Қоғам

Әрбір туындысы әкімдіктің назарындағы суретші

Әрбір туындысы әкімдіктің назарындағы суретші

Семейде оқушыларды терроризм мен экстремизмнен аулақ болуға шақыру мақсатында арнайы күнтізбелер мен сызғыштар сатылымға шығарылды. Бұл жобаның авторы семейлік жас музыкант әрі суретші – Мұхтар Сапаров.
Аталмыш жобаның авторы бастапқыда өзінің шығармашылық туындыларын жеке әлеуметтік парақшаларында жариялап жүріпті. Кейін оның қала өмірінен сыр шертетін туындыларын тамашалаушылардың қарасы көбейген соң Мұхтар ғаламдық мәселелерді қозғайтын суреттер салуды қолға алыпты. Мәселен, ол 20-шы тамыз күні интернетке теңгенің еркін айналымға түскені туралы туындысын жариялап, үлкен резонанс жасаған екен. Бұл туындысында автор «Растишка» йогуртын ішіп тұрған долларды бейнелеп, оның жанына «жәутеңдеп» қарап тұрған теңгені салыпты. Автордың айтуынша, ол осы суретті салу арқылы біздің валютамыздың қазіргі деңгейін көрсеткісі келген екен.

Әрбір туындысы әкімдіктің назарындағы суретші

Соңғы кезде Мұхтар Сапаров карикатура жанрын қолға алыпты. Мәселен, оның Семейдің орталық алаңында орнатылған жаңажылдық шыршаны алып тастауға асықпаған әкімшілік қызметкерлері туралы салынған туындысынан кейін шырша бірден алынған екен. Суретшінің айтуынша, Семейдің әкімшілік қызметкерлері оның салған әрбір туындысын қарап, тұрғындарды не мазалайтынын біліп отыратын көрінеді.

Әрбір туындысы әкімдіктің назарындағы суретші

Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаевтың айтуынша, олар антитерроризмге қарсы насихат суреттері салынған 50 күнтізбе мен сызғышқа тапсырыс беріп, оқушыларға сыйға тартыпты.
–Болашақта қала тұрғындарына экология мен эстетикалық тәрбиеге байланысты үгіт-насихаттық парақтар шығаратын боламыз, — дейді Айдар Садырбаев.
Айтпақшы, Мұхтар Сапаровтың негізгі мамандығы – музыкант. Ол әскери оркестрдің құрамында кларнет аспабында ойнайды. Мұхтардың музыкаға деген сүйіспеншілігі оның бойындағы сурет салу құштарлығын оятыпты.

Әрбір туындысы әкімдіктің назарындағы суретші

Әуесқой суретшінің осындай ерекше хоббиін бағалаған қала әкімі оған өткен жылы «Жас ерікті» номинациясын табыстапты.
Бұдан бөлек, Мұхтар Сапаров еліміздің әскери оркестрлері арасында жыл сайын өтіп тұратын республикалық байқауының медалін жасаған дизайнер екен.
Мұхтар әскери қызметтен бос уақытында қала көшелерін аралап, жаңа туындысын салу үшін тың тақырыптар іздейді екен.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button