтижелі басқарғаны үшін» сияқты бес аталым бойынша марапатталды.
«Бала тәрбиесіндегі жетістіктері үшін» аталымымен «Үміт» балалар үйінің директоры, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Майра Бейсекенова марапатталды. Кітапхана қызметін республикалық деңгейге дейін көтеріп, алдыңғы қатарға қосқан білікті басшы, А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың директоры Хабиба Ақжігітова «Көшбасшылығы және нәтижелі басқарғаны үшін» жүлде алды. «Жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие берудегі жетістіктері үшін» аталымында Жарма аудандық өнер мектебінің директоры Эльмира Артамбаева мадақталды. Ұлан ауданында лимон, банан, авокада сияқты экзотикалық жемістерді жайқалтып, гүлдердің 300-ден астам түрін өсіріп отырған Людмила Земляная «Ауылды дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығына лайық деп танылды. Отыз жыл бойы ұстаздық еткен, қазір Семейде «Фарм сервис» дәріханалар жүйесін құрған Гүлбану Құсайынова «Мейірімді жүрек» номинациясында үздік деп танылды. Бұрынғы педагог төрт соғыс ардагерін, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін, төрт баласы бар, тұрмысы төмен бір отбасын толықтай қамқорлығына алып отыр.
– Мен осы істерім арқылы немере мен шөберелеріме үлгі көрсетсем деймін. Әлемді тек қайырымдылық қана сақтап қалады деп үйретемін, – дейді жүлдегер апамыз.
Кеште облыстың өнер ұжымдары әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен шараның ажарын аша түсті.

Гендерлік саясат дегеніміз әйелдің басшылыққа таласуы емес

Айтулы шараның аясында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының отырысы ұйымдастырылып, онда БҰҰ-ның тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қорының біздің аймақтағы қанатқақты жобасының қорытындылары, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі сияқты мәселелер қаралды.
БҰҰ-ның тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қорының жастардың репродуктивті денсаулығына қатысты жобасы туралы баяндаған профессор Гауһар Әбуова аталмыш проблемаға өңірде ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Жобаның аясында жоғары сынып және колледж оқушылары үшін жеткіншектердің жыныстық қатынасы туралы сауаттылықтарын арттыруға негізделген валеология курсын енгізу қолға алыныпты. Бұл бағытта 61 тренер Киевте білімдерін жетілдіріп келген. Соның нәтижесінде 120 тренинг өткізіліп, жиырмадан астам оқу мекемелерімен байланыс орнатылған. Тағы бір ұтымды тұсы, осы бағдарлама аясында ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер арасында да жыныстық қатынас мәселелері туралы семинарлар өткізіліпті. Гауһар Әбуованың айтуынша, аймақта жүзден астам осындай жеткіншектер қамтылған.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірегейі – жас өрендердің жүктілігі. Жеткіншектер арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде жас өркендердің 15 жастан бастап төсек қатынастарына түсетіні анықталып отыр. Ұлдардың 58,6 пайызы бір мезгілде екі серіктеспен кездесетіндерін айтса, қыз балалар арасында бұл көрсеткіш 7,7 пайыз. Сұралғандардың тең жартысы ешқандай сақтану амалдарын жасамайтындарын мойындаған. Соның кесірінен 2014 жылы жеткіншектер арасында 483756 жүктілік тіркелсе, оның 83709-ы жасанды түсікпен аяқталыпты.
Жасөспірімдердің моральдік-этикалық бейнелері олармен әлі де көп жұмыс істеу қажеттігін көрсетеді. Сол үшін де қордың қолдауымен Өскемен және Семей қалаларында ресурстық орталықтар ашылған. Облыста Қазақстандағы Y- PEER жастар қозғалысы жұмыс істейді. Қозғалыс белсенділері құрбыларына «ұятты тақырып» жайындағы ақпараттарды жастар сленгімен жеткізуге тырысады. Сонымен қатар жасөспірімдерге бұл тақырыпты театрландырылған көріністер арқылы да көрсетеді. «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Бейсекенова ерте жүктілік мәселесі балалар үйлері үшін де өзекті екенін ескертіп, олармен де байланыс орнатса, артық болмас еді деген ұсынысын ортаға салды.
Облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Серікбол Құдайбергенов ер адамдар бала тәрбиесіне аналармен бірге атсалысуы қажеттігіне тоқталды. 7-17 жастағы балалар арасында жүргізілген сауалнамалар олардың тең жартысының сабақ үлгерімі отбасылық кикілжіңнің салдарынан түсіп кеткенін аңғартқан.
– Баланың тұлға ретінде қалыптасуы ең алдымен асқар таудай әкенің тәрбиесіне байланысты. Көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне тек мектеп пен мұғалімдер жауапты деп қателеседі. Бала – үлкендердің іс-әрекетінің айнасы. Сондықтан да дұрыс тәрбие беру үшін ана, әке және мектеп болып, бірлесе қимылдаған дұрыс, – деген кеңес төрағасы «Нұр Орда» мектебінде жүргізіп жатқан тәжірибелерімен бөлісті.
Мектеп оқушылары өткен жылы ата-аналарымен бірлесіп Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқып, талдаса, биыл Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романын оқуға кірісіпті. Осылайша бірлесе уақыт өткізу бала мен үлкендердің бір-бірін жақсы түсінуіне, олардың арасында сенімділіктің қалыптасуына игі ықпал етеді.
Облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Раушан Мұстафина гендерлік саясатты көптеген адамдардың әйелдің басшылыққа таласуы деп қана жаңсақ түсінетінін айтады. Мысалы, гендерлік теңдік ұғымына ер адамдардың өмір жасының нәзік жандылармен салыстырғанда қысқалығы да, олардың денсаулықтарының нашарлығы да кіретінін көп адамдар біле бермейді. Елімізде гендерлік саясат мәселелеріне бағытталған стратегиялық құжат әзірленіп жатыр. Осыған орай хатшы комиссия мүшелерінен құжаттың әзірленуіне қомақты үлес қосу үшін маңызды деген ұсыныстарды түсіруді өтінді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button